Өміріміз өркендесін десек

Өміріміз өркендесін десек
ашық дереккөз
Өміріміз өркендесін десек

өңірдің дамуына ерекше мән берілсін

Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режімде Астана, Алматы қалалары және облыс әкімдерінің орынбасарлары – әкім жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың төрағаларымен кеңес өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова кеңеске қатысушыларға Ұлттық комиссия төрайымының екі орынбасары – Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Тарасенко мен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлейменді таныстырды. Кеңесте «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі ережелерін іске асыруға арналған биылғы жылдың негізгі бағыттары белгіленді. Г.Әбдіқалықова Ұлттық комиссия әсіресе, өңірлік дамуға барынша екпін салатынын атап өтті. Мемлекеттік хатшы кеңеске қатысушылардың назарын әйелдердің жұмыспен қамтылуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдердің кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелеріне аударды. «Еңбекке қабілетті және жұмыс істеуге мүмкіндігі бар бірде-бір әйел жұмыссыз қалмауы тиіс» , – деді ол. Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан халқының бірлігі жылында отбасын нығайту жұмысы Ұлттық комиссияның негізгі міндеттерінің біріне айналуы тиіс. Бұл жерде неке және отбасы институтын нығайтудың, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен сақтаудың айқын дәлелі болып табылатын «Мерейлі Отбасы» ұлттық конкурсы маңызды рөл атқарады. «Отбасыны нығайту – қоғамдағы тұрақтылықтың, яғни, елдегі татулық пен келісімнің кепілі» екендігі де аталып өтті. Мемлекеттік хатшы Ассамблея жылы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы аясында өтетін барлық кәсіби мерекелерді, қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды «Біздің күшіміз – бірлікте!» бірыңғай ұранымен өткізуді тапсырды. Облыс әкімдерінің орынбасарларына Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Президенттің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсету жөніндегі бастамаларын іске асыруды қамтамасыз етуді, соның ішінде нәзік жанды соғыс ардагерлерінің, майдангерлердің әйелдерінің, тылдағы еңбекші әйелдердің сіңірген еңбектерін атап өту жөнінде айтылды. Бұдан кейін Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары үйлестіретін бағыттары бойынша негізгі міндеттерін ортаға салды. Селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар