Еңбек адамының еңсесі биік болуы тиіс

Еңбек адамының еңсесі биік болуы тиіс
ашық дереккөз
Еңбек адамының еңсесі биік болуы тиіс
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар кәсіподақ ұйымдарының бүгінде алар орны ерекше. Атап айтқанда, жалпы құрамында 1,8 миллионнан астам мүшесі бар кәсіподақтар федерациясы еліміздегі еңбек адамының құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір қоғамдық ұйым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі», – дей келіп, еліміздегі кәсіподақтарға жүктелетін міндеттің жауапкершілігінің маңыздылығына тоқталған еді. Бүгінгі таңда жалпы 23 түрлі саланы қамтитын кәсіподақ ұйымдары мен республикамыздың 18 өңіріндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жұмыс істеп келеді. Олардың барлығы кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға бірілікте!» атты стратегиялық даму бағдарламасының өткен жылға арналған негізгі іс-шаралары мен кешенді жоспарын, Бас кеңестің өткен жылды Қауіпсіз еңбек жылы деп жариялау туралы шешімін негізге ала отырып жұмыс істеді. Атап айтсақ, кәсіподақтар қызметінің ең маңызды бағытының бірі – жұмыскерлердің қауіпсіз еңбекке құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымдарымен «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар, өндірістегі жазатайым оқиғалар деңгейін төмендету және қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған республика көлемінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдармен жүргізген мониторинг деректері негізінде республикадағы кәсіпорындар мен ұйымдардағы өндірістік жарақаттану деңгейіне талдау жасалды. Жалпы, республика бойынша өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда өндіріс ошақтарында жарақат алу жағдайларының 0,3 пайызға өскені байқалады. Ал кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың саны былтыр 1,4 пайызға азайған. Жалпы еліміз бойынша алатын болсақ, 2022 жылы кәсіпорындарда 1232 жазатайым оқиға орын алып, оның салдарынан 1465 адам зардап шеккен. Ал, өткен жылы 1236 жазатайым оқиға орын алып, онда 1437 адам зардап шегіп отыр. Оның ішінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 422 жазатайым оқиға орын алып, 523 адам зардап шекті. Осы орын алған жазатайым оқиғаларда 250 адам көз жұмса, оның ішінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 100 адам қайтыс болыпты. Біздің өңірде 2022 жылы қызмет бабымен байланысты жұмыс орындарында 36 жазатайым оқиға орын алған, зардап шеккендер саны 46 адамды құраған еді. Өкініштісі, өткен жылы айтып келмейтін жазатайым жағдай саны артып, 52-ге жетсе, 66 азамат жарақат алды, 9 адам бақилық болған еді. Осы 52 жазатайым оқиға облыстағы 29 кәсіпорында орын алған. Ал, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 11 жазатайым жағдай тіркелген. Жазатайым оқиғалар орын алған барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың ішінде облыстағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорын ерекше көзге түсті. Атап айтсақ, 52 жазатайым оқиғаның 19-ы «Қазфосфат» ЖШС филиалдарында болған. Сонымен қатар, 3 өндірістік жазатайым оқиға «Golden Compas Jambyl» ЖШС-де, 3-еуі «Жамбыл электр желілері» ЖШС-де, 4-еуі Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында» орын алған. Бұл жазатайым оқиғалар бойынша құзырлы мекемелер тарапынан комиссия құрылып, арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, еліміздің заңнамаларына сәйкес кінәлілер анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар, өткен жылы облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты түрде өткізіліп келген әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырыстарында жазатайым оқиғалар бірнеше рет орын алған кәсіпорындардың мәселесі қаралып, басшыларының есептері тыңдалған болатын. Қабылданған шаралар нәтижесінде «Қазфосфат» ЖШС-де өткен жылдың мамыр-қазан айларында өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жұмыстары қайта жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс берушінің қаражаты есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға қосымша ақы және арнайы тамақтандыруды көздейтін жаңа зиянды кәсіптер тізімі жасалды. Сондай-ақ, өндірістік жарақаттануды азайту және алдын алу мақсатында кәсіпорынның барлық филиалдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлерінің штаттық саны 50 пайызға артты. Облыстағы кәсіпорындарды нөлдік жарақатты көздейтін «Vizion Zero» халықаралық әлеуметтік қауымдастығының бағдарламасына қосу жөніндегі ақпараттық науқанды күшейту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылдан бастап 2023 жыл аралығында осы бағдарламаға облыстың 18 өнеркәсіп кәсіпорны қосылды. Бұл бағытта облыстық кәсіподақтар орталығы мамандары «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өндірістік жарақаттануды болдырмау және алдын алу мақсатында Тараз қаласының және аудандардағы ірі және орта өндірістік кәсіпорындарда 33 кездесу өткізді. Ол кездесулерде еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар мен бөлім басшыларына еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері жан-жақты айтылып, түсіндірілді. Бұдан бөлек, облыстағы 10 ауданда аудандық әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияларының отырыстары өтіп, онда еңбек қауіпсіздігіне байланысты және осы аудандарда жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру мәселелері қаралды. Кездесулерге аудан әкімдері, кәсіподақ өкілдері, жұмыс берушілердің өкілдерімен қатар, ауылдық округ әкімдері де қатысып, аудандардағы өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды. Жалпы, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар осы жазатайым оқиғалардан зардап шеккен азаматтар мен олардың отбасына кәсіподақ жетекшілерінің бастамасымен арнайы қабылданған ұжымдық шарт талаптарына сай бірқатар материалдық және әлеуметтік көмектер көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, сол мекемедегі кәсіподақ ұйымының қаражаты есебінен берілетін материалдық көмектердің де саны аз емес. Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігі өңірдегі әртүрлі саланы қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіріп отыр. Қазіргі таңда облыста бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 1404-ті құрап, ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны 124 мың адамнан асты. Егер облыс көлемінде былтыр 59 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2404 адамға артқан болса, 2023 жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарында 31 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 1242-ге толықты. Жалпы, мүшелік базаның өсу динамикасы жыл сайын артып келеді. Кәсіподақ мүшелерінің артуы жалпы, білім және ғылым, медицина, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, коммуналдық салаларда жыл сайын көрініс табуда. Ал, шағын және орта бизнес саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінде кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстары тұралап тұр. Оның бірден бір себебі, кәсіпкерлік субъектілерінің жетекшілері кәсіподақты өз жұмыстарына кедергі келтіретін, қолбайлау болатын қажетсіз ұйым ретінде санайды. Бірақ кәсіподақ өкілдері осындай негізсіз уәждерге қарамастан, бұл сала өкілдерімен өз еңбек құқықтарын заң аясында қорғау мүмкіндігіне жол ашатын кәсіподақ құру қажеттілігін түсіндіріп келеді. Кәсіподақ ынтымағын нығайту бағытында 2021 жылдан бері бастау алған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы былтыр да өз жалғасын тапты. Тәжірибе көрсеткендей, бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кері байланыс орнату-ондағы әлеуметтік, еңбек құқықтары проблемаларын анықтап, оларды шешу үшін, оның ішінде заңнамалық актілерге практикалық ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді. Өткен жылы онлайн режимде федерацияның басшылығы, салалық кәсіподақтардың және аумақтық бірлестіктердің жетекшілерінің қатысумен еліміз бойынша 30 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі қатысқан 800-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу өткізді. Біздің өңірде өткен жылы аталған акция аясында 23 кездесу ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелерінің көтерген әлеуметтік сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Одан басқа да жергілікті деңгейде және Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс бірқатар сұрақтар кәсіподақ тарапынан бақылауға алынып, жоғары тұрған кәсіподақ ұйымына жолданды. Атап айтсақ, бұл кездесулерде қарапайым жұмысшылардың негізінен ең көп көтеретін мәселелерінің бірі – айлық жалақыны өсіру, өмір сүру сапасын жақсарту, ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылар үшін қоғамдық көліктердің кемдігі сынды проблемалар болды. Осы тұрғыда қаржылық мүмкіндіктеріне қарай, шама-шарқы келгенше қызметкерлерінің жалақысын біршама көтеріп отырған кәсіпорындар да жоқ емес. Жалпы, облыста өткен жылы барлығы 12234 кәсіпорын болса, соның 1503-і өз қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25,1 пайызға арттырды. Бұл 37884 жұмыскердің өмір сапасының артуына ықпал етті. Бір ғана мысал, өңірдегі ең ірі өндірістік кәсіпорын саналатын «казфосфат» ЖШС-і өткен жыл ішінде ешкімді алаламай, барлық кәсіп иелеріне екі рет, 1 қаңтарда 50000 теңгеге және 1 маусымда 30000 теңгеге жалақыларын өсірді. Жалпы алғанда, еліміздің кәсіподақ ұйымдары жыл сайын атқарған жұмыстарын зерделеп қорытындылайды және алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдарын пысықтап отырады. Биылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен бас кеңестің отырысы өтті. Онда осы жылы кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өткізілген қызметінің қорытындылары талқыланды. Алдағы кезеңге арналған кәсіподақтардың алдында тұрған негізгі міндеттердің қатарында Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық Еңбек Ұйымымен бірлесіп, лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын қабылдау қажеттілігін атап өтті. Бұдан басқа, биыл 2024-2026 жылдарға арналған жаңа бас келісімге қол қойылғаннан кейін оның негізінде салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасуды қамтамасыз ету қажеттілігі, кәсіподақтардың өз тарапынан 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын іске асыру қажеттігінің және «Халықтық бақылау», «Vizion Zero», «Aspans» сынды қауіпсіздіктің заманауи бағдарламаларын енгізу жұмыстарының жалғасуы да алға тартылды. Сонымен қатар, әлеуметтік-еңбек даулары саласында жұмыс берушілер және жұмыскерлермен бірлескен оқытуды ұйымдастыру, «Еңбек консультациялары», «Жалпыға бірдей құқықтық білім беру» акцияларын жалғастыру, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау, азаматтарға кеңес беру, жеке еңбек дауларын сотқа дейін шешу, кәсіподақтар мен жұмыскерлер арасындағы байланысты нығайту шараларын күшейту, сондай-ақ әйелдердің лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы кемсітушіліктің барлық нысандарын жою бойынша гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру, жастарды кәсіподақтың жұмысына тарта отырып, жастар саясаты бағдарламасын іске асыру жұмыстарын жандандыру бас кеңестің қаулысымен бекітілді. Бас кеңес отырысының шешімімен осы жылы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, елімізде лайықты еңбек стандарттарын белсенді түрде ілгерілету, еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды іске асыру мақсатында елдегі әлеуметтік әріптестікті нығайту, лайықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сияқты негізгі бағыттарға баса назар аудара отырып, осы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады.  

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар