Стихиялық қоқыс орындары тазартылды

Стихиялық қоқыс орындары тазартылды
ашық дереккөз
Стихиялық қоқыс орындары тазартылды
Бүгінде әлемдегі барлық мемлекет «жасыл» экономикаға айрықша көңіл бөліп отыр. Себебі, қазір экономикалық өсім түсіріп отырған қазба байлықтардың уақыты жеткенде түгесілуі әбден мүмкін екені көптен бері айтылып келеді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы ғана әлеуметтің әлеуетін әлсіретпей, ілгерілей түсуді ойлаған елдер табиғатты күтіп, қоршаған ортаны таза ұстап, күн көзінен, судан, тіпті желден қуат алуды әлдеқашан қолға алған. Бұл жағынан біздің ел де, әрине, қалыс қалып жатқан жоқ. Дегенмен, қоршаған ортаның тазалығын сақтауда әлі де мәдениет қалыптаспай келеді. Бұған дәлел ретінде облыс бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі өткен жылы жоспардан тыс жүргізген 15 тексеріс нәтижесінде 15 бұзушылық фактілерінің анықтағанын айтсақ болады. «Табиғат – өз үйім» десек те, салақтық әрекеттерімен өз Отанына опасыздық жасап жүргендер аз емес. Облыс бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтың айтуынша, өңірде 169 стихиялық қоқыс орны анықталған. – Жамбыл облысы бойынша экология департаменті Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде мемлекеттік экологиялық бақылау, зертханалық-талдамалық бақылау және экологиялық реттеу жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылы департаменттің бастамасымен және заңды, жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен прокуратура материалдары бойынша 102 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 3 ескерту, 5 бұзушылық хаттамасы шаралар қабылдау үшін сот органдарына жіберілді. Барлығы 105 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы сомасы 5 миллион 824 мың теңге болды. Бұдан бөлек, 45 миллион 18 мың 643 теңгеге 90 айыппұл өз еркімен өндірілді. Сот орындаушыларына 2 миллион 614 мың 643 теңгеге 5 әкімшілік айыппұл мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жолданды. Бүгінгі таңда ерікті төлем мерзімі шықпауына байланысты 345 мың теңге көлемінде салынған 1 әкімшілік айыппұл өндірілген жоқ, – дейді Темір Мәмбетұлы. Экологиялық жағдайларға байланысты былтыр жыл ішінде департамент 22 сот ісіне қатысқан. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша сотқа шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы 8 талап арыз жіберілген. Оның ішінде 3 талап арыз қанағаттандырылса, бесеуі бұзушылықты жоюға байланысты бас тартылған. Департаменттің зертханалық бақылау бөлімінің сынақ зертханасы 74 зерттеу жүргізіп, 243 сынама алынған. 1224 талдау мен анықтама орындалған. Бұл ретте нормативтерден 137 асып кету фактілері анықталған. Барлық асып кеткен нормативтер бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бүгінгі таңда 54 зертханалық аспап 60 миллион теңгеден астам сомаға сатып алынған. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингінің түсірілімі бойынша өткен жылы облыс бойынша 245 нүкте анықталып, оның ішінде 169 стихиялық қоқыс орны анықталған. – Бүгінгі таңда облыс бойынша 149 стихиялық қоқыс орны тазартылды. Алайда, департамент көрсеткен мерзімде Шу ауданы бойынша 9 стихиялық қоқыс орны тазаланбаған. Ал, Тараз қаласының аумағында 11 стихиялық қоқыс орны тазаланбаған, айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке Шу, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары тартылды. Департамент стихиялық қоқыс үйінділерін жою жөніндегі тапсырмаларды орындау мақсатында ғарыш мониторингі бойынша 7 рейд, стихиялық қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз орналастыру орындарына 10 рейд жүргізді. Жалпы облыста жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінде 158 ұйымдастырылған қоқыс полигоны бар. Барлық полигонда қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру құжаттары да дайын. Департаменттің экологиялық реттеу бөлімі қоршаған ортаны қорғау саласында 5 мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жұмысты жүзеге асырады, – дейді Темір Смағұлов. Экология департаментіне өткен жылы жалпы 308 арыз түскен. Оның 200-і қоршаған ортаға әсерді бағалауды және жоспарланған қызметтің әсерін скринингті қамту саласын анықтау туралы қорытынды беруге қатысты. Оның ішінде 54 арыз қоршаған ортаға әсерді толық бағалаудан өтуге жіберілген. Ал, 32 арыз оңайлатылған тәртіп бойынша жіберіліп, 67-сінен дәлелдер арқылы бас тартылған. Сондай-ақ, 2023 жыл ішінде департаментке 127 өтініш түскен. Оның 56-сы заңды тұлғалардан болса, 71 өтініш жеке тұлғалардан келген. Қандай іс-шаралар ұйымдастырылып, тексерістер жүргізілсе де әр азамат өз ортасына жауапкершілікпен қарап, өмір сүретін жерін таза ұстауға талпынбаса, толыққанды нәтиже бола қоймас. Табиғаттың қаскөйлерімен күрес күшейгенімен, адамдардың пейілі түзелмесе, бәрі бекер.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар