Нәтижелі шаралар қабылдануы тиіс

Нәтижелі шаралар қабылдануы тиіс
ашық дереккөз
Нәтижелі шаралар қабылдануы тиіс
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желілерде тұрғындардың жылу жүйесіне қатысты жариялаған шағымдары бойынша Тараз қаласындағы «Ұлы дала» (15) шағынауданына барды. Аймақ басшысы шағынаудандағы бірқатар (№47, 104, 1024, 1025, 1129) көпқабатты үйлерді аралап, беріліп жатқан жылу деңгейі мен жертөлелердегі сорғы қондырғыларын тексеріп, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар бірқатар коммуналдық мәселелерді көтеріп, жылудың тұрақты берілуіне қатысты өтініштерін жеткізді. Тараз қаласының басшылығы жекелеген көпқабатты тұрғын үйлердің жылу желілерінде туындаған ақауларға байланысты қажетті шаралар қабылданғанын айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі мұндағы жылу жүйесіне арналған қосалқы сорғы станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Ербол Қарашөкеев нысанды 10 ақпанға дейін іске қосу үшін жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Бұл өз кезегінде шағынаудандағы тұрғын үйлерді қажетті жылумен тұрақты қамтуға, жылу ағымын реттеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шағынаудандағы жылу жүйелерінің ауқымын ұлғайту жоспарлануда. – «Ұлы дала» шағынауданында жылытуға қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек. Ол үшін жұмыстардың жүйелі жүргізілуі маңызды. Қала басшылығы тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде көңіл бөліп, нәтижелі шаралар қабылдап отыруы тиіс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Ұлы дала» шағынауданындағы жолдардың сапасы сын көтермейтініне назар аударды. Қала әкіміне шағынаудандағы инфрақұрылымның ұлғайтылуына байланысты көшелердің барлығын биыл асфальттаудан өткізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бойынша бір аптада нақты жоспар жобасын құрып, баяндауды тапсырды.  

«Aq jol»-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар