Көне шаһардағы құндылық

Көне шаһардағы құндылық
ашық дереккөз
Көне шаһардағы құндылық
Өңіріміздің бүгінге дейін дамып, өркендеуіне өткен тарихымыздың үлесі зор. Сол тарихта ғылым мен білімнің жетілуіне өлшеусіз пайдасын тигізген тұлғалар да жетерлік. Түрлі салада күш- жігерін сарп еткен небір академик, ғалымдардың еңбегін жастардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Көне шаһарымызда сол өткен тарихымыздан сыр шертетін музейлер бар. Солардың ішінде жеке тұлғаға арналған ішкі туристік нысанның бірі – академик-ғалым Константин Скрябиннің музей үйі. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағындағы көне нысан кезінде сол ғалымның үйі болған. 1907-1911 жылдары облысымыздағы ветеринария саласының дамуына үлкен үлес қосқан мал дәрігері осы үйде тұрып ғылыми еңбектер жазған. Академик 1878 жылы Петербург қаласындағы қарапайым теміржолшылар отбасында дүниеге келген екен. Бала кезінен қоршаған ортаның жаратылысын тануға әуестенген Константин Скрябиннің өмірі туралы музей үйінің маманы Анар Қожахметова әңгімелеп берді. Оның айтуынша, болашақ академик 1900- 1905 жылдары Эстониядағы ветеринарлық инcтитутта білім алады. Өзінің қалаған ісі бойынша маман атанған ол қызметтік жолдамамен Шымкент қаласына қоныс аударады. Шымкентте екі жыл жемісті қызмет істеп, Әулиеата өңіріне ауысады. – 1907 жылдың аяғында Константин Иванұлы Әулиеатада мал дәрігерлік қызметін бастайды. Өзінің сөзінде «Мен мұнда орнитопотология мен тератология бағытында жұмыс істейтін мал дәрігері болып келіп едім, енді паразитологияның басқа саласы қызықтыратын гельминтолог болып қайттым» деген екен. Сонымен қатар, Әулиеата жері еліміздегі гельминтология ғылымының тұңғыш туған жері екендігін жеткізген,–дейді Анар Ануарбекқызы. Музей-үйі алғаш рет 1962 жылы ашылған. Ашылуына ұлы ғалымның өзі қатысып, жеке құжаттарын тапсырған. Үйдің ауласында 1910 жылы отырғызылған ағаш әлі бар екен. Тірі жәдігерге айналған тарихи талды Скрябиннің өзі еккен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында музей апаттық жағдайына байланысты жабылады. Ұзақ уақыт үзілістен кейін ғимарат жөнделіп, жаңа экспозициялармен толығады. Музей үйінің экспозициясы 3 үлкен бөлімнен тұрады. Онда ғалымның қызметімен, өмірімен байланысты жеке заттары, құжаттары, материалдары орналасқан. Кеңес және әлемдік ғылымның алтын қорына кіретін академиктің еңбектері, антигельминттердің препараттар үлгілері ұсынылған.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар