Отбасына – жылу, Отанына – қамқор

Отбасына – жылу, Отанына – қамқор
ашық дереккөз
Отбасына – жылу, Отанына – қамқор
Жауынгерлік байқауларда тек әскерилер ғана емес, олардың отбасы мүшелері де бақ сынасады. Тараз қаласында әскери бөлімнің Әйелдер кеңесінің бастамасымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5-механикаландырылған бригадасында «Жаны жайсаң жауынгер жылуы» атты әскери қызметшілердің әйелдері арасында байқау өтті. Бұл жолғы байқауда жеңісті сарапқа салған он бір нәзікжанды болды. Жарыстың басты көрермендері – 5-механикаландырылған бригадада қызмет ететін отағасы мен олардың балалары. Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригада – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты ірі жасақтардың бірі. Оның бөлімшелері Таразда ғана емес, облыс аумағындағы аудандарда да бар. Сондықтан, жарысқа тараздықтардан бөлек, Меркі ауданы мен Т.Рысқұлов ауданынан да сайыскерлер қатысты. «Жаны жайсаң жауынгер жылуы» байқауына қатысуға өз еркімен ниет білдірген бригаданың әскери қызметшілерінің жұбайларының белсенділігі көңіл қуантады. – Үміткерлердің ешқайсысына «Байқауға қатыс» деп талап қойған жоқпыз. Барлығы өз еріктерімен құлшыныс білдірді. Бұл отбасын Отан қорғаумен байланыстырған жауынгерлеріміздің жігерін арттырары анық. Біз әйелдердің байқауға қаншалықты ынтамен дайындала бастағанын және олардың қаншалықты белсенді екенін көрдік. Көрермендердің, жанкүйер отбасы мүшелерінің де қарасы қалың болғаны қуантады. Оны көріп өсіп келе жатқан бүлдіршіндер де күні ертең Отанын қорғауға ұмтылады. Осылайша ұрпақ сабақтастығы жалғаса берері сөзсіз,– дейді әйелдер кеңесінің жетекшісі, бөлім командирінің жұбайы Мәдина Құндызбаева. Байқаудың бірінші таныстыру кезеңі де қызықты өтті. Онда әрбір үміткер өз отбасы мен отағасының қызметі жайлы жан-жақты баяндап, бақ сынасты. Әйелдер қауымы таныстыру кезеңінің өзінде әскери дәстүрлерді ұстанды. Үй тапсырмасында отбасының сүйікті тағамын дайындаумен айналысты. Байқауға қатысушылар бір мезгілде дайындаған ас мәзірімен бөлісе отырып, тағам дайындау процесі туралы түсініктеме беруі керек болды. Сондай-ақ, жауынгерлердің жұбайлары әскери киімге жаға тігу шеберлігінен жарысып, білімділік пен тапқырлық танытып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, өнерден де кенде емес екендерін іспен дәлелдей білді. Ән айтып, мың бұрала би билеп, жырдан шашу шашты. «Әйелдер кеңесі ұйымдастырған байқау әскери отбасы мүшелерінің басын қосып, бәрімізге жақсы көңіл-күй сыйлады. Іс-шара біздің ұжымда да, отбасында да татулығымызды таныта білді. Әрбір әскери қызметкердің әйелдері отбасы мүддесін қорғауға шынайы дайын екенін, Отан қорғау жолындағы жауынгерлерімізге шынайы өмірлік серік болғандарын дәлелдеді», – деп атап өтті 5-механикаландырылған бригаданың командирі, подполковник Жәнібек Құранбеков. Байқауға қатысушылардың өнерін қала әкімдігінің, қоғамдық ұйымдардың, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс істеу қызметінің өкілдері бағалап, сарапқа салды. Қазылар алқасының жұмысын «Анаға тағзым» тәрбие орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали басқарды. «Бұл өте жақсы шара, оны ұйымдастырушылар әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің қаншалықты маңызды екенін айшықтады. Байқауға қатысушылар қазірдің өзінде отбасында еліміздің болашақ көрнекті тұлғаларын тәрбиелеп жатқанына сенімдіміз», – деп атап өтті Эльмира Мырза-Ғали. Байқаудың қорытындысы бойынша Гран-приді сержант Алмас Қалыбаевтың жұбайы Ғалия Омарова жеңіп алды. Бірінші орынды майор Қуаныш Еркебековтің зайыбы Айжан Ақтаева иеленді. Екінші орын сержант Мейіржан Исақұловтың жұбайы Гүлнұр Тойшанға бұйырды. Үшінші орынды аға лейтенант Данабек Әнуарбековтың зайыбы Айнұр Әнуарбекова мен сержант Махат Тұрсынбаевтың жұбайы Қазына Көшенова бөлісті. Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз бен жүлдегерлерден бөлек, басқа да белсенді қатысушыларға марапаттар табыс етілді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар