«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қарагөздің көз жасы

Қарагөздің көз жасы
ашық дереккөз
Қарагөздің көз жасы
Замана шындығын шебер суреттеген «Қарагөз» трагедиясын сахналамаған қазақ театры кем де кем. Алайда, ақсүйек өнердің құдіреті сонда – әр кезеңнің қилы сәттері мен мәселелеріне қайта мән беріп, режиссер идеясы аясында шығарманы көрерменге жаңаша форматта ұсынып отырады. Жұмат Шанин атындағы Шымкент академиялық қазақ драма театрының ұжымы да бұл міндетті абыроймен атқарып шықты. Тараз қаласына үш күндік гастрольдік сапарын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасымен бастаған шымкенттік театр ұжымы алғашқы күннен-ақ жергілікті көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өйткені, «Қарагөз» трагедиясы әйел затының әлеуметтік теңсіздігі үстемдік құрған феодализм дәуірі мен постмодернистік қазақ қоғамын үнсіз байланыстырып тұр еді... Қойылым дәстүр мен махаббат дилеммасын негізге ала отырып, қазақ шығармаларына тән классикалық үлгіде өрбиді. Яғни, мұнда халқымыздың мәңгілік мәселелері бүгінгі қазақ көрерменінің қарауына қайта ұсынылып, ұлтымыздың өткені мен бүгінін жалғаған құндылықтарды кезекті рет таразылайды. Туындыда дәстүріміздің айнымас бөлшегі болған қалыңмал беру, ұзату сынды салт-жоралғылары мен жеті ата ұғымдары символикалық мәнге ие болған. Әсіресе, туындының мәнін ашқан «ала жіп» ұғымы еді. Бұл ретте қоюшы режиссер Бекболат Құрманғожаев дәстүрдің озығы мен тозығын осы бір кішкене детальдің маңайына шебер жиыстыра білген. Мәселен, қойылымдағы Қарагөз бен Сырым бір атадан тараған, арғы бабасы Өсердің алтыншы ұрпағы. Олардың бір-біріне деген ынтызар сезімі мен ыстық махаббатына тұсау болып тұрған да осы сахна үстінде айнала керілген ала арқан. Жалпы, қазақ дүниетанымында ала жіп пәлсапалық тұрғыда кең мағынаға ие. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз киіз үйдің есігіне құлып салмай, оның орнына ала жіп байлап алты айлық жолға да жүріп кете берген. Ал, ала жіп керілген босағадан аттаған қара пиғылды жан болса оны өмір лағнет атады деп сенген. Осылайша, дала кемеңгерлері ұрлық-қарлықтан, оң босағада отырған бұрымдыға ұрын келуден сақтанған. Ал, қойылымда ғашық ғаріптер ала арқан бойын айнала кезіп, тіпті кейде оны құшақтай ұстап тербеліп, өздерінің ұлттық діңгегінен ажырап кете алмасын танытады. Яғни, жеті атадан аспаған ағайыннан қыз алысып-қыз берісудің ұлт санасына сыя қоймайтын құбылыс екендігін байқатады. Тек бұл түсінік тентек Сырымның ала арқаннан қымсынбай аттап кеткенінде тас-талқан болған еді... «Қыз ағасы Сырымның бұлай тәуекел етуіне не түрткі болды екен?» дерсіз еріксіз осы тұста. Шығармада бұған сері Сырымның: «Қарагөздің жолында дүниенің байлығын берер ем. Қызын сатып жиған Өсердің мал-мүлкінің қандай құны бар?» деген бұлқыныс- тебіренісі, ішкі ашу-ызасы арқылы жауап берілген. Өз кезегінде М.Әуезов те өткен ғасырдың ащы шындығын кейіпкерінің бір мысқал монологына сыйдыра салған. Мұнда Өсер есімінің де текке таңдалмағанын аңғаруға болады. Жеті атадан аспаған кішігірім ғана ауыл болса да, Қарауыл маңайын мекендеген көп рудың ішінде бәсі басым, шоқтығы биік отыруы да осы ескі салттың арқасында ғой. Автор да осы арқылы қызын қаражат көзіне айналдырған қараңғы қоғамды өткір сынап, оның да бір күні өсетіндігінен үміт етеді. Ал, ата-бабасының «алты атадан ары өспей қалғаны» үшін арланған Сырым мұның бәрі сол Қарауылдан ықтиярсыз қанат қаққан қаракөздердің көз жасынан деп сенеді. Сенеді де, Өсер жолымен жүргендердің, керісінше, бір күні өшетіндігін айтып, оқырманға батыл түрде батпан ой тастайды. Бұл көзі қарақты көрерменге сахна үстінде айнала керілген ала арқанның қара бөлігі іспетті әсер етті де. Күн мен түннің алмасатындығындай, жақсылыққа жамандықтың, ізгілікке зұлымдықтың үнемі қосақталып жүретіні белгілі. Спектакльде осы бір компонетті құбылыстың бір бөлшегін қазақтың дойыр қамшысы атқарады. Яғни, сахнада Қаракөздің еріксіз жары атанған Нарша мен оның жақтасы үнемі қамшысын қолына қыса ұстап қысастық мінез танытады да жүреді. Дегенмен, әділетсіздіктен қыз жүрегіндегі қатқан мұзды тек асыл сезім мен шынайы махаббат, ізгілік нұры ғана ерітетіні анық. Тек дойыр қамшы Сырымның серігі Дулаттың қолына түскенде ғана бәрі өз орнына келгендей болады. Есінен алжасып, құсалық пен күйініштен жындыға айналған Қарагөздің ән сұраған өтінішіне қайырыла алмаған Сырымды да қайраған осы қамшының соққысы еді. Осылайша, әуелеген әннің әуезінен ес жиған Қарагөз Сырымға қосыла алмастан оның құшағында жан тапсырды. Осы арқылы автор да, режиссер де ұлттық танымның қаймағын бұзбастан, кей кертартпа түсінікті айшықты көрсете білді. Спектакльдің сәтті шығуында актерлік құрам мен олардың сахналық киімдері де маңызды рөл атқарады. Осы тұста шымкенттік театрдың қоюшы суретшісі Қалтөре Жұмақұловтың елеулі еңбегін атап өтуге болады. Бұл жағынан қай кейіпкердің болсын киім үлгісі қазақы тіршілікті анық дарытып, қойылымды байытып тұрды. Мәселен, абыз ана Мөржанның кимешегінің биіктігі оның қаншалық абырой иесі екенін білдірсе, Қаракөздің сәукелесі мен Ақбала жеңгейдің орамал үстіне киілген бөркі қазақ қоғамындағы әйелдің әрқандай статусынан хабардар еткен еді. Тұтасымен бір дәуірдің мәселесін қамтыған шығарма ойлы көрерменге қазақ қызының әлеуметтік рөлі жөніндегі түсінік-танымды замана ағымына сай қарастыру қажеттігін баса меңзейді. Сол арқылы Қарагөздің көз жасы өткен ғасырдағы барша қазақ қызының мұңы екендігін көрсеткен трагедия адамның жан дүниесіне терең үңіліп, бүгінгі күннің аса өзекті өзге де күрделі сауалдарын алға тартады. Жалпы, жарық көргеннен бастап талай мәрте көрермен көзайымына ие болып, талай сынның астында қалған «Қарагөз» спектаклі жамбылдықтардың ыстық ықыласына ие болды. Үш күнге жоспарланған гастрольдік сапары аясында Жұмат Шанин атындағы Шымкент академиялық қазақ драма театры «Қарагөз» трагедиясынан бөлек, «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясы мен «Дариға жүрек» драмасын сахналауды жоспарлаған.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар