3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтті. Саммитке негізгі 9 қатысушы ел және ұйымға қосылатын Беларусьпен қатар Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түркіменстанның мемлекет және үкімет басшылары да қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстан үшін маңызды ұйым, өйткені Қазақстан негізін қалаушылардың бірі болды. ШЫҰ бұл әскери блок емес, бірақ құрамында екі ядролық держава, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі, әлемдегі ең ірі екі мемлекет – Қытай мен Үндістан, сонымен қатар БРИКС тобына кіретін елдер бар ашық ұйым. Ұйым айтарлықтай қуатты және гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуді қоса алғанда, экономикалық бастамаларды дамытып жатыр. Астана саммитінің басты айырмашылығы оның ауқымдылығында болды, себебі, оның жұмысына 16 мемлекет басшысы мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты.
«Антониу Гутерриштің келуі де іс-шараның маңыздылығын көрсетті. Осыншама көп мемлекет басшыларын жинайтын жиын жиі бола бермейді. Мұнша көшбасшылардың келуі Қазақстанға деген құрмет пен Қазақстанның тамаша дипломатиялық табысын көрсетеді», – деді саясаттанушылар.
Саммитті ұйымдастыру барысында Қазақстан шамамен 10 мың адамнан тұратын делегацияны қабылдауы керек болды. Қазақстан бұл міндетті абыроймен орындады, өйткені еліміздің ЕҚЫҰ саммиті мен әлемдік діндер көшбасшыларының жыл сайынғы съезі сияқты ірі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесі бар. Осылайша, Қазақстан дағдарыс мәселелері бойынша ауқымды іс-шаралар мен келіссөз алаңдарын ұйымдастыруға қабілеттілігін тағы бір дәлелдеді. Саммит сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы негізгі ойыншы ретінде Қазақстанға назар аударды. Ол сондай-ақ Қазақстанның белсенді сыртқы саясатын, халықаралық ұйымдарға белсенді қатысуын және Ресей, Қытай, АҚШ және ЕО сияқты жаһандық ойыншылармен қарым-қатынасты қолдайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, ШЫҰ саммитінің Қазақстанда өтуі және Беларусьтің ұйымға кіруі бұл елдердің әлемдік саяси аренадағы және аймақтық ынтымақтастық аясындағы маңыздылығы мен ықпалының артып келе жатқанын көрсетті.
СИ ЦЗИНЬПИННІҢ БЕСІНШІ САПАРЫ
Астанаға жиыннан бір күн бұрын, 3 шілдеде Қытай төрағасы мемлекеттік сапармен келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сапар аясында ол екіжақты кездесумен қатар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысты. Қазақстанға бесінші рет келіп отырған Си Цзиньпинмен шағын және кеңейтілген құрамда кездескен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Біз ортақ тарихтың, тату көршілік қатынастардың және өзара қолдаудың мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді», деді қытайлық әріптесіне ілтипат білдіріп.
Бүгінде Қытай Қазақстанның бас сауда әріптесіне айналған, Қазақстан тауарының ең ірі импорттаушысы да осы алпауыт ел. Былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 41 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартқан. Қазақстан Қытайға көбіне шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, ол жақтан киімнен бастап, электроникаға дейін мыңдаған тауар түрін алады. Оған дейін бұл тізімде көш бастап келген Ресеймен Қазақстанның екіжақты саудасы былтыр 26 миллиард доллар болған.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ақордада өткен келіссөздерді жоғары бағалап, Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанның жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді. Си Цзиньпин Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдайтынын да жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді. Кездесу аяғында қос президент бірлескен мәлімдемеге, екі тараптың өзге өкілдері мемлекетаралық және ведомствоаралық 20 құжатқа қол қойды.
ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ
Қазақстан былтырғы шілдеден бері ШЫҰ-ға төрағалық етті. Ұйым төрағалығы Астанаға осымен төртінші рет ауысып келді. Былтыр Делиде онлайн форматта өткен саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға төраға болатын бір жылдағы мақсатының бірі Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси жікті болдырмау деген және әлемдік қауымдастыққа тұрақты бейбітшіліктің өз бағдарын көрсетіп, «Әділ бейбітшілік пен үйлесім үшін әлемнің бірлігі» бастамасын ұсынатынын айтқан. ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары қатарына Беларусьті қосу жайын, терроризммен бірлесе күресудің жолдарын талқылады. Бұған қоса жиында Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі, Қазақстан ұсынған инвестиция қорын құру механизмдері талқыланды. Саммит нәтижесінде Беларусьтің ШЫҰ-ға кіруіне рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Ұйымның бас хатшысы Чжан Миннің айтуынша, бұл шешім тарихи серпіліс болды.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның осы ұйымдағы төрағалығына өзінің оң бағасын берді. Астанадағы саммитте Тоқаев ұйым төрағалығын Қытайға тапсырды. Қазақстан бір жыл бойы төрағалық еткен уақыт ішінде сан алуан сала бойынша 140-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті жаңа форматта өтті.
«Саммитте 25 құжат рәсімделді. Соның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің басшылары кеңесінің Астана декларациясы бар. Саясат, қауіпсіздік, экономика, сауда және гуманитарлық алмасулар бойынша 20-дан астам шешім шығарылды», – деді Мин арнайы брифингте.
Астанада өткен саммиттің тағы бір жетістігі – Беларусьтың ресми түрде ұйым қатарына қабылдануы. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше елдердің саны 10-ға жетті.
«Әлемдегі өзекті саяси оқиғалар бойынша ұйымның ортақ ұстанымын қалыптастыру бойынша Қазақстанның еңбегі мен шұғыл әрекетін де ерекше атап өткім келеді. Мен Палестина мен Израиль арасындағы шиеленісті және 2024 жылы ШЫҰ-ға мүше кейбір елдерде болған лаңкестік әрекеттерді айтып отырмын. Біздің ойымызша, Қазақстанның төрағалығы өте мазмұнды және қызықты болды. Астана саммиті ұйым қызметіне жаңа серпін беріп, оның тарихында маңызды меже болып қалады», – деп атап көрсетті Мин.
КЕЗДЕСУЛЕР, ҚАБЫЛДАУЛАР, КЕЛІССӨЗДЕР...
Президент Қасым - Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің сапары Қазақстан мен БҰҰ арасындағы жан - жақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Антониу Гутерриш өзінің сапарын БҰҰ-ның Қазақстанға және оның ШЫҰ төрағалығына көрсеткен қолдауы мен тілеулестігінің көрінісі ретінде қарастыратынын мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалады.
Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Астанадағы «ШЫҰ+» кездесуіне қатысып, Ресей, Қытай және Беларусь басшыларымен келіссөздер жүргізді. Режеп Тайып Ердоған Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше болу перспективасына түсініктеме берді. Түркияның ШЫҰ-ға мүше болатынын жоққа шығармады. Бірақ оған уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтты. Ол Астанадан қайтар жолда ұшақта журналистерге өз ойын айтты. Түрік президентінің айтуынша, Анкара Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы елдермен қарым-қатынасты одан әрі дамытқысы келеді.
«Олардың бізді диалог серіктесі ретінде емес, ұйым серіктесі ретінде қосқанын қалаймыз. Иран ақыры ШЫҰ-ға қосылды. Сонымен қатар, Пәкістан да кірді. Түркия бұл елдердің қатарында бола алмайды деп айтуға келмейді, оған біраз уақыт қажет болуы мүмкін», – деді Ердоған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне арнайы қатысқаны және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен де кездесу өткізді. Қазақстан Президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып, жаңа мазмұнмен жоспарлы түрде толығып келе жатқан жан-жақты ынтымақтастықтың динамикасын жоғары бағалады. Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан Президенті Қатар мемлекетінің Әмірімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысуға арнайы келгені және Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қатарды Қазақстанның ең жақын серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі елдің мақсаттары ортақ және тілеулес екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ШЫҰ саммитіне қатысуға келгені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Ресейдің «шанхай рухын» нығайту ісіне және Ұйымға мүше елдермен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Қазақстанға былтыр қараша айында жасаған тарихи сапарынан кейін екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті. Қазақстан Президенті «ШЫҰ +» форматындағы отырыстың табысты өтуіне конструктивті үлес қосқаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – еліміздің Азиядағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Бізді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстырады. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, тауар айналымын ұлғайту, көлік-транзит әлеуетін арттыру перспективалары талқыланды. Президенттің айтуынша, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін екі ел үкіметтері сауда-экономикалық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздегені жөн.
Қазақстан Президенті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесу өткізіп, Гурбангулы Бердімұхамедовке түрікмен халқының көшбасшысы ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
6 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан республикасының Шуша қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысып қайтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде, ең алдымен, саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды. Сонымен қатар Президент қазір дүниежүзінде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанына, соның салдарынан мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыр бере бастағанына назар аударды. Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі нығайту қажет екенін айтып, Ұйымның алдағы жұмысы және оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды.
ТЕЛЕФОНМЕН ТІЛДЕСІП, ЖЕДЕЛХАТ ЖОЛДАДЫ
Өткен айда ел Президенті бірқатар мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы тілдесіп, енді бірқатарына жеделхаттар жолдады. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің басында Қырғызстанның Ош облысы, Нооқат ауданында сел жүру салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдап, Қазақстан халқының және жеке өз атынан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтты. Ал, Үндістан Премьер-министріне жолдаған көңіл айту жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаев Уттар-Прадеш штатының Хатрас қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты Нарендра Модиге көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Ұлыбританияның жаңадан тағайындалған Премьер-министріне құттықтау жеделхатын жолдап, Кир Стармерді Лейбористер партиясының жалпы сайлаудағы айқын жеңісімен және оның Біріккен Корольдіктің Премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкианға құттықтау жеделхатын жолдап, Иран халқының игілігі мен кемел келешегі жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы Руанда президентіне де құттықтау жеделхатын жолдап, Поль Кагамені Руанда президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
21 шілдеде Бельгияның Ұлттық күніне орай Король Филиппке құттықтау жеделхатын жолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгияны берік достық пен өзара құрметке негізделген тығыз серіктестік қарым-қатынас байланыстыратынын ерекше атап өтті. Ал, Мысыр президентіне жолдаған құттықтау жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Әбдел Фаттах Ас-Сиси мен мысырлықтарды осы елдің ұлттық мейрамы – Революция күнімен құттықтап, бауырлас халыққа құт-береке тіледі.
22 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президентімен телефон арқылы сөйлесіп, Иран Ислам республикасының жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкианды жеңісімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Әңгімелесу барысында екі ел басшылары қазақ-иран қатынастарын одан әрі нығайтуға өзара ниетті екенін растады. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Өзбекстан президентімен телефон арқылы сөйлесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтауды да ұмытпай, Өзбекстан халқының игілігі жолындағы жауапты қызметіне табыс тіледі. Ал, 12 шілдеде Мемлекет басшысы БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен ШЫҰ саммитіне Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілді делегациясының қатысқаны үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміз БАӘ-мен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Кездесуде бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген сауда-экономика және инвестиция салаларындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Қорыта айтқанда, өткен шілде айы әлемдегі түрлі саяси ареналарда батыл бастамалар көтеріп, көптеген маңызды форум, жиындардың өтуіне мұрындық болып жүрген еліміздің саяси аренадағы беделін тағы да бір паш еткен жемісті, тарихта айшықты әріптермен жазылып қалған айрықша ай болды. Ендеше, табалдырықтан аттаған тамыз айында да Қазақстан өзінің сыртқы саясатын салиқалы жүргізіп, тәуелсіз елдің табанды екенін әлем алдында мойындата береді деп сенеміз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді