Еркін күрес шеберлері

Еркін күрес шеберлері
ашық дереккөз
Еркін күрес шеберлері

ел чемпионатында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола иеленді

Тараз топырағында өткен еркін күрестен ел біріншілігінде жамбылдық жампоздар өңір намысын абыроймен қорғады. Айтулы додаға еліміздің 14 облысымен бір қатарда Астана және Алматы қалаларының саңлақтары қатысып, жарыс көрігін қыздырды. 8 салмақтың «сен тұр, мен атайын» спортшылары сайысқа түскен сында 1995-1997 жылы туылған жерлестеріміз қомақты табысқа қол жеткізе алды.
Атап айтсақ, 74 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қуандық Ергешов алтыннан алқа тағынды. Қарсы келген балуанды алып та, шалып та жыққан оның финалда да мерейі үстем болды. Ал 55 келі салмақта ақтық сынға алқынбай шыққан Ғалымжан Жақсымбет күміс медальды қанағат тұтса, 66 келінің серкесі Нұрдәулет Әжіқұл мен 120 келідегі алыбымыз Ерасыл Орынбасаров та тұғырдың екіншісі сатысынан көрінді.
Қарсыластарына жартылай финалда есе жіберген 50 келі салмақ дәрежесіндегі Әділ Егенов, 60 келідегі Ермек Бағдәулет, 74 келідегі Еркебұлан Тілеулер біріншіліктің қола жүлдесіне қол жеткізді. Жалпы алғанда, «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен чемпионат тартысқа толы болды.

Ұқсас жаңалықтар