Атқарылған жұмыс ауқымды

Атқарылған жұмыс ауқымды
ашық дереккөз
Атқарылған жұмыс ауқымды
Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың қатысуымен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының есеп беру жиыны өтті. Жиында аталған басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай өткен атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алға қойылған міндеттер туралы баяндама жасады. Баяндамашы айтып өткендей, облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 514 мекемеге 2023 жылы 13,4 миллиард теңге бөлініп, бюджет қаражаты 100 пайызға игерілген. Ал, биылғы жылға 13,5 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде, іс-шараларға бөлінген қаржы 231,5 миллион теңге. Облыстағы мәдениет, архив саласында бүгінгі күні нақты 3 560 қызметкер жұмыс атқарады. Соның ішінде, шығармашылық саласында 1 931 қызметкер бар. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» және облыстың даму бағдарламалары аясында 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 нысанның құрылысы аяқталды. 2024 жылы 17 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге 3,1 миллиард теңге қарастырылды. Аталған қаражат есебінен 2024 жылы 8 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Қалған 9 нысан қаржыландыру жоспарына сәйкес 2025 жылға өтпелі. Бүгінгі күні облыста 200 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Клуб мекемелерінің 171-і типтік ғимаратта орналасса, 29 клуб ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс істейді. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 457 миллион 940 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Оқитын ұлт» жобасының нәтижесінде 2025 жылға дейін оқырмандардың үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Жоба аясында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану », «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені іске асырылып, «Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі арқылы еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылған. 2023 жылы облыс көлемінде кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 114, 7 миллион теңге бөлініп, 46 554 данаға кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылды. Сонымен қатар, жергілікті ақын- жазушылардың кітаптарын сатып алып, облыс көлемінде тарату үшін кітаптарды басып шығаруға 50 миллион теңге қаралып, Алматы қаласындағы «Абай» баспасы тарапынан әр қаламгермен жеке-жеке авторлық келісім шарт жасалып, 24 мың ақын-жазушының шығармаларынан 24 мың дана кітап алынды. Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстық театр , филармония, архив, музей мекемелерінде, шығарамашылық орталықта атқарылған нәтижелі жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев: «Мәдениет саласында бірқатар жұмыстар атқарылған. Алдағы уақытта да жүзеге асуы тиіс істер көп. Әсіресе, мәдениет ошақтарының құрылысының сапалы аяқталуына ерекше мән берген жөн», – деп басқарма басшысының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар