Қанағат бар жерде жақсылық болады

Қанағат бар жерде жақсылық болады
ашық дереккөз
Қанағат бар жерде жақсылық болады
Бір қоғамда екі дәулетті кісі қатар өмір сүріпті. Олардың малдарының көптігінде есеп жоқ екен. Бірақ, байдың біреуі адамдар көп тұратын қалалы жерге барып, үй сатып алып тұрыпты. Жомарт болыпты. Малын бағуға малшылар жалдап, олардың жалақыларын да уақытында қиналмай төлеп тұрыпты. Апта сайын қаладағы пәтеріне бір қойдың етін алдырып, қонақ күтуді де ұмытпапты. Қонақтарының арасында ауылдық кеңес төрағасы, заң қызметкері, ауыл имамы да болады екен. Олар байға түрлі міндеттер мен жаңалықты да жеткізіп отырған. Мәселен ауыл имамы: «Байеке, қырық қойдан бір бас зекет беріледі. Оны беріп қойыңыз» десе, бай малының санына қарай зекетін беріп жүріпті. Бірде ауыл басшысы мен заң қызметкері: «Байеке, заң шықты. Әр үйде он қойдан артық мал болмауы керек. Одан артығын Өкімет тәркілейді», – деп ескертіпті. Сонда ақпаратқа қанық болып отырған бай өзінің қойларын әр туысына, танысына он-оннан жаздырып қойып: «Қозысы сендердікі», – деп қуантыпты. Ал, екінші бай сараң екен. Мыңғырған малына адам жалдап бақтыруға қаржысын қимапты. Сол далаға сыймай жатқан қойларын өзі қайырып, еш рахат көрмей, бейнет кешіпті. Жаңалықтан, күнделікті ақпараттан хабарсыз болғандықтан, зекет те төлемей, ешкімге қайырым да жасамай, есепсіз малдың соңында салпақтап жүре беріпті. Күндердің күнінде мемлекеттік комиссия тексеріске шығып, бірінші жомарт байдың малына кезігіп, малшысынан: «Мынау кімнің малы?» деп сұрапты. Қойшы: «Он қойдан жүздеген отбасының жинақталған малы», – деп жауап беріпті. Комиссия мүшелері: «Заңға сәйкес екен» деп, мыңғырған малға тиіспей жөндеріне кетіпті. Олар екінші сараң байға барып: «Мынау есепсіз көп қойлар кімдікі?», – деп сұрапты. Бай: «Менікі», – дейді. Сонда комиссия мүшелері: «Ақсақал, жаңа заң шықты. Әр шаңыраққа он қой ғана тиесілі. Басқасы мемлекетке өтеді», – дейді де, сараң байға он қой қалдырып, қалған малды тәркілеп, айдап кетеді. Сараң бай өмір бойғы ішпей, жемей, демалмай жинаған дәулетінен бір тәуліктің ішінде айырылып қалғанына құсаланып, көп ұзамай бақилық болып кетіпті. Ал, жомарт бай бұрынғысынша өмірін сүре беріпті. Бұл тәмсілден барлық нәрсе адамның ниетіне байланысты екенін, қанағат бар жерде – жүректің тыныштығы, Алланың нәсіп етер жақсылығы көп екенін ұғуға болады. Осыны естен шығармаған абзал.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар