Білікті басшы болған азамат

Білікті басшы болған азамат
ашық дереккөз
Білікті басшы болған азамат
Заңдылықты сақтау – басты міндетіміз. Ал, заңдылық сақталған жерде әділет салтанат құрады, заңсыздыққа жол берілмейді. Оның айқын мысалын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, көптеген жылдар қала, аудан прокуроры, облыс прокурорларының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған Қыдырәлі Оспанов 70 жасқа келіпті. Ұзақ жылғы қызмет барысында Қыдырәлі Дүйсенұлының табиғатын толық танығандаймын. Сыпайылығы мен зиялы келбетімен үйлесетін қарапайымдылығы, кішілігімен ұштасатын кісілігі оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратыны даусыз. Қыдырәлі Дүйсенұлы 1993 жылы облыс прокурорының орынбасары лауазымында Жуалыға іссапармен келіп қалды. Шығыс Қазақстан облысынан жаңадан ауысып келген кезім еді. Лауазымды басшы болса да, сол кезде үйге келіп, дастарқаннан дәм татқан болатын. Біраз жылдар өткен соң бірге қызметтес те болдық. Ол Жамбыл облысы прокурорының орынбасарлығынан, ал мен Қаратау қаласы прокурорының орынбасарлығынан Луговой ауданы (бүгінгі Т.Рысқұлов) прокуратурасына қызметке жіберілдік. Мұраға қалған қызмет жоқ, сол жерде де өзімізге тән табандылығымыз бен ұстанымымызға сай заңдылықты сақтауға, әсіресе шаруалары шайқалған ауыл адамдарына заң көмегін көрсетуге, қолдауға кірісіп кеттік. Азаматтың алғырлығы мен іскерлігі қызметтің үлкені мен кішісіне қарап бағаланбайтынын, керісінше білімділік пен зерделілікке тәуелді екенін Қыдырәлі Дүйсенұлымен дәлелдеп шықтық. Ол күнделікті жер даулары, заңсыз жекешелендіру сияқты халықтың жүйкесі мен көңіл-күйіне әсер ететін әлеуметтік мәселелер мен арыз-шағыммен келген азаматтарды жеке қабылдап, заң талаптарының бұзылғандығы анықталса, оны жоюды бірден міндеттеп, прокурорлық ықпал ету шараларын қолданатын. Ал, бұзылған құқығын қалпына келтірген прокурорға деген арызданушылардың алғысы шексіз болатын. Сондықтан да прокуратураға деген халық сенімі бірде-бір толастаған емес. Осы ретте Қыдырәлі Дүйсенұлының туралығын, тазалығын айтып кетпесе болмас. Бірде-бір рет жеке басына, отбасына, туыстарына байланысты қандай да болмасын істерді, арыз-шағымдарды олардың мүддесіне шешу туралы емеурін танытқан емес. Алайда, оның туыстары да, достары да көп еді, олар көбіне турашылдығынан батпай мәселелерін айтудан тайсақтайтын. Осы мінезімен де ол айналасын таза адамдармен жасақтап, өзінің ортасын қалыптастырды. Бірде аудандық сотта екі ауыл шаруасының қылмыстық ісі қаралды. Іс бойынша анықталғандай, Көкдөнен ауылының шетінде заманауи МИГ-28 әскери ұшағы апатқа ұшырайды. Апат болған жерде ұшақты тоқтатуға пайдаланатын парашют арқандары шашылып қалады. Жібектен есілген жіңішке арқандар мал байлауға таптырмайтын құрал болғандықтан, ауыл адамдары шашылған арқандарды алып кетеді. Сот мәжілісінде арқан мәселесі күмәнді көрінді. Себебі, екі шаруаға «мемлекетке үлкен мөлшерде мүліктік залал келтірді» деп талап қойылған. Жазасынан талабы ауыр болып тұр, ал шаруаның жайы белгілі. Тез арада әскери бөлімшенің материалдық бөліміне сұраныс жасап, парашюттің пайдалану мерзімі әлденеше жыл бұрын өтіп кеткенін анықтадым, мерзімі өткен мүлікті әскерилердің заңсыз пайдаланып жүргендігі белгілі болды. Мұндай жағдайдан соң бөлімше өкілдері айыптан бас тартып, өз бастарын ала қашты. Ал, полиция бастығы көрсеткіші үшін екі шаруаны шартты жазамен жазалауды ұсынып, прокурордың алдына бірнеше рет келгенімен, Қыдырәлі Дүйсенұлы заңсыздыққа жол бермей, екі шаруаның ақталуына ықпал етті. 2002 жылдан бастап Қ.Оспанов Тараз қаласы прокуратурасын басқарды. Оның кәсіби біліктілігінің артқан тұсы осы уақытқа сай келді. Прокуратураның заңдылықты қадағалаушы орган ретіндегі еліміздің өміріндегі беделі мен рөлін көтеруге, заңсыздық пен құқықбұзушылыққа жол бермеуге, құқықтық мемлекет құру ісіне салмақты үлес қосуға ұжымды шебер ұйымдастыра білді. Өзінің талапшылдығы мен жаңашылдығымен прокуратура саласында үлкен беделге ие болды. 2007 жылдан 2010 жылға дейін Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары, 2010 жылдан 2012 жылға дейін Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарып, еңбек демалысына шықты. Абай айтқандай, кез келген адамның «дүниенің бір кірпіші» ретінде қаланып, өмірден өз бағдарын тауып кетуі, ең бастысы, халқына пайда келтірмегі алдымен өзінің біліктіліне, кісілігіне байланысты десек те, екіншісі, сол талпынысы мен талабын қанаттандырып отыратын тәлімді ортаға, білері көп басшы мен көргені көп ұстазға байланысты екендігі күмәнсіз жайт. Ұстаздар өздерінің әрбір іс-әрекетімен, ұстанымымен, атқарған жұмысыңа баға беруімен де тәлім беріп жатады. Бұл бағытта Қыдырәлі Дүйсенұлы алтын шоғыр шәкірттер легін дайындап шығарды. Олар ұстаз сенімін ақтап, прокуратура саласында өз орындарын айшықтап отырған кәсіби білікті мамандар. Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, Меркі ауданының прокуроры Әмірхан Елдос, облыс прокуратурасының басқарма басшыларының баршасын Қыдырәлі Дүйсенұлы қанаттандырғаны белгілі. Құрметті демалысқа шыққан соң да дегдар, ширақ қалпында өзінің жұмысқа деген қабілетін 2012 жылдан 2017 жылға дейін Астана, Алматы қаласында сот-сараптама институтында директорлық қызметте танытты. Ал, 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы міндетін жемісті атқарып жүр. Еңбегі де еленбай қалған жоқ, көптеген мемлекеттік марапаттар мен медальдардың иегері атанды. Қыдырәлі Дүйсенұлы үшін әрине, ең басты марапат үлгілі отбасы мен ұрпақ ұлағаты. Жұбайы Ғалиямен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, немерелер қуанышын сезіну де зор бақыт. Бүгінде ұлы Талғат та әке жолын таңдаған, тынымсыз еңбектің нәтижесінде Мойынқұм ауданының прокуроры лауазымын абыроймен атқарып жүрген азамат.  

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ, прокуратура ардагері.

Ұқсас жаңалықтар