Патриоттық тәрбие – басты міндет

Патриоттық тәрбие – басты міндет
ашық дереккөз
Патриоттық тәрбие – басты міндет
«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мен облыс әкімдігінің қолдауымен «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенімін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» атты әлеуметтік жобасы аясында жастарға кезекті дәріс оқу шарасы ұйымдастырылды. 5513 «Ұлттық ұлан» әскери бөлімде жеке құрам сарбаздары мен облыстық мамандандырылған Күзет қызметі басқармасының мемлекеттік мекемесінде колледж студенттерінің қатысуымен жиын өтіп, дәріс оқылды. Аталған іс-шараға ҚР Ұлттық ұлан ардагерлерінің төрағасы Ақайдар Дүйсенбиев, 5513 Ұлттық ұлан әскери бөлімінің саяси-тәрбие жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Бинұр Ырысқұлов, облыстық Күзет қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Медеу Талқанбаев және БАҚ өкілдері қатысты. Дәріс барысында Президенттің 2024 жылғы 3 қаңтардағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбаты, 22 қаңтарда Мемлекет басшысының төрағалығымен Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөздері, «Жастардың құқықтық сауаттылығы мен құқық қорғау органдарына сенімін арттыру» туралы мәселелер сөз болды. Жиында Президенттің төрағалығымен өткен Ішкі істер министрлігінің басшылық құраммен кеңестегі берген тапсырмалары мен талаптары туралы да айтылды. Іс-шара барысында жастар мамандандырылған Күзет қызметі басқармасының музейін аралап, Күзет қызметінің тағылымды тарихымен танысты. Сонымен қатар, жақында Астанада Халықаралық конференция өткізіп, 10 жылдығын атап өткен «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ мен филиалының жұмысы туралы кеңінен мәлімет берілді. Әсіресе, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, жастардың бойына, санасына ең жақсы қасиеттерді сіңіруі маңызды. Жастар отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Яғни, Отан қорғауға дайын болу, мезгілдік әскери қызметті өзіне зор мәртебе санау және мемлекеттің қолдауы, емтихансыз грантқа жоғары оқу орындарына түсу, несиелерін кейінге қалдыру сияқты мәселелер түсіндірілді. Былтыр Құлан агротехникалық жоғары колледжде бастамашыл жастар арасында «ЖАҢАРУ» бірлестігінің «Жас Қыран» жастар қанаты құрылды. Бүгінде ол бастама Жамбыл медициналық жоғары колледжінде, басқа да оқу орындарында қолдау тауып жатқаны қуантады. Әсіресе, жастар жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетпеуі туралы, кез келген заңсыздыққа қарсы тұруы айтылды. Президент айтқандай, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Ең бастысы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты.  

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар