Даму бар, даңғаза жоқ

Даму бар, даңғаза жоқ
ашық дереккөз
Даму бар, даңғаза жоқ

жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың 9 айында 655,3 миллиард теңгені құраған

Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков төрағалық етті. Мәжіліс жақында болған тағайындаулармен таныстыру және марапаттау рәсімінен басталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары ел тәуелсіздігі мерекесі тұсында «Һибатулла Тарази» облыстық мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевқа табысталған «Шапағат» медалін оның омырауына тақты. 

Әуелі облыстың 2014 жылғы қаңтар мен желтоқсан айлары аралығындағы әлеуметтік және экономикалық дамуының қорытындысы қаралды. Облыстың жыл ішінде түрлі салаларда көрсеткен көрсеткіштері мен жіберген кемшіліктерін облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұрипа Нұржігітова баяндап берді. - Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі өткен жылдың тоғыз айында 655,3 миллиард теңгені құрап, 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға өсті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының құрылыс пен инвестициядан басқа барлық салаларында өсім байқалады. Өнеркәсіп саласында өсім – 5,7, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 2,6, шағын және орта кәсіпкерлік өнімдері – 1,3, пайдалануға берілген тұрғын үй – 0,5, халықтың орташа ақшалай табысы – 6,9, салықтар және басқа да міндетті төлемдер –1,6, үш жас пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту – 3,1 пайызға артқан және қызмет көрсету саласында да көрсеткіштер ұлғайған. Керісінше, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2014 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 13, құрылыс жұмыстарының көлемі 20,1 пайызға қысқарған. Құрылыс көлемі Тараз қаласы мен Сарысу ауданынан басқа барлық ауданда төмендеген. 2014 жылы өткен жылмен салыстырғанда инфляция деңгейі 107,5 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары 7,6 пайызға, өзге тауарлар 7,3 пайызға және ақылы қызметтер 7,6 пайызға қымбаттады. Туберкулезбен ауыратындар саны Жуалы ауданында, ана өлімі Жуалы, Меркі, Талас аудандарында өскен, – деді Нұрипа Нұржігітова баяндамасында.

2014 жылы объективті себептерге байланысты Жамбыл ауданында өнеркәсіп өндірісі – 48,7, Жуалы ауданында 3,4 пайызға қысқарған. Дегенмен, индустрияландыру картасы шеңберінде құны 22,8 миллиард теңгені құрайтын алты жоба іске қосылып, 994 жұмыс орны ашылған. Бұл бағытта іске қосылған кәсіпорындар 39,4 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын облыста жүзеге асыруға 2,1 миллиард теңге бөлініп, игерілген.

Өкінішке қарай, 2013 жылмен салыстырғанда инвестициялық қызмет көлемі Сарысу, Жуалы, Мойынқұм аудандарынан басқа барлық аудандар мен Тараз қаласында төмендеген. Олардың төмендеуі «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырына және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанына салынған инвестиция көлеміне және «ТalasInvestCompany» ЖШС инвестиция көлемдерінің қысқаруына байланысты екен. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы инвестиция көлемі «Қазфосфат» ЖШС филиалы – Минералды тыңайтқыштар» зауытына инвестицияның аз тартылуымен байланысты болған. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 7,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Бекболат Орынбеков баяндамадан соң кемшілік орын алып, жоспары орындалмаған бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан олқылықтардың орын алу себебін сұрады. Сондай-ақ, оларды шешудің жолын нұсқап, тығыз тапсырмалар берді. Мысалы, өткен жылы сыртқы сауда айналымы жалпы алғанда бес пайызға өскенімен, экспортталған тауар көлемі 21,4 пайызға қысқарған. Бұл мәселені басқарма басшысының орынбасары қант, алтын және минералды тыңайтқыштардың сыртқа алдыңғы жылмен салыстырғанда аз шығарылғандығымен байланысты екенін айтты. Ондағы қанттың бағасы Молдова мен Беларуссияда бізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан болғандықтан, біздің қантқа көп сұраныс болмаған. Сонымен қатар, өңделмеген бағалы тастарды шығаруға тыйым болғандықтан, алтын экспорты да біршама тұралаған. Ал минералды тыңайтқыштарға сұраныстың жоқтығынан экспорт көлемі 71,9 пайызға дейін төмендеген. Келесі кезекте Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдері де өздері басқаратын аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырды. Сонымен қатар, кейбір басқарма басшылары да орын алған олқылықтарға байланысты жауап берді. Мысалы, 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы ана мен бала өлімінің көрсеткіші 14,9 пайыздан 18,3-ке көтерілген. Бұл мәселеге облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Салтанат Омарбекова жауап берді. Мұндай іске жол берген басшылар орындарынан босатылып, мамандар да тиісті жазасын алғанын, сондай-ақ, министрліктің көшпелі алқа мәжілісі осында өтіп, бұл мәселе толықтай талқыланып, енді жол бермеу жағы жан-жақты қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, Тараз, Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларының су және кәріз жүйелерінің ахуалы да сұралды. Бұл мәселеге облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев жауап берді. Мәжіліс жұмысын қорытындылаған Бекболат Орынбеков: «Барлық салада ілгерілеушілік байқалады. Дегенмен, кері кеткен тұстарымыз да аз емес. Алдымызда да маңызды міндеттер жеткілікті. Инфляцияның алдын алу мақсатында тұрақтандыру қорының материалдық резерві ұтқыр әрі тиімді пайдаланылуы тиіс. Қысқы жылыту мәселесі де назарда болуы шарт. Ауыл шаруашылығында егілетін дәнді-дақылдар көлемін осы бастан пысықтап, жоспарын бекіту керек. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде атқарылатын жұмыстарды қолға алу да кезек күттірмейтін мәселе. Облыстық индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасы Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде халыққа кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізсін. Ана мен бала өлімінің алдын алу және олардың денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды дұрыс жолға қоюды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімін көбейту және кедейшілік көрсеткішін төмендету бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында кешенді шаралар жоспарын қабылдауды тапсырамын», – деді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар