Атадан мал қалғанша, тал қалсын

Атадан мал қалғанша, тал қалсын
ашық дереккөз
Атадан мал қалғанша, тал қалсын
Көне Тараз – еліміздегі көрікті, көкжелекке оранған әдемі шаҺарлардың бірі. Күнде таңертең жұмысқа бара жатып қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақпен асықпай, аралап өтетін көп жылғы үйреншікті әдетім бар. Бүгінде тәртіпке келтірілген саябақ қазіргі кезде ел- жұрттардың күнделікті демалатын саялы бағына айналған. Биыл ерте көктемде Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта көпшілік сенбілік өткізіп, саябақтың сирей бастаған тұстарына 700-ге жуық жас тал-дарақтар отырғызды, арық-атыздарын тәртіпке келтірді. Көп жылдардан бері айтылып, бірақ шешімін таппай келе жатқан қаланың «Тектұрмас» аймағы мен шаһарымыздың айналасындағы «Жасыл белдеуге» көптеген жас көшеттер отырғызылуда. Сондай-ақ, биыл Таразда 40 мың жас тал-дарақ пен бір миллион гүл көшеттері отырғызылады. 1825 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың дархан далаласына көз тігіп тұрып: – Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді-ау, – деген екен. Шынында да, еліміздің әрбір азаматы ағаш егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранар еді! Бабаларымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Ертеде бір патша нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға сәлем беріп, мынадай сұрақ қояды: – Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал: – Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ, мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал: – Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді. – Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал. Менің балалық шағым қазыналы да киелі Қаратау өңіріндегі табиғаты әсем Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылында өтті. Көк майсаны көрпе қып, тау етегін жастанып жүріп ержеттім десем қателеспеймін. Себебі, ауылым сол өңірдегі көкжелеңі мол, тал-дарақпен көмкерілген ауылдардың бірі. Оның осындай болуына менің әкем – жарықтық Ордабек көкем көп еңбек сіңірді. Сонау өткен жүзжылдықтың 60-жылдары еккен ағаштары, олардың қатарында жеміс ағаштары бүгіндері 50-60 жасқа келіп, қартайып бара жатқанын ауылға барған сайын байқайтынмын. Ауыл ішіндегі 1 -2 гектар жерге оның қолымен егілген алма бағы да жыл сайын төгілте жеміс беріп, тұрғындарды қуантатын. Енді міне, уақыт көшіне ілескен адамдар сияқты сол алма ағаштары да қартайып, кейбірі тіпті қурап барады. Соларға қарап «Әкем отырғызған алма бақты қалай сақтап қаламын?», – деп ішкі дүнием әлем-жәлем болып, ауыр ойға қалатынмын. Жастайымыздан білім қуып, қызмет бабымен ауылдан алшақ кеттік. Сондықтан туған ауылға сиректеу баратынымыз менің жаныма бататын. Көңілде көп нәрсе сайрап жатыр ғой, бірақ оның барлығын іске асыруға қол қысқа, уақыт тапшы. Сол – өкінішті. Таяуда көктемнің шуақты күндерінің бірінде ауылыма барып қайттым. Қытымыр қыстан арылып, табиғат «ұйқысынан» оянып, кербез дала кеше ғана жауып өткен жауыннан бусанып жатыр. Тынысыңды аша түсетін таудың саф ауасында көктемнің, көктің иісі сезінеді. Тау белестерінен көктемнің нышаны – бәйшешек гүлдері көзге шалынады. Әсем қызғалдақтар да жапырақтарын жайып, түйін салып, күнге қол созып бой көтеріп келеді екен. Бірер күннен кейін мына белестер мен жазықтар сан түрлі дала гүлдерінен төселген көз тартар кілемдей болып өзгеріп шыға келетініне еш күмән жоқ. Мезгіл уақтысына сай ауылдың көктемгі жер жырту, егін егу, жоңыршқа себу, ағаш отырғызу секілді тіршілігі басталып кетіпті. Дала жұмысының бір тынбай қызу жүріп жатқанын көріп, «Көктемнің бір күні жылға азық» дегенді білетін ауыл азаматтары көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға тырысып-ақ жатыр екен. Әкем отырғызған алма бағына атбасымды арнайы бұрып, кешегі алаңсыз өткен балалық шағымның куәсі болған, қартая бастаған баққа «сәлем» бердім. Иә, оның әрбірінің бойында Ордабек әкемнің аялы алақанының жылуы, ыстық табы қалған, әрбіріне тыңайтқыш беріп, дер кезінде суарып жас баладай мәпелеп өсірген ерен еңбегін бала кезімнен көргенмін. Жарықтық әкемнің иығынан жазда күні бойы кетпені мен күрегі түспейтін. Тіпті, кейде айлы түндері атыз-атызға су жығып, алма бауды жағалап кететін кездері болатын. Күндіз арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсыту әдеті еді. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында алма бақ жайқалып өсті. – Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, қапаланатын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді, – дейтін Ордабек көкем жарыса өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып. Әсіресе, мамыр айында әлгі ағаштар жарыса гүл шашып, бүкіл бақ аппақ ұлпа қармен көмкерілгендей әсер беретін. Иісі қандай керемет еді, шіркіндердің! Тап бір арнайы иіссу себелеп кеткендей болатын. Енді міне, олар да бізбен жарыса қартайып, кейбірі жартылай қурап, көріксіз күйге айналып барады. Жерлестеріме осы жолы «қартайып бара жатқан мына алма бақты жаңартайық, жас алма ағаштарын отырғызайық» деген ұсыныс жасадым. Олар менің бұл ұсынысымды дұрыс санап, бірден қолдады. Аудан әкімі Сәкен Мамытов техника жағынан көмек қолын созды. Сол игілікті жұмысты көпшілік болып бірігіп іске асырдық. «Ауыл көркі – көгеріш» деп білетін ауыл азаматтары Құрманғали мен Мұрат Айтжановтар, Айдар мен Бекайдар Түлеповтер, Ардақ Байжанов, Сандыбай Қойлыбаев, Ғабит Тайбасарұлы, Сейтбек Үнипаев және өзге де ауылдастарым белсенділік көрсетіп, қолдан келген жәрдемін аямады. Сөйтіп, көпшіліктің арқасында игілікті көп жұмыс атқарылды. Сәтін салса, әкемнің отырғызған алма бағы қайта түлеп, келешекте жайқалып тұратын болады. «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» демеп пе еді, ата-бабамыз? Ендеше, қолдан келсе әрбір азамат туған жеріне кем дегенде бір тал көкшыбық қадаса артық болмас еді.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры, Жамбыл облысының

Құрметті азаматы.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар