Билер кеңесінің бітімгершілік жолы

Билер кеңесінің бітімгершілік жолы
ашық дереккөз
Билер кеңесінің бітімгершілік жолы
Көшпелі қазақ қоғамындағы билер кеңесінің маңызды рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Оның қалыптасуы мен даму тарихына үңілетін болсақ билер кеңесінің бастауы ғұн, үйсін дәуірлеріне барып тіреледі. Ал, Қазақ хандығы құрылғаннан кейін көптеген ғалымдар мойындап жүргендей, Тәуке хан тұсында билер кеңесі өзінің дамуының шарықтау шыңына жетті. Сөйтіп, билер кеңесі мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының маңызды мәселелерін шешетін орталыққа айналды. Бүгінде қит етсе арызын жазып соттың көмегіне жүгінушілердің қатары артқан. Міне, билер кеңесінің негізгі мақсаты осындай түсініспеушіліктің алдын алуға бағытталған. Кезінде ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен қазақ халқы жер дауы мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақсақалдардың араласуымен түйіндеген. Соңғы жылдары қоғамда орын алатын дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Ардагерлер ұйымдарының қатысуымен, әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен еліміздің барлық аймақтары мен өңірлерінде, тіпті ауылдарында билер кеңестері құрылды. Мұндай жұмыстар біздің ауданда да іске асырылуда. 2018 жылдың желтоқсан айында аудандық соттың бастамасымен аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрамына жеті адам енген билер кеңесі құрылды. Бүгінде оның арнайы ережесі бекітіліп, ҚР «Медиация туралы» Заңының және біздің ұлттық дәстүрлі құқықтық негіздеріміз аясында өз қызметін ұйымдастыруда. Билер кеңесі түскен арыз-шағымдар мен өтініштерді қарайды, орын алған құқықбұзушылықтар мен дауларды талқылап, шешім қабылдайды, тиісті ұйымдардың алдына мәселе қояды, сауал жолдайды. Билер кеңесінің нәтижелі жұмыс істеуі өз кезегінде соттардың жұмысын біршама жеңілдетеді деп есептейміз. Қазіргі кезде мен төрағалық ететін билер кеңесінің құрамында Орынбай Рысбаев, Рахымбек Жапаров, Абдухалил Маюфи, Ошақбай Ибрагимов, Сабри Асанов, Сенбек Пірімқұлов сынды өмірден көргені мол, әділ шешім қабылдай алатын, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құқықтық негіздерді меңгерген ардагерлер бар. Сонымен қатар, барлық ауылдық округ бойынша үш кісіден билер кеңесінің құрамы бекітіліп, нәтижелі жұмыс атқаруда. Бүгінде билер кеңесіне сенім артып, арнайы қайырылатын азаматтардың саны артып келеді. Өткен жылы аудандық билер кеңесінде 56 азаматтық іс қаралып, 27-сі оң шешімін тапса, отбасындағы кикілжіңге қатысты 21 істің 18-і билер кеңесінің қатысуымен тоқтатылды. Сонымен қатар, билер кеңесі қараған еңбек дауына қатысты бір іс пен ардагерлерден түскен 7 шағымның 3-еуі өз нәтижесін берді. Былтыр билер кеңесі түрлі тақырыпта 11 жиналыс өткізіп, екі семинар ұйымдастырды. Оған облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім, мекеме басшылары, аудандық соттың қызметкерлері, ауылдық билер кеңесінің төрағалары қатысып, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында ауылдық билер кеңесінің жұмысына ішкі талдау, нақтылау мақсатында семинар өткізілді. Бір атап өтерлігі, билер кеңесі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді, әдеп нормаларын, адамгершілік, имандылық қағидаттарын басшылыққа алады. Аудандық билер кеңесі «Ардагерлер үйінде» жұмыс атқаруда. Бізге аудандық ардагерлер кеңесі тарапынан арнайы бөлме беріліп, әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат – билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамытуды жолға қою. Жеті жылдан бері аудандық билер кеңесі дауласып жүрген тұлғаларды келісімге келтірудегі тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, осы бағыттағы көптеген бағдарлы мәселелерді шешіп отыр.  

Батырбек САРШАЕВ, аудандық билер кеңесінің төрағасы. Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар