Ауыл ахуалы жақсарып келеді

Ауыл ахуалы жақсарып келеді
ашық дереккөз
Ауыл ахуалы жақсарып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев есептік баяндамасын жасады. Боралдай ауылдық округі бойынша 3 елді мекенде жалпы 440 аула, 2 529 тұрғын бар. Боралдай, Ертай, Көлтоған тұрғындарына 3 орта мектеп, 2 балабақша, 1 өрт сөндіру бекеті, 2 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 мәдениет үйі, 1 ауылдық клуб, 3 кітапхана және 1 ветеринариялық пункт тұрақты қызмет көрсетуде. Спикердің айтуынша, округ аумағының жалпы жер көлемі 32 775 гектарды құрайды. Оның 21 975 гектары ауыл шаруашылығына, 9070-і егістікке арналған алқап. Ал, бұдан бөлек  8 778 гектар жайылымдық, 130 гектар шабындық жерлер бар. – Округте 5 413 бас ірі қара мал тіркелген, оның 2 221-і сауынды сиыр. Қой-ешкі саны 30 841, жылқы 1 514. Ал, құстар саны 10 182-ні құрайды. Мал басын асылдандыру бағытында «Қасым» шаруа қожалығы Солтүстік Қазақстаннан 105 «Аулиекөл» құнажындарын, «Береке-2» және «Мырзан» шаруа қожалық иелері Ресейден 30 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын алып келді. Сондай-ақ, «Тілеу», «Аңсат» және «Дархан дала» шаруа қожалықтары 1 000 қой, 50 бас асыл тұқымды қошқарлар асырауда,–дейді Бауыржан Нұрғалиұлы. Сонымен қатар, баяндамашы ауылдың кәсіпкерлік, әлеуметтік, экономикалық салалары бойынша тоқталып, елді мекеннің даму жоспарын да мәлімдеді. Бұл бағытта былтыр 4 жоба іске асырылған. Кәсіпкерлік бойынша «Шекер» азық-түлік дүкені ашылып, 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 20 миллион теңгені құрап отыр. Ал, ауыл шаруашылығы саласына арналған 3 жоба «Береке», «Мырзан», «Қасым» шаруа қожалықтарын дамытуға бағытталған. Жоғарыда айтып өткендей, жоба аясында шаруалар асыл тұқымды мал басын көбейтуде.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар