«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы Тараздан бастау алды

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы Тараздан бастау алды
ашық дереккөз
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы Тараздан бастау алды
Екі мың жылдан астам тарихында мәуелі «мәңгі жасыл шаһар» атанған Тараз қаласында жасыл желекке жан бітірер акция басталып, аудандарда жалғасын тапты. Өскелең ұрпаққа игілігі мол іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйі маңындағы саябаққа ағаш отырғызды. Ізгі іске аймақтағы атқамінер азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен жастар да белсене атсалысты. Айта кетсек, табиғатты қорғау мақсатындағы тағылымы мол экологиялық іс-шара бес апта бойы жалғасатын болады. Ондағы әр аптаның өзіндік мән-мазмұны да бар. Мәселен, сәуірдің он үшіне дейінгі апта «Таза өлке», одан кейін «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынса, «Жасыл аймақ» апталығында көшеттер отырғызылып, «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлер мен қарттар үйі аумақтары тазаланбақ. Ал, соңғы бесінші «Мөлдір бұлақ» апталығында өңірдегі өзен-бұлақтар мен арық-атыз, каналдар тазаланады деп жоспарланып отыр. Игі іс-шараның алғашқы күнін аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы, қоғам белсенділері мен қайраткерлері, спорт майталмандары, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері, жергілікті тұрғындар аулаларды тазалап, тал-дарақ отырғызудан бастап кетті. – Бүгінде қасиетті Әулиеата өңірімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталып отыр. Оның бастапқы мақсаты – өлкелерімізді, аудандарымызды, Тараз қаласын тазартып, «Әулиеата – жасыл өлке» деген бағамызды сақтап, ауылдарымызды абаттандырып, ажарын арттырып, ел болып бірігіп, тазалық жолында жұмылу. Сол себептен барлық жамбылдықтарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбіріміз ел болып атсалысамыз деген сенімдемін. Ораза айт қабыл болсын,– деген Ербол Шырақпайұлы көшелерді тазалау, жолдарды жөндеу жұмыстары да жоспарлы түрде атқарылып келе жатқанын атап өтті. Науқандық іс-шараға өңірден шыққан өнер иелері, спорт саңлақтары, ел мақтаныштары да атсалысып, жастарды қоршаған ортаны қорғауға шақырды. – «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Өзге өңірлерде немесе шетелде жүргенде туған өлкемізді үнемі еске алып, табиғатын іштей салыстырып, сағынып жүреміз. Шынымен, дәл біздің туған өлкеміз секілді сұлу өлке еш жерде жоқ. Оған ұқсайтын жерді де таба алмайсың. Сондықтан, осы бар қазынамызды бағалай білейік. Егілген ағаш ел ұрпағына қызмет ете берсін. Табиғаты қолайлы ортада өмір сапасы артады, себебі, тазалық – денсаулықтың басты кепілі. Сондықтан, облыс басшысы бастаған игі шараға жастарымыз да атсалысады деген сенімдемін. Туған өлкеміз гүлдене берсін,– деді Афины Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, әйгілі боксшы Бақтияр Артаев. Науқанның алғашқы аптасында 27 мыңға жуық адам қатысып, 683 кәсіпорын мен ұйымдар да атсалысады деп жоспарланып отыр. Іс-шараға жалпы 296 бірлік техника жұмылдырылып, 1369 көше мен аула, саябақтар мен демалыс орындарын тазалау, 700 тоннаға жуық күл-қоқыстар шығарылу көзделген. Игі бастама аясында қайырымдылық жəне мəдени іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар