Табиғаты бөлек терме

Табиғаты бөлек терме
ашық дереккөз
Табиғаты бөлек терме
Өмірде өлмейтін әндер көп. Әлі күнге дейін тыңдаушыларын тебірентіп жүрген термелер де баршылық. 1980 жылдардағы қиын-қыстау кезеңдер кім-кімге де оңай тимеді. Сол кездегі елдің ауыр тағдыры жас балаларды да тез есейтті. Заманға деген мұңды толғанысын жыр, терме арқылы білдірген ақын, сазгерлердің бірі –Түймебай Өмірзақ. Оның «Ана өсиеті» термесі талай адамның жүрегіне жетіп, жанарына жас үйірді. Өз ұлына өсиет айтқан ананың аманаты, өлер алдындағы оның соңғы сөзі көкірегіңді қарс айырады. Қатерлі ауруға шалдыққан анасының ажалмен арпалысқан сәтіндегі ақылын көкейіне тоқыған автор сол кезде небәрі 14 жаста екен. Түймебайдың бала кезінде басынан өткен трагедиясы терме болып дүниеге келді. «Қысылып шыққан қаңтардан, Бүршіксіз шыбық талдайсың. Он төртке жаңа толсаң да, Жан ботам, маған нардайсың», деген терменің сөздерінде соңғы демі қалған Алтынкүл Алдабергенқызы ботадай ұлын нарға балап, оған үлкен өсиет қалдырады. Сазгердің айтуынша, бұл кезде анасы бар-жоғы 47 жаста екен. – Анам Алтынкүл алты ай бойы төсек тартып жатты. Айықпайтын дертпен арпалысып жатса да, болашағымызға алаңдап, жиі ақыл айтатын. Шақшам руынан тараған алты атаның ұрпағымыз, Қанай деген елміз. Анамның «Алдымен ағайынмен тату бол, біреудің ала жібін аттама, адал еңбек ет, бауырларыңа қамқорлық жаса, үлкеннің тілін ал, әкеңді құрметте» деген сөздері жүрегімде мәңгі қалды. Бұл кезде мен домбыра тартып, ән шығаруға әуестеніп жүргенмін. Анашым өмірден өткен соң, оның өсиетін өлеңге айналдырып, әуен шығардым. Өмірден анамыз өткенімен, артында өлмейтін өсиеті қалды. Алла берген өнерімнің арқасында «Ана өсиеті» деген терме өмірге келді, – дейді Түймебай Кемелбекұлы. «Ана өсиеті» термесін алғаш автордың шәкірті Оңал Азаматова орындаған. Өзі де өңірлерді аралап жүрген кезінде көп әншінің айтуына рұқсат еткен. Бір жолы Жуалыға барған сәтінде термеші Елікбай Исаевпен жолығады. Қоңыр дауысты жуалылық әншіге жыр- толғау қатты ұнапты. Елікбайдай орындаушысымен бірге терме халыққа кеңінен таралады. 2000 жылдары көпшілік, тіпті оның авторы Елікбай Исаев деп ойлайды. Расында, бұл терменің тарихы мен авторы Меркі жерінде екенін көпшілік біле бермейді. Бүгінде Түймебай Өмірзақ Алматы шаһарында тұрады.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар