Берекелі шаңырақтың бақыты

Берекелі шаңырақтың бақыты
ашық дереккөз
Берекелі шаңырақтың бақыты
Отбасы құндылығы – үлкен ұғым. Тіпті, отбасын құрып, бір шаңырақтың бас иесі бола жүріп, тәрбие мен тәлімге мән бермей, перзенттерінің әр қадамына бейжай қарайтындардың да кездесетіні жасырын емес. Керісінше, шаңырағына шуақ төгіп, перзент бақытына жол ашып жүретіндер де көп. Өмірдің нұрлы да, сәулелі болуына сондай жақсы адамдар ықпал етеді. «Ырыс алды – ынтымақ» демекші, татулық пен берекенің баратын жері бақ қонған әулет. Мұндай әулеттен тәлім алған ұл-қыздың биік шыңдарға қанат қағатынын байқап жүрміз. «Қазақстанның Құрметті жолшысы» атанған Самедбек Жұмаділдаев туралы сөзді отбасы құныдылығынан бөліп қарауға болмайды. Әкесі Жұмаділда қария бір ауылға ақылшы болған қазына екені елдің арасында әлі айтылып келе жатқаны бекер емес. Ауыл ішіндегі кішігірім келіспеушілікті де бәтуалы сөзімен дер кезінде тоқтата білген Жұмаділданың ертеректе ұжымшар басқарғаны, кейіннен жоғары білімді жас мамандар көбейген шақта фермада санитар-мал маманы болудан да бас тартпағаны әділетті адам ретінде сарысулықтар арасында айтылып келеді. Сарысу ауданы, Қызылдихан ауылының тұрғындары ақсақалды әлі күнге құрметпен еске алып отырады. Әкесінің сыйы сондай болғанда, анасы Айшаның да абыройға бөленбеген сәті жоқ. Кейуана 101 жасқа келгенше ұл-қыздарына, ұрпақтарына, ауыл-аймағына бата берген жан болған. Әжеміз кезінде тоқыма тоқып, текемет басып, жас келіндерге үлгі болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Осындай тәрбиеге терең мән берген әулеттің барлық ұл-қыздары өмірде үлкен жетістіктерге жетіп, көпшілігі облыстық деңгейде қызметтерге араласты. Біз бүгін әке үмітін ақтаған перзенттердің бірі Самедбек Жұмаділдаев туралы айтпақпыз. Бұл тұста да әңгіме әкенің ақылды шешіміне келіп тіреледі. Самедбек орта мектепті бітірерде: «Жоғары оқуды бірер жыл қоя тұрып, еңбекке аралассам ба?», – деп ойланады. Себебі, ол кезде бір ағасы Саратов қаласында, тағы бір ағасы Алматы шаһарында студент екен. Мұның ойы – әке-шешеге салмақ салмау. Сол кезде әкесі: «Самедбек, сен Жамбыл қаласына өз күшіңмен институтқа тапсырып көр. Жүрегің қалаған мамандыққа. Түссең түстің, түспесең өзің де ауылға қайтып келесің ғой», – дейді. Міне, осы сөз қамшы болып, Самедбек Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына инженер-гидротехник мамандығы бойынша құжат тапсырып, өз күшімен түсіп кетеді. Аталған институтты бітіріп, ауылға келгенмен, өз мамандығы бойынша бір күн жұмыс істемепті. Жол жөндеу бойынша алған қосымша мамандығына қатысты жұмыс табылып, өмір жолы жол саласына қарай бұрылып кете барған. Еңбек жолын қатардағы жол шебері болып бастап, 47 жыл бойы жол саласында тер төкті. Жол бойында талай жаураған күндер, айсыз қараңғы түндер өтті. Беріректе прораб, құрылысты қадағалау инженері, құрылыс компанияларының бас директоры болды. Нақты айтқанда, Сарысу ауданында «Досбол-Шығанақ» жаңа жолының соғылуына атсалысты. Бір ауданның жол жұмысына жауапты болып жүрген сол уақытта орда бұзар отыз жаста еді. Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асановтың тапсырмасымен Қазақстанның сол кездегі автожол министрі Шәміл Хайруллаұлының «Досбол-Шығанақ» жолы туралы жобасын қорғап шыққан. Міне, содан соң барып, қаржы бөлініп, талай жыл ауыл тұрғындарының, әсіресе, малшылар мен механизаторлардың азабына айналған жолдың «жырына» нүкте қойылған. «Біреулер жол жөндеу жұмысын жеңіл деп ойлайды. Жолшының қып-қызыл жейдесіне қызығып қарайтындар бар. Бірақ, қызыл жейдемен қып-қызыл еңбекке араласудың бейнетін сезіне алмайтындар көп. Жолда техника сынады. Жұмыс барысында бәрі де болады. Ең бастысы – жол сапалы аяқталған кезде барлық қиындықты ұмытып кетесің», – дейді жолшы Самедбек Жұмаділдаев. Сонымен қатар, «Бурыл –Байтал – Сарышаған», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Қостанай», «Астана – Бурабай», «Астана – Қостанай», «Шонжы – Қолжат» автожолдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан. Тіпті, Астана мен Алматының кейбір көше құрылыстарында, «Өскемен – Шар» теміржол құрылысында Самедбек Жұмаділдаевтың ерен еңбегі жатыр. Осы еңбектерінің өтеуі болар, 2011 жылы «Қазақстанның Құрметті жолшысы» кәсіби атағына ие болды. «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Отбасында үш перзент тәрбиелеп өсіріп отыр. Ол – үлгілі отбасының басшысы. Жұбайы Сәуле зейнетте. Кезінде Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Самедбек пен Сәуленің береке қонған шаңырағынан тәлім алған ұл-қыздардың да қадамдары құтты болды. Бәрі де жоғары білім алып, еліміздің әр тарапында еселі еңбек етуде. Мәселен, тұңғыш қыздары Анары облыстық сотта қызмет істесе, Меңнұр – облыстық әлеуметтік төлемдерді есепке алу басқармасының бас маманы. Ұлы Нақыш Атыраудағы «ТеңізШевройл» компаниясында еңбек етеді. Мұның бәрі отбасынан берілген тәрбие мен тағылымның жемісі болар.  

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар