Бердібек Сапарбаев Әулиеатаға келгенде...

Бердібек Сапарбаев Әулиеатаға келгенде...
ашық дереккөз
Бердібек Сапарбаев Әулиеатаға келгенде...
Тақырыпты дәл осылай түп-тегін түгендеп қоймай, әдеттегі  журналистік ойлау қисынымен «Ол киелі Әулиеатаға келгенде» деп сыпайы жазуға да болады. Немесе…қазақ журналистерінің ай мүйізді арғымағы Қайнар Олжай досымның «Қой бағу қиын» деректі кітабындай тура қасқайтып, тағы бір ойлы курстас дос Шархан Қазығұлға ұқсап (өзі ешкімге ұқсағысы келмейді) тұңғыш көркем романына «Күлпет» (қоғамдық конкурста «2022 жылең үздік шығарма» атанған) деп, екінің бірінің басына келмейтін қазақтың көне сөзінен ерекше тауып қойғанындай, бұл эссе-жазбаға көркем де кестелі ойлы атау жарасып-ақ тұрар еді. Алайда, өйте алмадық. Ол кісінің тегі мен есімінің өзі қоғамда баяғыда атақдаңққа телініп кеткен.  Әсілі, әулиелі жер, қасиетті ұлылардың атамекенінде адамдардың аңызға айналуында бір құдірет, бір сиқырлы күш бар секілді дүние. Әуеліден Әулиеата барша қазақтың баратын киелі жері, деп айтқан. «Атыңнан айналайын, Әулие ата!» (Жамбыл). Ресмилеу айтсақ, тəжірибесі мол, абыройбеделі аспандап тұрған вице-премьер Бердібек Машбекұлының сол əулиелі өңірге, Жамбыл облысына əкім болып келуі жоғары жақта басқа реңкте қаралғанын көзі қарақты, саясаттан хабары бар адамдар білді. Бұл тағайындау мемлекеттік басқару жүйесінде де саяси сипаты мен салмағы əдеттегіден өзгешелеу болды. Сонда қалай? Таңдау неге Сапарбаевқа түсті? Сол тұстағы жөн-жосыққа иек артсақ, оқыстан Қордайда дүрараздық тудырған тосын оқиға билікке де, халыққа да еш ұнаған жоқ, күтпеген де болуы керек. Қазақ жерінде өсіп-өнген, жоқшылық пен таршылықта тек қазақтардан ғана пана тапқан дүнген ағайындармен мұндай ашулы кейіпке енудің өзі реніш туғызды, жергілікті атқару органдарының тиісті жəне  ұлтаралық тəрбие жұмыстарында біраз кемшіліктер жіберілгені еш əсірелеусіз едəуір көлеңке түсірді. Мұнымен қатар, жергілікті  жерде ой-өресі өркенді, кəсіби білімді кадрларды даярлау, оларды дұрыс іріктеу мен орналастыру мəселесінде де олқылықтар судың бетіне шыққандай болды. Бір «əттегенайдың» мың батпан қырсығын тазалап, кетіру үшін бұрынғыдан да көп беделді, қалың бұқараның қыбын тауып, қандай да бір шешімді батыл түрде жасай алатын жəне мемлекетшілдігі мықты, азулы басшы қажеттігі туындаған. Үкімет басшысының орынбасары ретінде Қордайдағы қайғылы жағдайдан соң тіршілікті қалыпты, шұғыл ретке келтіру жөніндегі комиссияның жетекшісі болған қысқа уақытта күн мен түн қатқан, түрлі əлеуметтік топ мүшелерімен мəмілелі жиындар өткізген Б.Сапарбаевтың табанды жəне орнықты жұмысы  арқасында  аптыққан, үрейленген, алаңдаған жұрттың көңіл-күйін сабырға түсіріп, қалыпқа келтіруі де  сенімділікті  күшейтті. Сын сағаттарда онсыз да «дағдарыс менеджері» деген атағы бар бас сардар сертке берік, сөзге тастай, іске кінəратсыз қайраткер екенін  тағы да танытып үлгерді. Дүниежүзілік тəжірибеде, күшті мемлекеттердің өзінде аяқ астынан қым-қуыт, қиын-қыстау ахуал орын алған кезде о жаққа ең айбарлы, халыққа сөзі өтетін, тегеурінді саясаткерлер мен белгілі бір ортада кірбің түсірген мəселелерді ақылмен шапшаң шеше алатын жігерлі адамдарды жіберіп отырған. Туа біткен қасиеттері  билікті ұйытқан Сапарбаевты тағы да осы себеппен жəне ойламаған жерден елордадан  күнгейдегі Таразға қарай аттандырған. Тағы да, иə, тағы да дейміз. Кең байтақ қазақ даласын үздіксіз  лауазымды қызмет бабымен шарлап, пешенесіне дəм-тұзы бұйырғаны да бір адамға жетерлік бақыт-абырой болар ма?! Сыр бойы – Қызылорда, Қазығұрт – Түркістан төрі – Оңтүстік Қазақстан, Алтай – Шығыс Қазақстан жəне Батыс – Ақтөбе облыстарында талай жыл бедерінде қыс пен жаз, көктем мен күздің «мазасыз» өмірін тынымсыз өткізген мынадай марғасқа əкімге ауыл, аймақта бұйығып, бұқпантайлап, сырт жатқан құпия-сыр атаулы бар ма, жоқ па, о жағын бүтін білмейміз. Бір білсе, оны Бердібек ағамыз білді. Біздің білгеніміз, қай өңірде болса да оның ұлттық жəне мемлекеттік мүддеде майдангер əкім болғаны. Əп, бəрекелді, желдей ескен ақпарат тасқыны ілезде «Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының əкімі лауазымына тағайындалды» деп жаңалықтарын жарыса таратып  жатты. Бұрынғы əкім Асқар Мырзахметов те обалы не керек, көпшілік жақтаған тəуір əкім болды. Кезінде вице-премьер Б.Сапарбаевтың өзі Асқар əріптес інісімен Тараз қаласының көркін ашқан «Көне Тараз» кешенді алаңын бірге көріп, танысқаннан кейін сұлу, ою-өрнекті, қыштан қаланған ғимараттарды «Кіші Самарқанд» деп əуезді атағаны да көпшіліктің есінде. Ал, енді адамдар да пенде. Саясат та сан қырлы, қалың нулы құбылыс. Жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Өмірде бəрі де болады. Енді қайтеміз? Айтулы қайраткер азамат Асқардың орнына əлдеқалай қоңыртөбел шенеуніктің бірі емес, еліміздегі саяси элита арасында бəсі күшті, басына бақ қонған, беделдінің беделдісі Бердібек ағамыздың келгеніне бəріміз де қуандық. «Жамбылым жайнайды, ТаразƏулиеата одан əрі өркендейді», деген шынайы сенім жүректерге от берді. Кешегі Алаштың ірі қайраткерлерінің інісі келді, дедік бірауыздан. Хакім Абай сөзімен айтсақ, толыққанды адам дегеніміз. Жылы-шуақты, қадірлі қайраткер өзінің жүзтаныс, қарапайым, ықыласты, жайдарлы қалпында Əулиеата жұртының бауырмал құшағына бірден енді де кетті. Бəрі де таныс, досжолдас, тілектес жандарға тəн əрі жарасымды, сыйлас қарым-қатынастан басталды. Бірақ, ортақ жауапкершілікке келгенде ағайын-туыс, жекжатжұрағаттық жарамайды, сұрауы бар. «Қатал болсын, қаhарлы болсын, заң сақталуға тиіс! Бұл Б.Сапарбаевтың Жамбыл облысына əкім болып тағайындалған сəтінде айтқан алғашқы сөзі. Есімде осы сөзі қатты сақталып қалыпты. Күнделігімде де жазулы тұр. Жып-жылы сөйлеп, жақауратып, табан астында иіні жұп-жұмсақ жақсы адам болып көрінгісі де келмеді. Мұның арғы жағында «жетер енді, жігіттер!» деген суықтау талапты сұстылау кейпімен аңғартқанын əкімдіктің алтыншы қабатындағы мəжіліс залында иық тірестіріп отырғандардың барлығы түсінді-ау деймін. Əулиеата тарихында өңірді қай заманда да  басқарған адамдар туралы айту аңызға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жадыда жаңғырту бір ұнамды, қызықты іс сияқты. Мынаны қараңыз,  соноу 1880 жылдары Түркістан губерниясына қарасты Əулиеата уезін он сегіз  жылдай уақыт басқарған жатжұрттық Василий Каллаур деген адамның құрметіне тіптен беріде Тараз қаласының көшелерінің біріне «Əкім Каллаур» деп ат берілгенін естіп пе едіңіз?! Жергілікті өлкетанушылар  оның еңбегі «сол кездегі қаланың əлеуметтік тұрмысы мен шаруашылығын түзеу мен қазақтардың тарихы, ұлттық салт-дəстүрі туралы «Түркістан əуесқой клубы-археологтар үйірмесіне» мүше болып, сол клубтың жинағында жарияланған зерттеу мақалалары үшін» ескеріліп, бағаланды деп тұжырым жасайды. Біз шынында да  ерекше мейірімдіміз, ешкімді сыртқа теппейміз. «Жақсы кісіге əрдайым бір орын бар». Туған халқымыздың сол ежелгі қалпына сай қоғамға аянбай қызмет етіп, ізгілігі мол жақсылық жасаған адамды алаламай, ешуақытта ұмыттырмай, айтып жүретініміз бар. Бірақ, 1939 жылы Жамбыл облысы дербес құрылып, содан бері өңірді басқарған адамдардың бəрі бірдей ел есінде сақталған емес. Əртүрлі. Солай болады өзі. Жамбыл тұрғындары жалпы жүріп өткен өмір жолына айрықша із қалдырған жандарға көп мəн береді. Аңыздар елінің жерінде жүргендей сезінеді. Тағылымды əңгіменің бір ұшы аңызға бергісіз болып шығады. Шығыстың шайыры Фирдоусиді, ортағасырлық ойшыл Ж.Баласағұнды да, Қараханды да əулие адамдар деп санайды. Өзі де солай ғой, дала данышпандарының саналы өмірі өйткені ежелгі əулиелі Тараз жерінде өткен. Қазақ халқының ортақ тұлғасы Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаевтай  атақты мемлекет қайраткерлерінің ізі қалған, ісі жаңғырған өмір жолдарын барлық уақытта өнеге етеді. Кімдерге болмасын атқарған қызметіне баға берсе де дəл осы биіктен қарайды. Демек, ел Едігелері ежелгі ел шежіресіндей танылған Тараз-Əулиеата жылнамасында ғана емес, адамдарының жүрегінде де сақталады. Бəрі де көз алдымыздан өтіп жатыр. Қазақстанның тəуелсіздік жылдарында əкімдік басқару институты енгізілгелі небір азаматтар əкім болды, ара-арасында «көшеде жүрген пақырды əкім бол деп шақырдының» кері келіп, бұл билікке кімдер келіп, кімдер кетпеді… Көне латын тілінде «Су кетеді, тас қалады. Сүрмесі кетеді, қас қалады» деп ойшылдар жазғанындай, біз көбінесе, бұл сөз тіркесін сəл бұрыңқырап, жергілікті кадрларға артықшылық пиғыл, іштарту, жағымпаздық аңғартқанымыз жасырын емес. Ақиқатында қалай? Ел қалады, патшалар да келеді, кетеді емес пе?! Ал, ел аман-есен тұрғанда, халықтың жүрегіне ізгілік нəрін еккен жақсы бектер мен ақылды басшылар мəңгі қалады. Біздің Жамбылдың халқы əкімдер туралы «əй, бір əкімге жарыған едік» деген ойларын əрдайым ашық айта алады. Бұл ыңғайда көпшілік сенімнен шықпаған, қызметінде міні көп əкімдер болғанын да сездіреді. Содан барып, не дейсіз, «ана жылдары облыс əкімі кеткенде апырай, ешкім, ешбір дөкей де шығарып салуға бармапты» деген сөз тарайды. Неге өйтті екен, ұят болған екен, ə! Оңтүстік өңірдің өз ішінде басшылардың өмірінен алынған, кеңінен тараған бір сөз бар.  Ертеректе «Жамбылға таяқ ұстап келгендер тай мініп қайтады» дейді екен. Мұның артында не қалды, ə деген ұғым да тұрған секілді. Бəлкім, бұл киелі өңірдің ырысты-ынтымақты, берекесі мол қасиеттерін қадір тұтып айтылған да болуы керек. Артында оның не қалды дегені дұрыс. Өмірбақи өзгермейтін сұрақ осы. Ертеректе тай мінсе, мінген шығар, енді түйені түгімен жұтатын жемқорлардан, тойымсыз пəлекеттерден сақтасын дейтін болды. Бұған дейін «мен – қазақпын!» деп айтуға бірден-бір хақылы Бердібек ағамызды бар қазақтың əулиелі өлкесі саналатын Əулиеата жерімен етжақын-етене байланыстыратын екі жағдайды білетін едік. Бірі…2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкілхалықтық көлемде атап өтудің мəні зор болды. Жер бетінде адамзат жаратылғалы бері ел, ұлт, тіл, мемлекет деген ұғымдардың ұзынабойғы тарихында қазақ ұлыстары мен қоғамдық бірлестіктерінің өмір сүріп, дүркіреген дəуірлерді қалыптастырғаны айдай анық. Ендеше, өткен тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды дəріптеп, ұрпақтар санасына сіңіру аса қажетті міндет жəне парыз. Той-мереке десе, иə, біздің кейбір басшыларымыздың көбінесе мемлекеттік ісшараның ішкі мазмұнына емес, сыртқы даурықпадаңғазалық жағын күйттеп, дақпыртқа жаны құмар екенін ешкім жоққа шығармайды. Көне жазбаларда Қазақ хандығы байырғы атақоныс Шу жерінде ту тіккен деп тайға таңба басқандай  айтылған. Енді реті келді, ел тарихын жадыда жаңғыртудың қисыны мен қажеттігі туындады. Ақын Ғафу Қайырбековтің өлеңінде «Басқалардың хандары жақсы да, біздікі неге ылғи жаман болған?» деп жырлағаны қалай,ə?! Ендеше…хандық дəуірдің ұланасыр ғажайыптарын МойынқұмШу бойына, жайлау бөктеріне 550 киіз үй тігіп, дүркіретеміз, шулатып өткіземіз деп, сол кездегі облыс атқамінерлері Тараздан 300 шақырым жатқан жайлауға қарай ұбап-шұбап, аттандап шапқылап ала жөнелді. Бұл, айналайындар-ау, қаншама артық шығын, шашылған дүние, тиімсіз жұмсалған қаржы, ішіп, жеп кету, басқалай есте қалатын ешнəрсе емес, деген дəлелді , ақылды пікірлерге кеуде керіп, көкірек қағып, келте ойлайтын шенеуніктер бой бермеді. Бір күні абыр-сабыр Таразға Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет комиссиясы келе қалды. Алқалы жиын өткізді. Дауысы құлаққа жағымды, əр сөзі анық естілетін Бердібек Машбекұлы облыс активінің басқосуында  «Қазақ хандығының тойы Тараз қаласында аталып өтіледі, Керей мен Жəнібек хандарға зəулім ескерткіш те осында орнатылады» деп кесімді тоқетерін айтқанда, бүкіл зал «уh!» деп терең демалғандай болды. – Сіздер осы тойға байланысты əр облыстың арнайы қолұшын созып, көмек беруін қаланы жақсартып, көркейтуге пайдаланып қалыңыздар! – деп ақыл қосты. – Кезінде біз Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекесін мағыналы өткізудің арқасында рухты қала сəулетін жақсартуға оңтайлы мүмкіндік алдық, оны қалай жасағанымызды Түркістандағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ректоры Мұрат Жұрыновтан сұрап көріңіздерші!.. Сөйтіп, əр облыстың жəрдемімен қала ішінде атқарылатын жұмыстар мен жаңадан салынатын нысандардың тізбесін талқылап, бекітіп берді. Егер жолыңыз түсіп, көне Тараз қаласына бара қалсаңыз, əуежай жақтан кіретін əз-Тəуке даңғылының бойында тұрған «Керей-Жəнібек хандар» еңселі ескерткішінің орнын белгілеп берген де Бердібек Сапарбаев екені есіңізде жүргені жөн болар. Бұл ойымызда жүрген сөзімізді Бекеңнің өзіне де еске алып айтқанбыз. Жылы жымиып, сəл ғана күлімсіреген күйінде «Енді солай болды ғой» деп ұяң тартты да қойды. Екіншісі… ана бір жылдары Тараз-Меркі трассасы бойында ардақты ағамыздың перзенті көлік апатына ұшырап, қайғылы жағдайда қаза болған еді. «Жалғыз белгі»  мың жылдық жолаушылар арлы-берлі жұлдыздай ағылған үлкен жол бойында тұр. Тағдыр жазуымен, бұйырған нəсіппен мемлекеттік қызметте ұзақ уақыт өткізген Бекең де бұл күре жолдың ой-шұқырымен қаншама рет арлы-берлі жүрді, теп-тегіс жерде – сол жүректі тыз еткізер  «тас белгіге» бірде кідіріп, бірде дұға жасап, жұлдыз тамып кетердей қиналып, өмір деген жол үстінде қаншама тебіреніп, толғанды десеңізші. Зулаған өмір-ай! Адамдар ағы мен қарасы бірдей, «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, Бірдей екен жақсысы жаманымен» (Қ.Мырза-Əлі) демекші, тіршілік те табиғатыңды түр-түрлі, мың бояулы… Біз оны егемендіктің елең-алаңында Үкімет аппаратының жетекшісі қызметінде брифинг өткізгенінде алғаш көруіміз. Кім-кімнің келешегін болжапты? Жаңа буынның мемлекеттік басқару қызметіне шоқтай жанып, үрлеген оттай үмітпен келуінде бір қисын болатын сияқты. Жаңа елміз, егемен мемлекетпіз деп тыңнан сүрлеу салу қиынға соққанда талантты жастар ошарылып қалмай, білімі мен қарым-қабілетіне арқа сүйеп, жұртты нарықтық қарым-қатынастың қиямет-қайымынан аман-есен, тоз-тозын шығармай алып шығуда ауызға ілінген. Сол алмағайып кезеңде Қызылорда облысының əкімі Б.Сапарбаев туралы жылы пікірге «Егемен Қазақстан» газеті арқылы сараптама мақалада өз көзқарасымызды білдірген болатынбыз: «Ғалым-экономист, Үкіметте қызмет еткен,  ұйқы көрмейтін басшы, ел қамы деп жаны ауырып тұрады, Сыр өңірі сондай риза!.. «Жылы сөзді орынды жерінде естіген де жақсы. Оқырмандар жапа-тармағай іздеп жүріп оқитын  заманда «Егемен Қазақстан» газетінде айтылған бір ауыз сөздің өзі қадірлі еді жəне ол бекер кетпейді. Қоғамдық пікір ұялатады. Ана бір ауыртпалықтар мен өзгерістердің күрмеуі тарқатыла қоймаған жылдарда айтыстартыс, билікке ұмтылушылық пен бақталастық белең алғаны рас. Соның салдарынан жан-жаққа домалақ арыз жазу, кінəсіздерге жаламен күйе жағу, рушылдық ұшқындары мен жемқорлықтың жамандықтары қоғамды теңселтіп, құндылықтарға кері əсерін тигізді. Адал адамдардың қалыпты жəне абыроймен жұмыс істеуіне де қызғаныштың қызыл иті қасарысып бақты. Дəл осындай психологиялық жағдайды бұл кісі де бастан кешті. Соның бірін ғана айтып отырмыз. Қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан облысын басқару қиынның қиыны. Онда түрлі факторлар бар. Талай мықтының тауы шағылып, маңдайын тасқа ұрған. Аузы күйген. Еліміздің бас газетіне «ел атынан» жолданған қалың қатпарлы домалақ арыз кеп түскен. Қиянат көп дейді. Əділдік сұрайды. Ақиқатқа жүгіну үшін редакция тапсырмасымен Шымкентке жеттік. Қасымызда газеттің сол өңірдегі меншікті тілшісі, жандүниесі адалдыққа ғана жаратылған Бақтияр Тайжан бауырым бар. Салақұлаш арызда айтылған, көрсетілген дерек-дəйектің бірін де қалдырмай сұрастырып, құжаттарды тізімдеп, түп-түгел өз қалауымызбен тексердік. Жергілікті адамдармен сөйлестік. Қоғамдық пікірге сауал жүргіздік. Ұят болғанда бірде-бір кінə таққан дерек анықталмады. Жала! Журналистік зерттеудің қорытындысы бойынша облыс басшысы Б.Сапарбаевқа барып, алдын ала айтпай-ақ арыз негізінде сұхбат жүргіздік. Бірақ, шындық жеңеді. Бəрі де ашық, анық айтылды. Ыңғайсыз делінетін сұрақтарға да кідіріссіз жауап берді. Ақталу емес, ар-ожданын қорғап, ақиқатқа арқа тіреу. Бас газеттің беделіне бедел қосқан көлемді сұхбат-мақала қоғамда қозғау туғызды. Сол уақыт өлшемімен алып қарайтын болсақ, танымал саяси тұлға батылдық пен əділеттілік үшін күресе білудің азаматтық-адамгершілік үлгісін көрсете білді. Үн қатқан хаттар көптеп келіп жатты. Əлгі атыжөнін жасырып, редакцияға арыз жолдаған кісілер тарапынан  ешқандай хабар болмады. Құлаққа ұрған танадай тына қалды. Ал, биік лауазым иесінің бұдан кейінгі жолы нағыз ұлтқа қызмет ету баспалдақтарымен көтеріле берді. Жақсыға шаң жұқпайды деген осы шығар. Жамбылға келген жаңа əкіммен аздап таныстығымыздың жөн-жосығы іштей өзімізге сенім əкеліп, бұрынғы құрметімізді одан əрі арттыра түсті. Біз Қазақстан кəсіподақтар федерациясының Жамбыл облыстық аумақтық бірлестігінің төрағасы қызметіндеміз. Əлеуметтік еңбек қатынастары, еңбек шарты, ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігін сақтау секілді өзекті мəселелер кешегі Еңбек жəне халықты  қорғау министрі болып екі мəрте келіп қызмет еткен адамға өте жақын, əр нəрсенің байыбына терең барып, тікелей қолдауы жұмыс істеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы жағдайларды толық қадағалауға үлкен мүмкіндік əперді. Бес саусағындай білетін шаруасы болған соң бəрі де көз алдына анық елестейтін шығар. Дей тұрғанымен, облыста шешімін күткен проблемалар аз емес-тін. Ұзақ жыл мемлекеттік бюджетке иек артып, өздігінен өркендеуі қиын соғатын өңірдің түйінді мəселелері ағымдағы кезеңдермен ғана шешілетін күйде қалып қойған. Бір жыл бедерінде Сапарбаев облыс тарихында бұрын-соңды болмаған қаржы қорын жасады. Мемлекеттен өңірге қаржы бөлудің əділеттілігіне қол жеткізді. Бір ғана Қордай ауданына 35 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл түсіңе кіретін фантастика тəрізді. Ауданның жағдайы жарқырап, жаңарып түзелді. «Туған жерге туыңды тік» акциясы жанданды. Бір жылда асарлатып үй салу əдісімен өңірде мұқтаждығы бар жүздеген отбасын баспанамен қамтамасыз етті. Бұл қауымдасып қарайласу əдісімен немесе жеке бастамалар жобасына тұрғындардың қатысуымен, тері сіңген еңбегімен салынған үйлер 300-ге жуықтады. Əрбір елді мекенде ағайындардың ауызбірлігіне қанат бітірген иманды іс болды. Тіпті, бір дəулетті азамат қаланың көрікті жерінде «Анаға тағзым» орталығын салып берді. Отбасылық тəрбие, əжеаналарға құрмет, ел аналарының үлгі-өнегесі насихатталатын Руханият орталығы десе болады. Жаңарудың жолын ашты. Тараз қаласының үлкенді-кішілі саябағы мен аллеясы да жеке адамдардың жəне ұжымдардың қолдауымен қайта жаңғырды. Барлық ауданда халық сезінетін өзгерістер көрініс тапты. Алып өндіріс орындары мен шағын жəне орта бизнестің тиімді жұмыс істеуіне қажетті қолайлы жағдай туғызды. Бекеңнің жұмыс істеу стилі қандай дейсіз бе? Құдды бір ұйықтамайтын адам сияқты. Сенбі, жексенбі күндері ана бір масайраған шенеуніктер сияқты аңға шығып, карта ойнап, серуен-серілік құру, рахат-қызыққа шалқып, бағынышты адамдарды жүгіртіп демалу, тақсыр кейпінде болу ол үшін өте əбестік, ұят тірлік ретінде қабылданған. Сонысымен талай пысықай еркетотайлардың есін жиғызды. Бірде түу соноу Бетпақдалаға сұғынып, Балқаш көлінің жағалауында ертеден балық аулауды кəсіп еткен Мыңарал ауылының тұрғындары атынан əлеуметтік желіден «Біз, құрметті ағатай, əділдік іздеп əбден шаршадық. Бұл жақта бір топ адам білгенін істеп, есімізді шығарды. Жалғыз мектебіміз бар, бірақ онда да тəртіп жоқ. Өзіңіз келіп, көрмесеңіз, болатын түрі жоқ» деген жазбаны оқиды. Əкімдер əдетте мұндай сипаттағы хатты «Қарастыру үшін»  ауданға ма, аппарат басшысына ма, солай қарай еш ойланбастан сілтеп жібереді. Ол не істейді? Ертесінде, таң азаннан тұрып 400 шақырым шалғайда, қиян түкпірдегі аядай ауылға өзі барады. Мұны күтпеген ауыл, аудан белсенділері аң-таң болады. Қызығы бұл да емес. Бекең жариялылықтың жолын ашу мақсатымен Мыңаралдан əлеуметтік желіге тікелей «эфир» жүргізеді. «Ал, ағайын, не айтқыларыңыз келеді, айтыңыздар! Сіздерді жұрт желіден көріп, естіп тұрады»  демей ме? Ауыл адамдары сасқалақтап қалады. Дегбірі қашпаса да аздап қысылады. Қанша дегенмен жариялылықта ойыңды толқытатын жауапкершілік те бар. Бұл «қызықты видеожазбаны» біз де көре алдық. Мəселе мектептің спорт залында талқыланды. Қызу пікірталас үстінде түйінді сауалдар мен орынды ұсыныстардың шешімі сол жерде табылды. Жең ұшынан жалғасу, ағайынгершілік, сөзбұйдаға салыну секілді құбылыстардың жолы кесіліп, кісілер наразылығын туғызған жайттардың себебі де анықталып, шара қолданылды. Сөйтіп, жаңа əкім үшін ешнəрсе ұсақ-түйек емес, мұң-зарымыз оған жетпейді, естімейді деп жазғыруға болмайтынын ұқтырды. Халық та ұқты. Шенеуніктер де түсінді. Талап қатаң, жауапкершілік сұралады. Пандемия да қыспаққа алып, дегбірі үрей туғызғандай. Жер дүние айтпай келген жұқпалы індеттен қырылып кете жаздаған жоқпыз па? Сондай сұрапыл шақта, жеті басты жалмауыз сықылды қорқынышты ауру екі жылдан астам уақыт кең көсіле шабуға да, ойлағанның барлығын жүзеге асыруға да оңтайлы мүмкіндік бере қойған жоқ. Соған қарамастан Бердібек Машбекұлы қарапайым халықтың қабағына қарап, ауыл-ауылды үзбей аралап, малшы мен диқандардың, Тараз жəне моноқалалардың тұрғындарының талаптілектерін аяқсыз қалдырмас үшін жанұшырып, жанын аямай қызмет етті. Турасында қалай ғана нəтижелі жұмыс істеу қажеттігі мен солай болуды кіші əріптестеріне үйретті. Иə, үйретті! Жанайқайы жиі естілетін Жаңатас қаласын жастар кезінде «Нью Париж» деп əнге қосып, мақтаныш еткен. Негізі осы Қаратау қойнауындағы моноқалада тұсауын кесіп, өнері алысқа кеткен таланттар аз емес. Енді қайдағы «New Paris»?  Бұл «Zhanatas»! Тамылжыған түн. Қалың қараңғылық басқан шақ. Сағат түнгі 24.00-де Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданының əкімі Қанатбек Мəдібекті қасына ертіп алады да Жаңатас қаласының бір көшесі мен бұрылыс-бұрышын қалдырмай аралап шығады. Қала өмірінің түн мезгілінде немен тыныстайтынын өз көзімен көреді. Мəселе неде екенін шамалайды. Қапқараңғыда қаңқайған көпқабатты екі тұрғын үйді көріп «Бұл екі үй неғып тұр?» демей ме? – Бастан-аяқ түгел жөндеп шығуға қаржы жоқ, – дейді аудан əкімі. – Қанша қаржы керек? Жүз пəтерлі осы екі үйге… – Сейсмикалық қуаттылығын тексерттіңіздер ме? – Қаланың қақ ортасында қарауылда тұр. Іргетасы мықты… Сол жұмыс сапардан кейін қолға алып, Сапарбаев қайта салдырған сол 100 пəтерлі тұрғын үйлер бір жыл ішінде келбетін танымастай өзгертіп, пайдалануға берілді. Алғыр басшының өмірінен алынған екі-үш мысалдың өзі оның тұтас келбетінің қайнар бастауынан көп жайтты аңғартады білем. Біз облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері туралы айтуды мақсат тұтпадық. Рухани-мəдени саласындағы жетістіктерді де тізбелемейміз.  Кейбірде шетқақпай қалатын ақын-жазушылар, журналистер, мəдениет жəне өнер саңлақтары жанын түсінетін басшымен талай мəрте əңгімелесіп, ой бөлісіп серпіліп, еңселері көтеріліп қалғаны рас. Зиялы қауым оны жақсы көрді, жанашыр азаматтығы үшін ерекше сыйлады. Əкім де өз кезегінде қарайласып, қолдап отырды. Жамбыл өңірі көштің əдеттегідей орта белінде емес,  көштің басында болғанын ақпарат құралдары көп жазды. Маған кейде осы марғасқа азаматтың биік-биік мансапты мақтаныш-мақсат тұтпайтыны қайран қалдырады. Мансап оны іздеп табатындай ма, қалай өзі?! Ал, кейбір адамдар мансап пен бақытты қайдан табатынын білмей, дал болады. «Егемен ел тарихында Алаштың қай баласы қай қиырдан көрінді?» деген сұраққа жауабымыз дайын сықылды. Ұлтқа қызмет етуде жанын аямайтын ақберен ұлдарың кім сонда? Айтайық. Мемлекеттік саясаттың серкесі, ана тілінде сөйлеп, таза қазақ болмысымен өмір сүріп, нағыз қазақ баласы болып ел басқарған санаулы эталон əкімдердің бірегейі Бердібек Сапарбаев болды деп бағалаймыз. Бұл біздің ғана емес, əлеуметтік əділдікті жанындай сүйетін Əулиеата халқының ай сəулесіндей ақ сөзі. Тұлпар сынды тұлғаның астына тай да, ат та мінгізген жоқпыз. Ақыры біразын ашық тілге тиек еттік қой. Соның ең керегін де, күрделісін де келтірейік. Ең бастысы – артынан жаман сөз ілескен жоқ, елағасы жасында шаршамай, шалдықпай, тыным таппай еңбек етіп, сенім құдіретімен тау қопарған кеншідей əсер қалдырды. Киелі Əулиеата жұртының ақ алғысын алды! Бұл енді керемет дүние! Əңгіме «Əулиеатаға келгенде…» деп айтылатын кезде қазақтың ең дарынды, ел басқарған ұлдарының есімдері ойға оралады. Есте жоқ замандағысы бір дастан. Ғасырлар қойнауынан былайша сыр ағытады: ...1864 жылы қазақтың аяулысы Шоқан Уəлиханов алғаш рет Əулиеатаға келеді. Сол сапарында зерек ұлт перзенті орыс əскерінің қарапайым халыққа жасаған зұлымдықтарын көріп, қатты қапа болып, наразылық көрсетіп кері қайтып кетеді. Өмірлік көзқарастарына күрт өзгеріс əкеледі. ...1917 жылдары Ресейдегі саяси төңкерістің олай-бұлай кезеңінде атақты Сəкен Сейфуллин Арқадан жолға шығып, тірек іздеп БетпақдалаШу арқылы Əулиеата жеріне келеді. Сұңқар ақынды əулиеаталық қайраткер жолдасы Қабылбек Сарымолдаев қарсы алып, барлық қажетті қауіпсіздік жағдайды жасайды. Бұл жайында С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық кітабында жазады. Ел аузында ақынның Əулиеата топырағына табаны тиген сəті жəне оған қорғаныш болғаны тағылымды жағдайда айтылады. …Естеліктер кітабында «1929 жылы Қазақстанның халық комиссары Ораз Жандосов Əулиеата қаласына келіп, Сарыарқадан көшіп келе жатқан ағайындарды отырықшыландыру, олардың күштеп ұжымдастыру саясаты мен қолдан жасалған аштықтың салдарынан етек алған өте ауыр тұрмыс жағдайына нақты көмектесу мақсатымен жиындар өткізеді. Үркердей көштің алдынан шығады. Қазіргі Сарысу ауданының Əулиеата өңірінің аумағында құрылуы Ораз Жандосовтай арда туған ел азаматтарының есімімен тікелей байланысты». Бұл да шежірелі əңгімеге арқау болған. «Кісі мəңгі болмас, мəңгі-ат, ары, Мəңгі қалар оның жақсы атағы» (Ж.Баласағұн). Уақыт та, өмір де бір орнында тұрмайды. Ал, жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді. Біз жоғарыда келтірген үш танымал қазаққа қатысты əңгіме, шақпақ тастай жарқ еткен дəйек ел жады мен жақсыларға деген құрмет емес пе? Ұмыт болмайтын ұлылық екенін аңғартпай ма? Қазір қоғамда кісі қадірін білу жылап көрісетін қасиетке айналған жоқ па? Адалдық туралы да əртүрлі нотада айтатын болдық. Мəселен… «Адал адам бай болмайды, бай адам адал болмайды» деп қазақ айтты ма, жоқ па білмейміз, Африканың бір ойшылының сөзі деп жазып жүргендер бар, рас болса, айтса да дəл бұлай айтпаған шығар, ал, дүние қуған адамның оңбайтыны рас. Қомағай, құлқыны жаман, арсыздау басшылардың тойымсыздығынан қоғам азап шеге бастағанда Сапарбаевтай арлы, иманды басшының жансарайының тазалығы белгілі бір деңгейде қоғамның рухани тазалығына жетеледі. Дегенмен, Сапарбаевтай саңлақтар сирек. Екіншіден, қоғамдық пікір не деді: ел үстінде жалаңдап жүрген арамдар қарасын батырмаса да билікті арбап, бұрынғыдай иектей алмай қалды. Мықты əкім олардың ойсыздықпен дандайсуына жол бермеуге тырысты. Біз – қазақтың ақиық перзенті Бердібек Сапарбаевтың байырғы Əулиеата жеріне, бүгінгі Жамбыл облысына басшы болып келуін сондай бір құрметпен қуана қарсы алып, құп көргеніміздің жəне баянды тірліктерінің мəнін толық ашып айта алдық деп ойламаймыз. Себебі, ол көп қырлы, терең ойлы талантты басшы. Жетінші шақырылған ҚР Парламенті Мəжілісі депутаттығына сайланғанымызда бір қуанған адам болса, саяси дүбірде тілеулестік танытқан, дем берген Ер-Бекең еді… Əрі-беріден соң Əулиеатаға əйтеуір тағдыр айдап, қызмет бабымен келген əрбір есті адамның өздері де кейінірек аурасы иманды ортаны, адамдары ақкөңіл, бауырмал елді қимастық сезіммен, сарғайған сағынышпен еске алдыратын бір тартылыс күші бар екенін мойындап жатады. Ай сəулесі түскен, құт дарыған, киесі қолдаған əулиелі жер ғой. Бір қызығы, Бекең «Біз – Əулиеата тұрғындары!» деген сөзді жиі қолданатын. Бекер емес, əрине. Адам бақыты билік те, байлық та емес, зор адамшылықта екенін ол кісі өзінің мейлінше қарапайым, ашық, жарқын, мəдениетті, орнықты мінез-құлқымен айқындап беріп кетті. Ел мен ұлтқа қызмет етуде Бердібектей абыройлы қазақ қазақтарға көп керек əлі. Мұны қалың ел анық аңғартты, естеріңізде шығар, сол сүйкімді де сырбаз əкімді өз баласындай Тараз қаласынан Астанаға шығарып салу үшін халықаралық «Əулиеата» əуежайына нөпір халық жиналғанын көріп, əрі таңғалдық, əрі сүйсіндік емес пе?! Əулиеата-Тараз тарихында қайталанбас елдік оқиға тəрізді. Елді, жерді сүйген азаматқа, елін көркейту үшін ер үстінде ұйықтап, атқа қонған көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткеріне деген ыстық ықыластың заманауи көрінісіндей болдыау деймін. Шындығында Бердібек Сапарбаев халықтың махаббатына бөленген шамшырақ тұлға болып қалды. Тегінде халық махаббатынан қымбат не бар? Ештеңе де жоқ.  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

 Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар