Өр рухтың мұрагерлері

Өр рухтың мұрагерлері
ашық дереккөз
Өр рухтың мұрагерлері
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Атаулы күн аясындағы шаралар легі майданда оққа ұшқан оғландардың рухына тағзым ету мақсатында «Жеңіс» саябағындағы жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне гүл қою рәсімімен қорытындыланды. Ерлердің ерлігі қашанда ел жадында. 35 жылдан бері Ауған даласында жан алысып, жан беріскен сарбаздар дәл осы күні жиылып, қарулас жауынгерлермен бір қатарда тұрып, отты жылдарды еске алады. Майданға бірге аттанып, Отанға оралу бұйырмай, қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым етеді. Бұл үрдіс Тараз қаласында биыл да заңды жалғасын тапты. «Жеңіс» саябағына жиылған жұрттың қарасы қалың болды. Шаһардағы әскери бөлімдердің сарбаздары, қалалық қоғамдық кеңестің, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері мен қаза тапқан сарбаздардың жесірлері іс-шараға арнайы қатысты. Жиынға келген жұртшылық ең әуелі боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ізінше ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сұм соғыстың куәгерлері үшін бұл майданның бүкіл ғұмырларына салған салмағы тым ауыр. Олар сол бір отты жылдарды терең өкінішпен, ауыр күрсініспен еске алады. – Ауған соғысында екі жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. Майданда біраз қарулас жолдастарымнан айырылдым. Біз үшін бұл соғыс өте ауыр болды. Жанымызға жазылмас жара салды. Бірнеше мәрте жарақат алдық. Енді мұндай болмасын деп тілеймін. Лайым заманымыз тыныш болсын, – дейді Ауған соғысының ардагері Несіпбек Жолдасбаев. Ауғандағы алапат жылдарда қасық қанын қиған жауынгерлерді еске алуға арналған жиын ардагерлерге арналған арнайы салтанатты шараға ұласты. Жиынға облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Әбдірайымов, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай ардагерлерді 35 жылдық датаға орай арнайы Алғыс хаттармен марапаттаса, «Жамбыл облысы мен Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, «Жамбыл облысының интернационалист-жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров майдандағы көзі тірі қаруластарын атаулы күнмен құттықтады. Шарада ардагерлерге әскери әндер шырқалған мерекелік концерт ұсынылды.  

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген

Юрий КИМ.

 

Ұқсас жаңалықтар