«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Эпизоотикалық жағдай мамандар бақылауында

Эпизоотикалық жағдай мамандар бақылауында
Ашық дереккөз
Алдағы жаз айларында аймақтарда жануарлардан жұғатын аурулар қатары артары анық. Сондықтан, жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды кешенді жүзеге асыру маңызды. Бұл бағытта облыстық ветеринария қызметінің Жамбыл аудандық бөлімі аймақтағы эпизоотиялық жағдайды өз бақылауына алған. Сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бөлім басшысы Төрехан Қойлыбаев БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.

Аудандық ветеринария бөлімінің негізгі міндеті аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде аудан аумағында 17 ауылдық округте 42 елді мекен орналасқан. Бөлім басшысының сөзінше, мұнда мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес орындалуда.

– Жыл басынан бері жоспар бойынша сарып ауруын анықтау мақсатында 151 210 ауыл шаруашылығы жануарынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ, ауданда «iKomek109» диспетчерлік орталығынан және ауылдық округ әкімшіліктерінен келіп түскен өтініштерге сәйкес, жыл баснан бері 817 бас жабайы қаңғыбас ит-мысықтар ауланды. Осы мақсатта Аса ауылы аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп-ұстауға арналған орынның құрылысы аяқталып, жұмыс жүргізілуде, – деді Төрехан Сарықпайұлы.

Сонымен қатар, аймақта ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік жобалар қолға алынған. Мәселен, ауданда «Ауыл аманаты» жобасына енген елді мекендерде мүйізді ірі қара төлдерін асылдандыру мақсатында қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүзеге асқан.

– Ауданда «Ауыл аманаты» жобасына енген Қаракемер және Өрнек ауылдық округтерінің мүйізді ірі қара малдарын асылдандыру мақсатында, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен өткен жылы 279 бас мүйізді ірі қара малына «Симментал» тұқымдарының ұрықтары алынып, жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде биыл жыл басынан бері Өрнек ауылдық округінен 115 төл, Қаракемерде 17 төл алынды, – деді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Т. Қойлыбаев.

Бұдан бөлек, бөлім басшысы ауданда эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстау мақсатында 17 ветеринариялық пункттің сала мамандары тиісті жұмыс атқарып жатқандығын жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар