Тынымсыз тірлік тасада қалмайды
Елімізде кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан қолдауды пайдаланып, тірлігін тіктеп отырғандар аз емес. Сол арқылы олар өздерін жұмыспен қамтумен қатар, ауылдастарына да жұмыс орнын ашып беріп отыр. Оған қоса, мемлекетке салық түсірумен ел экономикасын ілгерілетуге үлес қосуда. Міне, осындай кәсіпкер ерлі-зайыптылар Қайрат Бисанбаев пен Дина Уразметова – отбасылық бизнесті өркендетушілердің бірі. Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының тұрғындары Қайрат Ибадуллаұлы «Шебер» жеке кәсіпкерлігінің иесі болса, жұбайы Дина Жиянбайқызы «Шыңғыс» шаруа қожалығының жетекшісі.
– Жеке кәсіпкерліктеріміз күйеуім екеуміздің атымызда бөлек тіркелгенімен, жұмыстарын бірге атқарамыз. Мысалы, күйеуім өзге аймаққа жұмыстарымен кеткенде мал шаруашылығын мен жүргізе беремін, ал ол үйде болғанда маған тігін жұмыстарына көмектеседі. Біз шеберханамызда негізінен қыз жасауы, күнделікті үйде қолданылатын көрпе- төсектер тігеміз. Сол көрпелердің бетіне салынатын ою-өрнектерді киіз материалдан күйеуім қиып, дайындап береді. Тігін ісі – қол күшін өте көп қажет ететін жұмыс. Сыртта жұмыста, оқуда жүрген ұл-қыздарым келгендерінде олар да көмектеседі. Жолдасым екеуміз көтерген шаңырағымызда екі ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиеледік. Қазір үйде ең кенжеміз ғана бар. Үлкендері есейіп, арман қуып, жан-жаққа кетті. Осы үйдегі кенжеміз Шыңғыс көп ісімізге қолқанат болып отыр. Мемлекеттің қолдауымен алған жеңілдетілген несиеге, қайтарымсыз грантқа сатып алған станоктар компьютер арқылы басқарылады, оларды ұлым Шыңғыс жүргізіп отырады. Міне, біздің отбасымызда «Әйелдің жұмысы, ердің ісі» деп бөліп-жару жоқ, ортақ іске бәріміз бірге жұмыламыз, – дейді шебер Дина.
Бүгінде кәсіпкер екі ауылдас келіншекті де жұмыс пен қамтамасыз етіп отыр. Әзірге шеберханасы үйінің ішінде болғандықтан, екі жұмысшыны тек үлкен тапсырыстар түсіп, жұмыс көбейгенде ғана шақырады екен. Оларға тапсырысқа қарай жалақылары күнделікті беріле отырып, айына 100 000-120 000 теңге мөлшерінде төленеді. Кәсіпкер ауласынан үлкен тігін цехын салып жатыр. Құрылысы аяқталып, цех толықтай іске қосылғанда, он шақты ауылдасын тұрақты жұмысқа алуға дайын.
– Кәсіпкерлігімізді алғаш мал бордақылаумен бастадық. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 6 миллион 300 мың теңге жеңілдетілген несие алып, сиыр мен қойдың басын көбейттік. Малды бордақылаймыз әрі сүт бағытында да пайдаланамыз. Негізінде біз мал бағу арқылы тігіншілік ісімізге алған несиені төлеп отырмыз. Себебі, тігіншілік үшін қажетті құрылғыларды, машиналарды несиеге алдық. Бастапқыда мен киім-кешек тігу немесе қиып жөндеу, түзеп тігу (реставрация) секілді істермен үйден тапсырыс алып, айналысатынмын. Бұл өнер маған әкемнен дарыған деп ойлаймын. Ол кісі темірден түйін түйген шебер еді. Нағашыларым жағында да тігіншілікке бейімділік бар. Бойдағы бар қабілетті кәсіп ете жүріп, кейін көрпе тігуге көштім. Себебі, соған тапсырыстар көп келе бастады. Бұрын ешқандай тігін машинам болмағанда енемнің ескі машинасымен тігіп, қолмен бүріп, кестелейтінмін. Ол кезде көп тапсырыс алып, тігуге мүмкіндік болмады. Енемнің көзі тірісінде Алматыға барып, тігіншілік бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, бұрыннан білетінімді кәсіби деңгейде дамытып келдім. Кейін күйеуім туған күніме тігін машинасын сыйлады. Сол кәсіпкерлігімнің бастауы болды. Бәрін қолмен тігетіндіктен, мақтаны ішкі бөзімен қаптап, көрпеге салып, көктеп тігуді екі қызым атқаратын. Ол қол күшін және көп уақытты талап етеді. Ауылымыздың әкімшілігіндегі азаматтарға үлкен рақмет айтамын, олар әрбір мемлекеттік бағдарламаларды бізге айтып, қатысу жолдарын түсіндіріп, жеңілдетілген несие алдым. Міне, сол қаржыларға тағы бірнеше тігін машиналарын және көрпенің көктеуін түрлі өрнектермен тігетін станок алдым. Қазір жұмысым көп жеңілдеді. Әйткенмен, үй тарлық етіп жатыр. Енді бұйыртса, үйіміздің ауласынан салып бастаған цехымыздың құрылысы аяқталса, тағы бір кестелеу станогын алсам деп жоспарлап отырмын. Сол кезде он ауылдасымды жұмысқа алатын мүмкіндік те туар еді, – деген Дина Жиянбайқызы тігіншілікті үйренуге ниетті ауылдас қыз- келіншектерге болашақта тегін шеберлік сағаттарын өткізіп, білгенімен бөліссем деген ойын да айтты. Қазіргі уақытта бар білгенін үйреткен жалғыз шәкірті – абысыны Гүлнар. Тіпті, кейде өзіне түскен тапсырыстардың ішінде бір адам атқаруға болатын жеңілдеуін сол абысынына беріп, оның да жеке іспен айналысуына септігін тигізіп жүр.
Бірлесіп еңбектенгеннің нәтиже сінде табысқа жетіп отырғандарын айтқан іскер жұбайлардың алдағы күнге көздеген жоспарлары баршылық. Әзірге ерлі-зайыптылардың меншігінде өз жерлері жоқ, бірақ қожалықтарындағы малдың жем-шөбін өздері дайындап алады. Балаларын да кішкене күндерінен бастап еңбекке баулып, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндірген олар «Тынымсыз тірлік ету тақырда қалдырмайды» деп біледі.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді