«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық басталды

Туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық басталды
ашық дереккөз
Туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық басталды

Елімізде 24 ақпаннан 24 наурызға дейінгі аралықта туберкулез ауруының алдын алу және онымен күресу айлығы басталды. Туберкулез – қоршаған ортада кең тараған аса жұқпалы ауру. Қоздырғышы – сыртқы ортада тұрақтылық танытатын туберкулез таяқшасы. Ол адам ағзасына «кох таяқшасы» деп аталынатын қоздырғыш вирустың енуі арқылы пайда болады. Бұл таяқша ауада сақталады және адам организміне ауа тамшыларымен енеді. Әсіресе, қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған жас балалар үшін және әлсіз, дімкәс, ауруға жақынырақ тұратын ересек адамдар үшін бұл өте қауіпті ауру болып саналады. Себебі, мұндай адамдарға ауру ауа арқылы тез жұғады. БЦЖ вакцинасын балаға нәресте кезінде, сосын 6 жасында жасайды. Сондықтан өз тұрғылықты аймақтық емханасында ата-аналар балаларына мұндай егу түрлерін жасатып тұруды ұмытпағаны жөн. Ауруды жұқтыру көздері адам, ірі және ұсақ малдар, шошқа, мысық, ит, құстар (туберкулезбен жануарлардың 50 түрі және құстардың 66 түрі ауырады). Жұқпалы дерттің бұл түріне, көбіне, науқас адамдар, жануарлар, құстардан бөлінген сұйықтық, топырақ, су және шаң-тозаң себеп болады. Дертті қоздырушы микроб ауада жылдар бойы сақталуы мүмкін, олар үсікке де төзімді, сондықтан тамақ және шаң-тозаң арқылы да тез жұғады. Аса қауіпті фактордың бірі – науқастың қақырығы. Жөтелгенде немесе қақырық бөлген кезде туберкулез таяқшасы бар ұсақ сілекей бөлшектер ауада қалықтап жүреді. Онымен ауыратын әрбір науқас жыл бойы аталмыш дертті 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, оған шалдыққан малдың пісірілмеген сүті және одан дайындалған өнімдер арқылы да ауруға шалдығу деңгейі жоғарылауы мүмкін. Туберкулез адам ағзасының әр түрлі мүшелерін зақымдайды – өкпе, бүйрек, ішек, сүйек және буын, ми қабықшалары, бірақ, көбінесе, өкпе зақымдалады. Күн сәулесі көп түсетін жерлерде вирус әлсіздік танытады. Өкпе туберкулезіне шалдыққан адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде микробтарды ауаға тез таратады. Сау адам сол микробтарды жұту арқылы ауруды бойына тез қабылдайды. Ауруды жұқтырған адамның алғашқыда дене қызуы 37,50С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті төмендеп, үнемі жөтеле береді. Мұндай белгілерді өз бойынан байқаған адам тез арада дәрігерге көрінуге тырысу қажет. Өйтпеген жағдайда, жөтелу, түшкіру, сөйлесу арқылы микробтарды таратып, жылына 10-25-ке дейін сау адамдарға ауруды жұқтыруы мүмкін. Облыста 2014 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен науқастану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 59-ды құрады (643 науқас тіркелді), 2013 жылы – 70,6 болған (760 науқас). Республика бойынша науқастану көрсеткіші 66,5-ті құрайды. Туберкулезден өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға 4,3-ті құрады (2013 жылы – 5,4). Республика бойынша өлім көрсеткіші – 4,7. Бүгінгі таңда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 1377 науқас есепке алынған, 2013 жылы – 1417 болды. Облыста облыстық туберкулезге қарсы диспансері, облыстық туберкулезге қарсы балалар ауруханасы және Жамбыл, Жуалы, Талас және Меркі аудандарында туберкулезге қарсы диспансерлер жұмыс істейді. Байзақ, Қордай, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарындағы ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханаларында стационарлар мен диспансерлер біріккен және бір аумақта орналасқан. Сондай-ақ, Т. Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылында 80 төсек-орындық туберкулезге қарсы балалар шипажайы және Гранитогорскідегі 200 орындық мектеп-интернаты, облыстың барлық аудандарында (390 орын) және Тараз қаласында (280 орын) туберкулез ошақтарындағы балаларды сауықтыруға арналған санаторлы топтар жұмыс істейді. Облыста барлығы дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастардың 265 төсегін қосқанда, 740 стационарлық төсек бар. Сарысу ауданында науқастардың емін үзіліссіз бақылау үшін 40 төсекке арналған мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі жұмыс істейді, науқастар соттың шешімімен осы бөлімшеге ауыстырылып, емделеді. Мұнда көбінесе, туберкулезбен ауыратын науқастардың ерекше контингенті, яғни, еңбекпен түзету мекемесінен босатылғандар, нашақорлықтан және ішімдіктен зардап шегетіндер емделеді. Бүгінгі күнге дейін мәжбүрлеп емдеуге 55 науқас жіберілген. Соңғы мәліметтер бойынша, туберкулезге қарсы белсенді әдіспен 486675 адам тексеріліп (жоспардан 97,0%), соның ішінде флюорография әдісімен 417 адамнан дерт анықталған. 8 ауданда жылжымалы флюоро қондырғылары жұмыс істейді, 40552 адам туберкулезге тексерілген. Жыл сайын облыстық туберкулезге қарсы диспансері мамандарымен бірге науқастарға әлеуметтік көмек көрсету, оларды үзіліссіз емдеу үшін қалалық әкімшілік пен аудандық мәслихатқа негіздеме жасалады. Жылдан жылға туберкулезбен ауыратын науқастарға жергілікті бюджет есебінен көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемі өсуде. Облыс бойынша есепті кезеңде аталмыш дертпен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 24710,4 мың теңге бөлінген, ол 2013 жылы 16921,3 мың теңге болған. Бүгінде Тараз қаласы мен Меркі ауданында бір жолғы берілетін жәрдемақы түрінде 24 мыңнан 50 мыңға дейін бөлінетін ай сайынғы негізде жәрдемақы беру жалғасуда. Туберкулезбен күресу жұмыстарының тиімділігіне тұрғындардың да қосар үлесі зор. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі дерт белгілері жайлы жақсы білуі тиіс және оның алғашқы белгілерін өз бойынан байқаса, тез арада дәрігерге қаралуы тиіс. Туберкулездің негізгі белгілері: екі аптадан аса жөтел, кеуде қуысының ауырсынуы, әлсіздік, әсіресе түнгі тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, дене қызуының 37,50С-қа дейін көтерілуі, қан қақыру. Аталған белгілердің бәрі бірдей байқала бермеуі де мүмкін, ал осы белгілердің кейбіреуі ғана сізді мазаласа, тез арада дәрігерге қаралыңыз. Кез келген дертті емдегеннен гөрі алдын алған оңай. Алдын алу шараларын жүргізу туберкулезге шалдығу қаупін төмендетеді. Дер кезінде дәрігерге көрініп, туберкулездің алдын алуға, оның бойға дендеп енбеуіне әрекет жасамасаңыз, ауру адам ағзасын толық жаулап, өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Себебі, туберкулез қоздырғыштары аса өміршең, оларды жою оңай емес. Онымен ауырған адамға туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен емделудің арнайы толық курсынан өткен жағдайда ғана сауығуға болады. Емделу кезеңі 6 айға созылады, оның 2-3 айы міндетті түрде ауруханада өткізілуі тиіс. Егер, сіз немесе сіздің отбасы мүшелеріңіздің бірі ұзақ уақыт бойына жөтелсе, тез арада дәрігерге көрініңіз. Ерекше қауіпті және жұқпалы аурудың белгілерін байқасаңыз, уақыт өткізбеуге тырысыңыз. Заң бойынша туберкулезді емдеу – тегін. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, адамдар көп нәрсеге мән бере бермейді. Әсіресе, денсаулықтың қадірін тек ауырып, ем іздей бастағанда ғана түсіне бастайтыны жасырын емес. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!

Толқын ӨМІРБАЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі.

Ұқсас жаңалықтар