Әуе кемесіне күтім керек

Әуе кемесіне күтім керек
ашық дереккөз
Әуе кемесіне күтім керек
Көне Жібек жолының бойындағы мерейлі Меркі жері ежелден тарихи құндылықтарға бай. Кеңестік кезеңдердегі еңбекшіл халықтың белсенділігі ауданның көркеюіне көп үлесін қосты. Соның бір дәлелі – бұрынғы пионерлер үйі, қазіргі «Үміт» оқушылар сарайының қасына қондырылған ИЛ-18 ұшағы. Ол бұрынырақта аудан пионерлерінің металл сынықтарын жинауда үздік атанғаны үшін сыйға тартылған екен. Авиаторлар белсенді, еңбекқор пионерлерге тарту еткен алып техниканы Меркіге қалай әкелген? Енді осыған тоқталсақ. Алғашында Меркіден ұшақ ұшатын болды деп ойлағандар да аз емес. Тек теледидардан көріп жүрген әуе кемесіне әу баста ауыл халқы біраз таңғалыспен қараған. Сол кездегі мектеп жасындағы балалар үшін бұл тіпті аңызға бергісіз оқиға болды. 1990 жылдан бері «Үміт» оқушылар сарайында педагог болып жұмыс істейтін Гүлмираш Тәжібаеваның айтуынша, ұшақты металл жинаудан жеңімпаз атанған жергілікті елге Алексей Кузнецов сыйға берген. – Ұшақты Меркіге қалай әкелгенін мен өзім көрмедім. Бірақ, сол кездегі мектебіміздің директоры Надежда Дмитриевна оқушыларға әуе кемесінің ауданға әкелінуі туралы айтып отыратын. Ол 1978 жылы арнайы әскери техникалармен бөлшектеп жеткізілген. Мектептегі, кейде тіпті аудандағы іс- шараның дені осы ұшақтың жанында өтетін. Мұндай алып кеменің ауданымызға сыйға тартылуының өзі ел үшін үлкен мәртебе. Бұл ұшақ «Иду на Грозу» фильміне де түскен,– дейді Гүлмираш Тәжібаева. Ең өкініштісі, ұшақтың қазіргі жағдайы сын көтермей тұр. Бұрындары аудандық білім бөлімінің теңгерімінде болған әуе кемесінің сырты мен ішкі құрылымдары ескіріп, тоза бастаған. Тазалық жұмыстарына да көп көңіл бөлінбеген. «Үміт» оқушылар сарайының директоры Зәуре Бейсенбаеваның сөзінше, аудан әкімі Жорабек Баубеков осыған қатысты бірқатар тапсырмалар берген. Бүгінде ол Меркі ауылдық округіне өтуде. Алдағы уақытта ұшақты қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынбақ. – Бұл пионерлік кезеңдерден қалған тарихи ұшақ. Биыл күрделі жөндеуден өткізіп, оның маңайын демалыс орнына айналдыру жоспарлануда. Ұшақтың ішінен мұражай ашсақ деген де ойлар бар. Пионерлер ұйымының жетістігіне берілген құнды жәдігер қайта қалпына келетін болады, – дейді Зәуре Төребекқызы. Сонымен қатар ол, ұшақ күрделі жөндеуден өтіп, ішін мұражайға айналдырса аудандағы туризмнің дамуына да үлес қосатынын жеткізді.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар