Тарихтың терең шежіресі

Тарихтың терең шежіресі
ашық дереккөз
Тарихтың терең шежіресі
1939 жылы 14 қазанда Жамбыл облысы құрылды. Сол жылғы 22 желтоқсанда Қазақ КСР Ішкі Істер халық комиссариаты облыстық басқармасының «Облыста архив бөлімін құру туралы» бұйрығына сәйкес, Жамбыл облысы бойынша архив бөлімінің ашылуы – бұл салаға басымдық берілгенін көрсетсе керек. Міне, осылайша облыста архив қызметі басталды. Мұрағат тұрғысынан Әулиеата (қазіргі Жамбыл) аудандық архиві құжаттары негізінде құрылған деуге себеп жоқ. Облыс құрылған жылы іле-шала құрылған облыстық архив 16 шаршы метрлік жертөледе орналасты, құжаттар жерге қойылды. 9 және 20 наурыз күндері жасалған хаттамада облыстық архивті құруға негіз болған аудандық архивтің жұмыс жоспары жоқ екендігін, тіпті іс қағаздарын жүргізу тәртібі сақталмағандығы айтылады. Архив материалдарын пайдалану есебі жүргізілмеген. Олар аудандық атқару комитетінің ғимаратында жертөледе жатқандығы жазылған. Жеміс-жидек, астық сақтауға арналған қоймада орналасқан архивтің есебінде 1 стол, 1 орындық және сия сауыты ғана бар болған. Қорыта айтқанда, облыстық архив жасақтауға негіз болатын жұмыс аудандық архивте жоқ еді. Архивке оңтайландырылған ғимарат тек 1947 жылы берілді. Осы кезде ғана онда оқу залы жұмыс істей бастады. 1967 жылы 200 мың сақтау бірлігін сақтауға жағдайы бар жаңа ғимарат берілді. Дегенмен, бұл ғимаратта архивке міндеттелген жұмысты мүлтіксіз атқаруға жеткіліксіз еді. Архив қоймалары толып қалғандықтан, құжаттар қабылдай алмайтын жағдайға жетті. Оның барлық қоймалары құжаттарға толды. Тіпті оқу залы да қоймаға айналдырылды. 1984 жылы архивке қосымша ғимарат салынды. Бұл фотоқұжаттарды аса бағалы деректермен сақтандыру қорын жасақтауға жағдай жасады. Архив қызметін жетілдіру бағытында бірнеше құрылымдық өзгерістерді басынан өткізді. 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шын мәнінде архив ісін жаңа сатыға көтерді. Архив қызметін жетілдіру бағытында бірнеше құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылды. 1991 жылдың қазанында Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің жойылуына байланысты, бұрынғы партиялық архив құжаттары Жамбыл облысы архивінің иелігіне берілді. 1992 жылы Жамбыл облыстық атқару комитетінің архив бөлімі Жамбыл облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасы болып өзгертілген. Ал, 1995 жылы 4 желтоқсанда облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасы қысқартылып, оның қызметі облыстық мұрағатқа берілді. 2000 жылғы 31 қаңтарда Жамбыл облысы әкімінің шешімімен «Жамбыл облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл шешім де соңғы болмады. 2005 жылы аудандық мұрағаттар жергілікті қаржыландыру бюджетінен облыстық бюджетке ауысты. 2008 жылы архив қызметі қайтадан «Жамбыл облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасы» болып құрылды. 2013 жылы мұрағаттар және құжаттама басқармасы мәдениет басқармасымен біріктірілді. Сол сәттен бастап облысымыздағы 12 мемлекеттік архив қызметін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы үйлестіруде. Осы жылдары бірнеше рет құрылымдык өзгерістерге ұшырағанымен, түпкі мақсат, міндет айқын күйінде қалды. Ұлттық архив қорын толықтыру, сақтау және оны жариялау негізгі міндет болып қала берді. Сонымен бірге, тұрғындардың анықтама беру туралы әртүрлі сұраныстарын орындау бір сәт те назардан тыс қалған емес. 2011 жылдан бастап архив құжаттарын электрондық- цифрлық форматқа көшіру жұмысы басталды. Яғни, архив жаңаша жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда 30 мыңдай құжаттың 3 миллионнан аса парағы сканерден өткізілген. Саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, білікті кадрлармен толыға түсуде. Ең бастысы, Ұлттық архив қоры толықты. Жаңа тарихи маңызы бар құжаттар жинақталып, сақталуда. «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесіне қорлар мен істерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы мемлекеттік архивтің сақтауындағы 4617 қор сақтау бірліктің есептік кезеңде цифрлы форматқа бір миллионнан аса парағы көшірілді. Цифрлы құжаттардың көшірмелері облыстық архивте орталықтандырылған серверде сақталады, аудандық архивтерде желілік қоймаларға жүктеледі. Осы жылдар ішінде архив саласы облыстың экономикалық-қоғамдық өмірінде айрықша мәнге ие болды. Мемлекет тарапынан қабылданған жобаларды іске асыруда белсенді еңбек етуде, оның сарғайған беттерінде тарихтың ізі бар. Уақыт бедерінде сан алуан адамдардың кескін-келбеті, бейнесі архив қорларында сақталып қалды. Міне, осындай қалыптасу, даму жолдарынан өткен Жамбыл облысының мемлекеттік архиві бұл күндері толысқан, кемеліне келген қандай міндеттер болсын орындай алатын құрылымға айналды. Облыс шежіресін жинақтауда архив жұмысы сан қырлы және нәтижелі. Өлкеміздің шежіресі қамтылған мол тарихи құжат қоры келешек ұрпақтың иелігіне қызмет етпек.  

Ләззат КОЖАХАНОВА,

Жамбыл облысының мемлекеттік архив директоры.

Ұқсас жаңалықтар