Азаматтық міндет пен перзенттік парызға адалдық

Азаматтық міндет пен перзенттік парызға адалдық
Ашық дереккөз
Ел аузында ұлт ұстазы атанып кеткен ақын, әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» деген екен. Ал ана тілге деген айнымас адалдық туралы айтпаған қаламгер де, қайраткер де жоқ шығар. Мемлекеттік тілге деген құрмет – сол республиканы мекендеуші әрбір азаматқа міндет. Көпшілік баратын қоғамдық орындардағы ел назарына ұсынылатын көрнекі жазбалар, ақпараттар әуелі мемлекеттік тілде, содан соң басқа тілдерде берілуі керектігі Конституциямызда да бекітілген.

Еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деп айқын көрсетілген. Бірақ бәрімізге белгілі, көптеген сауда нысандарындағы баға көрсеткіштері, дәмханалардағы ас мәзірлері ресми тілде беріледі. Осындай олқылыққа жол бермеу үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасы жылда «Қазақша сөйле!», «Мемлекеттік тіл қоғамдық көлікте» және басқа да тақырыптармен акциялар ұйымдастырып тұрады. Тілді қолдауға негізделген көптеген іс-шараларға өзіміз де куә болып жүрміз. Ал әлгіндей кәсіпкерлік нысандарға тауарлардың, тағамдар мен сусындардың атауын қазақшаға аударуға басқарманың тіл мамандары тегін көмек көрсетіп те жүр. Біз аталған басқарманың тіл тазалығы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы акцияларына қатысып, дүкендер мен дәмханаларды аралағанда, өте сорақы аудармаларды да кездестірген болатынбыз. Тіпті ондайларды газет бетіне жариялап, кәсіпкерлік иелеріне аударманың жай-жапсарын түсіндірген де болатынбыз. Ал бүгінгі мақаламызда мемлекеттік тілге селқос қарап, аударманы өрескел қатемен жазып, заң алдындағы азаматтық міндетін орындамай жүрген кәсіпкерлерге үлгі ретінде өңіріміздегі тілге жанашыр іскерлерді көрсетсек дейміз.

Тараз қаласында ас мәзірін мемлекеттік тілде жазып, ішкі көрнекіліктерін де ұлттық нақышта безендірген санаулы ғана дәмханалар бар. Солардың бірі – «BauyrdaQ» ұлттық рестораны. Ондағы ас мәзірі алдымен мемлекеттік тілде жазылғанымен қоса қазіргі жастар жиі тұтынатын фаст-фут тағамдарын қазақыландырып, жаңа түрін шығарып, ұсынатыны қуантады.

«BauyrdaQ» тағамдар желісінің негізін қалаушы ресторатор Ақтілек Азатбекұлы барлық мейрамханаларда еуропа, түрік, өзбек, ұйғыр және басқа да халықтардың ұлттық асханалары кеңінен тарағанымен, қазақтың тағамдары бешбармақ пен қуырдақтан ары аспайтынын ескеріпті. Осы оймен ол бауырсақтың ішіне қуырдақ салып, қазақы фаст-футты шығарған. Ал дәмханадан қазақы фас-футпен қоса еттің, сорпаның, салаттардың түрлі тәсілмен әзірленіп, қазақылықты сақтайтын алуан түрі бар. Нан өнімдерімен қоса шайдың өзін сүт, тары, бал қосу арқылы түрлі тәсілдермен демдеп, әрқайсысына қазақша әдемі атау берген. Бұл мейрамханада ас мәзірі ғана емес, ішкі-сыртқы жазбалар да мемлекеттік тілде жазылғаны тілге деген жанашырлықты, мемлекетке деген құрметті, заң алдындағы міндетке адалдықты байқатады.

Сол секілді Тараздағы тағы бір мемлекеттік тілге деген құрметті көрсетіп, халыққа қызмет етіп отырған «Шербет» шайханасы. Мұндағы бір ерекшелік – шайхананың кіреберісіне қонақтар естелік суретке түсу үшін сәнді жабдықталған бұрышта қазақ ұлттық киімдері қойылған. Шайхана басшысы Мәдина Сауранова:

– Біздің әулетіміз «Өз тілімізді құрметтесек, өзіміз де құрметті боламыз» деген ұстанымды ұстанады. Ата-анамыздан бізге берілген тәрбие осы, сол тәлімді қазір балаларымызға да сіңіріп отырмыз. Осы ұстанымымызды кәсібімізде де қолданып, барша жұртшылыққа, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ана тілге деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік тілді қадір тұтуды дәріптесек деген ниетпен ас мәзірімізді алдымен қазақ тілінде жаздық. «Шербетті» қазақ шайханасы деп ашып, қазақы нақышта композициялағандықтан келушілердің назарына ұсынылған көрнекі жазбаларды да қазақ тілінде жаздық. Сонымен қатар «Дана-Дел» компаниясы бізге демеушілікпен өздері тіккен ұлттық киімдерді сыйлады. Күнделікті киіле бермейтін ұлттық киімдеріміздің сәнді екенін және тек Наурыз мейрамында емес барлық кезде тұтынылса деген мақсатпен оны насихаттау үшін шайханамыздың суретке түсу бұрышына іліп қойдық. Шайханамызға келген меймандар сол киімдерді киіп, естелік фотоға түсіп жатады, мұны көріп, бастапқыдағы көздеген мақсатымызға жеткенімізге қуанамыз, – дейді кәсіпкер Мәдина Есімханқызы.

Ана тіліне адал, заң алдындағы міндетіне жауапкершілікпен қарайтын осындай кәсіпкерлеріміздің ұстанымын басқалар да ескерсе деген ниеттеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар