Қыс қызығы – сырғанақ

Қыс қызығы – сырғанақ
ашық дереккөз
Қыс қызығы – сырғанақ
Қаратау қаласындағы қысқы кереметтің тағы бір көрінісін жаңа ашылған мұз айдынынан тамашалауға болады. Аумағы 2500 шаршы метрді құрайтын нысан тұрғындардың бір мезгіл сырғанақ теуіп, тыныстауына мол мүмкіндік. Жобаны жергілікті кәсіпкер Марат Еркіналиев жүзеге асырған. – Мұз алаңын ашуға күздің соңы мен қыстың басында қамданған абзал. Әйтсе де, «Ештен кеш жақсы» деген, жоспарлы жобамыз қаңтардың ортасында жүзеге асты. Жоба құрылысы мен жабдығына шамамен 40 миллион теңге қаражат жұмсалды. Алдағы уақытта демалыс орнын заманауи тұрғыда жетілдіре түсіп, дәмхана, жылынатын орын, аяқ киім ауыстыратын орындар салуды жоспарлап отырмыз. Бұл алаң қала тұрғындары мен қонақтарының уақыттарын пайдалы өткізетін нысанға айналатынына сенімдіміз, – дейді Марат Сейілбекұлы. Сондай-ақ, кәсіпкердің айтуынша, мұз алаңы жаз мезгілінде де қараусыз қалмайды. Күн жылығанда бұл алаң жастардың ролик тебетін орнына айналмақ. Аудан орталығында бұрын-соңды мұндай нысан болмағанын ескерсек, аталмыш орталық тұрғындардың уақытты тиімді де қызықты өткізуіне таптырмас орын болары анық. Әсіресе, көк мұздың үстінде коньки тепкен балалар мен жастардың қуанышында шек жоқ. Түрлі өлшемдегі 100 дана жаңа коньки мұз үстінде сырғанағысы келген тұрғындарға күнделікті жалға беріледі. Аяз бетіңізді қарыса, ыстық шай немесе кофе ішуге де мүмкіндік қарастырылған. Алдағы жылдары бұл демалыс орталығы аудан жастарының қысқы спорт түрлеріне бейімделуіне де жол ашатындығы сөзсіз.  

Ернар ӘБДІРАЗАҚ,

журналист.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар