Әрбір жалған ақпарат үшін жаза бар

Әрбір жалған ақпарат үшін жаза бар
ашық дереккөз
Әрбір жалған ақпарат үшін жаза бар
Бүгінгі таңда әлемдегі технология дамыған сайын ақпарат тарату да, адамдардың тілдесуі де оңай әрі қолжетімді болып келеді. Алайда, бұл жетістіктің теріс жағы да бар. Ол бағытқа, яғни, жалған ақпарат таратуға адамдар өз аяғымен қадам басуда. Кейбір адамдар мұндай әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін білмеуі де мүмкін. Жалпы, жалған ақпарат қалай таралады? Ақпараттық технология қарыштап дамыған жаңа ғасыр адамдар үшін мол мүмкіндік сыйлауын тоқтатар емес. Солардың ішіндегі күнделікті қолданатынымыз смартфондар, түрлі жаңалық пен жазбалар жүктелетін әлеуметтік желілер және хат-хабар қатынасын оңайлатқан мессенджерлер. Дегенмен, адамзат игілігі үшін жасалған мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмайтындар да бар. Олардың бір бөлігі – жалған ақпарат тарататындар. Мұндай жазбалар әсіресе апатты және төтенше жағдайлар туындап, саяси оқиғалар орын алып жатқан кезде көптеп тарайды. Оған сенетіндердің қатарына ресми ақпарат тарататын теледидар және сенімді портал жаңалықтарын көріп, оқымайтын адамдарды жатқызамыз. Сондай-ақ, жалған ақпараттарды белгілі бір топтар ел ішіне іріткі салу мақсатында таратуы мүмкін. Оған қоса, өз ортасында әзіл ретінде айтылған әңгімені таратып жіберетіндер де бар. Сондықтан ресми, расталған ақпараттарға сенім артып, өзіңізге келген ақпаратты сараптамай тұрып таратпау қажет. Әйтпесе, бұл әрекет үшін жазаланасыз.

Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады

Шын мәнінде, сөз – қорғасыннан да ауыр. Мұны жете түсінген халқымыз «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» деп бекер айтпаған. Сондай-ақ, «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп ақпараттың таралу ауқымын сол заманда-ақ тілге тиек еткен. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыратыны рас. Жалған ақпарат жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен елді елең еткізіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік. Екі-үш жыл бұрын елімізде коронавирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарғаны жасырын емес. Жалған ақпарат таратушылар: «Елге жаппай чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осылайша, пандемия кезінде жалған ақпаратттар легі тіпті өршіп кетті. Әлеуметтік желілерде қаншама деректер дәлелсіз таратылды. Мәселен, «Ұшақ арқылы вирусты ауаға шашады екен. Соның салдарынан пәлен адам қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тез тарап кетті. Бұл ақпаратқа қаншама адам сеніп, әлгі вирустың шығу себептерін іздеп әлекке түсті. Іле-шала еліміздің Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Ведомство өкілдері кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс екенін еске салды. ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұрдың айтуынша, қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. «Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, WhatsАpp, тағы басқа мессенджерлер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан, технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал әрі абыройлы әрекет», – дейді ол.

Әзіл сөз де опық жегізеді

Жалған терроризм – қауіпті қылмыстың бірі. Бұған негізінен телефон, мессенджерлер арқылы немесе кез келген басқа жолмен террорлық шабуыл туралы жалған хабарлама тарату жағдайы жатады. Ешқандай жарылыс орын алмаса да, мұндай хабарламалар жұртты дүрліктіреді. Оқиға орнына арнайы қызметтер тартылып, азаматтарды эвакуациялау жүргізіледі. Кейін түпкілікті тексеру шаралары ұйымдастырылады. Елімізде аталған қылмыс түріне барған азаматтарға қатаң жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Мұндай ауыр жаза 14 жастан асқандардың бәріне қолданылады. Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес, айыпты деп танылған адам жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын өтеуге міндеттеледі. Көп жағдайда жалған террористер халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар – сауда үйлері, базарлар, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындарына, әкімшілік ғимараттар мен білім беру мекемелеріне, тұрғын үй кешендеріне, вокзалдар, әуежайларға жарылғыш зат қойылғанын хабарлап, телефон шалады. Мұндай жалған ақпарат аталған мекемелердің қалыпты қызметін бірнеше сағатқа тоқтатып, экономикалық залал келтіреді. Мәселен, ірі қалалардағы бір теміржол вокзалын эвакуациялаудың шығыны 1 миллион теңгеден, ал ірі сауда орталықтарының шығындары бірнеше миллион теңгеден асып түсуі мүмкін. Мұндай қарбаласта кей адамдардың денсаулықтары сыр беріп, жүректеріне салмақ түсіп, инфаркт алулары да мүмкін. Қылмыскерге жаза тағайындауда сот бұл жағдайлардың барлығын есепке алады. Осындай ауыр жазаға қарамастан, кей адамдар терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды қалжыңдағысы келгеннен немесе біреуді қорқыту мақсатында тарататыны белгілі. Бұған дейін аталған қылмысты жасағандардың арасында жасөспірімдер, мастар, психикалық ауытқулары бар жандар, жұмыссыздар, діни экстремистер, бизнес серіктестерінен не жұбайларынан кек алғысы келген азаматтар жиі кездескен. Заманауи технологиялардың арқасында мұндай қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған адамды анықтау еш қиындық туғызбайды. Кей жағдайда азаматтар ойламаған жерден жалған террорист атануы мүмкін. Мысалы, әуежайларда жеке заттарды тексеру кезінде инспектордың «Қол сөмкеңде не бар?» деген сұрағына «Бомба» деп әзілдеп жауап беруінің арты жаппай эвакуациялауға, рейстерді кейінге шегеруге, әуежай мен теміржол вокзалдарының жұмысын тоқтатуға әкеліп соқтыратынын естен шығармаған жөн. Дегенмен, кез келген адам қоғамдық орындарда күдікті затты байқаған жағдайда ол туралы міндетті түрде полицияға хабарлауы тиіс. Мұндай қоңыраулар терроризм актісі туралы жалған хабарлама болып саналмайды. Керісінше, олардың қырағылығы мен қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Бірақ, телефон шалушы мән-жайды анық түсіндіріп, өзін таныстырып, полицейлерге қажетті ақпараттың бәрін бергені абзал.

Арандап қалма!

Жалған ақпарат тарату – адамға абырой алып бермейтін тірлік. Осы орайда, «өтірік өрге баспайтынын» естен шығармаған жөн. Яғни, кім қандай жағдайда ақпарат таратса да, оның түбінде ашылары сөзсіз және заң аясында қудаланары анық. Оның үстіне, әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал, онда жалған ақпарат тараса, зардабын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Мәселен, өткен оқу жылында сабаққа барғысы келмеген астаналық жасөспірім полицейлерге өзі оқитын мектепке «мина қойылды» деп жалған хабарлама бергені есіңізде болар. Алайда, құқық қорғау қызметкерлері мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, қауіп сейілді. Десе де, отпен ойнағысы келген оқушының кесірінен ұстаздар қауымы абыр-сабыр күй кешіп, өзге білім алушылардың мазасы қашты. Дәл осындай оқиға Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да орын алды. Нәтижесінде кәсіпорынға мина қойылғаны жөнінде жалған хабар берген тұрғын екі жылға сотталған. Бірер жыл бұрын әлеуметтік желіде жұртты дүрліктірген фейк ақпарат жағамызды ұстатқаны рас. «Қазақстан Қытай құрамына кіреді» дегенді оқығанда мұның арандату екенін бірден аңғардық. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жалған деректі тарату кімге пайдалы болды? Осынау жалған ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде «qazinform24» атты парақшада жарияланған. Бұл шынайы жаңалықтары жоқ сатиралық аккаунт. Профильде «аккаунт сатиралық контент пен фейк жаңалықтар жариялайды» деп алдын ала ескертілген. Әйтпесе, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы елшілігінің ресми сайты да, Төтенше және өкілетті елшісі де мұндай мәлімдемелер жасамаған. Демек, Қазақстан Қытайдың құрамына кірсе, еліміздің сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар өтірік. Бұл жердегі мәселенің мәнісі – жалған ақпарат таратушылар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көрсетпегендігінде болып отыр. Соның кесірінен қоғамда сәл де болса дүмпу орын алды. Ал, жаңағы парақшаның авторлары өздерін кінәлағандарды әжуалап, «сатиралық, фейк ақпарат екенін алдын ала ескерттік» деп жауап қатудан әрі аспады.

Жалған ақпарға жаза қандай?

Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізбейтіндердің басым бөлігі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар мен саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды. Яғни, арандатушылар ұрымтал сәтті күтіп, дайын отыратын секілді. Біздің елдің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Әйткенмен, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар сынды. Сонымен, жалған ақпар таратушылар қандай жазаға кесілетініне тоқталайық. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Бірақ, жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық яки дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын яки телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұдан бөлек, 273-бапта «терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жазаланады. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. Ал, жалған ақпарат тарату әрекетін психологтар қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді. – Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал, мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі. Жаңағы ақпаратты осы сыртқы күштер таратып отырғанға ұқсайды, – дейді маман. Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.  

Дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар