Ардагерлердің атқарған жұмысы ауқымды

Ардагерлердің атқарған жұмысы ауқымды
ашық дереккөз
Ардагерлердің атқарған жұмысы ауқымды
Облыстық Ардагерлер кеңесінің мәжіліс залында ҚР «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының пленумы өтті. Онда негізінен облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмыстары мен ардагерлер ұйымдарының белсенділігін арттырудағы міндеттері, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен денсаулық сақтау басқармаларының өткен жылы «Ардагерлердің тұрмыс жағдайын жасауға арналған, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа түрлерін жақсартуға бағытталған жұмыстары туралы» мәселелер қаралды. Ауқымды жиынға облыс әкімінің кеңесшісі Берік Бегалиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ильяс Сүгіров, пленум және төралқа, тұрақты комиссия мүшелері, облыстық, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аймақтағы аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аталған басқармалар мамандары, БАҚ өкілдері қатысты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жасаған баяндамасында қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді жан-жақты қамтыды. – Алға қойған ең басты мақсатымыз – ардагерлердің тұрмыс жағдайын, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да түрлерін жақсартуға жәрдемдесу, ардагерлердің жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрінде, ата-бабаның озық халықтық дәстүрінде тәрбиелеуге, оларды қазақстандық патриотизм сезіміне баулуға, мемлекеттік органдармен, басқа да ардагерлік және қоғамдық ұйымдармен, бизнес құрылымдарымен байланыс орната отырып дамытуға, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жоспарларының іске асырылуына атсалысу, – деді. Айтса айтқандай, ардагерлер кеңесінің аймағымызда атқарып отырған шаруалары шаш- етектен. Атап айтсақ, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 78 жылдығы мен ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуы аясында ресми, мерекелік жиналыстардан бөлек, пленум, төралқа басқосуларын, дөңгелек үстел, тәрбиелік- тағылымдық кездесулер, діни сауаттылықты арттыру дәрістері, өнеге сағаттары, мәдени- көпшілік жұмыстар, кездесулер, жиындар өткізді. Ардагерлер ұйымы былтырғы жұмысын 2022 жылы қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің атқарған жұмыстарын қорытындылаудан бастаған-ды. Нәтижесінде облыс бойынша 106 балл жинақтаған Жуалы аудандық ардагерлер кеңесіне 1-ші орынды, 96 балл жинақтаған Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесіне 2-ші орынды, 91 балдан жинақтаған Қордай және Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңестеріне 3-ші орындарды тағайындаған. Облыс көлемінде «Шешендік өнер – асыл қазына» атты үлкен іс-шара ұйымдастырылып, онда «Жылдың үздік биі» анықталып, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Шора Исқақов «Үздік би» атанды. Екінші жартыжылдық та табыссыз болған жоқ. 3244 адам қатысқан 77 дөңгелек үстел, 230-дан астам адам қамтылған 7 кездесу, 115 адам қатысқан 3 кеңейтілген жиналыс, 120 адам қатысқан 3 конференция, 62 адамдық 1 форум, 87 адамдық 2 кеңес отырысы, 70 адам қамтылған бір көшпелі семинар, 139 адам қамтылған үш семинар-кеңес, 284 адам қамтылған жеті сұхбат пен диалог, 164 адам қатысқан 2 ардагерлер фестивалі мен концерт, 292 ардагер қамтылған 4 көрме ұйымдастырылған. Ардагерлер Қазақстанның және облыстың тарихи жерлеріне үш рет саяхат жасап, оған 135 ардагер қамтылған. Сондай-ақ, 16 спорттық іс- шара, спартакиада жоғары деңгейде өткізілген. Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауы. Жаңа экономикалық өзгерістер, жаңа заманның тұлғасын қалыптастыру секілді Мемлекет басшысының идеялары аға буынның да көкейінен шыққандықтан, аймақ ардагерлері Жолдауды түсіндіру мен насихаттауда да ең алдыңғы лектен табылыпты. – Ұрпақтар сабақтастығын дәстүрлі жалғастыру мақсатында аға буын өкілдері жас ұрпақ тәрбиесіне көбірек араласа бастады. Мектептерде, колледждер мен университеттерде, жастар орталықтарында жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Біле-білгенге, ардагерлер – үлкен күш. Тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға ұрпаққа жүктелер жауапкершілік жоғары. Ең бастысы, ардагерлеріміз осы парызды терең сезінеді, – деп түйіндеген Еркінбек Солтыбаевтың сөзінен кейін Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, төралқа және пленум мүшесі Күләш Әбдікешова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, пленум мүшесі, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, пленум мүшесі, Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жарыссөзге шықты. Оңласын Есіркепов өз сөзінде осы жиында бірлесе талқылап отырған мәселенің өңірімізде ғана емес, бүкіл қазақ қоғамында алар орны айрықша маңызды екеніне тоқталды. – Соңғы жылдары қоғамда орын алған дау-дамайларды, адамдардың бір-бірімен келіспеушіліктерін сотқа жеткізбей шешудің баламалы жолдары қарастырылуда. Сол мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер- жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады. Нәтижесінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен жоғарғы сот өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Орталық кеңес «Дәнекер» пилоттық жобасын жасап, ережесін бекітті. Жобаның мақсаты – медиация заңын басшылыққа алып, дау-жанжалды шешуде қазақ билерінің тәжірибесіне сүйеніп, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру. Осы үдеріс аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 18 қарашасында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал, 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 7 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл парасаты мол, біліктілігі зор, тәжірибеге ие, дуалы ауызды, уәлі уәжді ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі жақты бәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда, – деді Оңласын Қарабайұлы. Облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен былтыр 5 алқа мәжілісі, 11 дөңгелек үстел, 6 семинар-кеңес өткізіліп, 771 азамат қоғамдық қабылдауда болған. Облыстық, аудандық билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігінің арқасында 1082 дау-дамайлық іс қаралыпты. Оның ішінде соттан алып қаралғаны – 550. 255 «Еңбек» құқықтық істердің 238-і , 1082 «Отбасылық» құқықтық істердің 730-ы татуласумен бітімге келген. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұханов пен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Досмайлова баяндады. Гауһар Жұмабайқызының айтуынша, аудандар мен ауылдарда 391 денсаулық сақтау нысанында, оның ішінде емханалық ұйым – 24, аурухана – 26, дәрігерлік амбулатория – 122, ФАП – 53, МП – 152 (ғимаратсыз – 5), 1 жедел жәрдем стансасы ел Үкіметінің «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» 2020 жылғы 16 қазандағы қаулысына сәйкес медициналық көмек түрлері көрсетіледі. Мүгедектігі бар азамат өз санатының жеке оңалту бағдарламасы негізінде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталы арқылы өтініш білдіре отырып, шипажайға бару мүмкіндігі бар. 2023 жылдың 9 айында «Айша бибі» шипажайында жалпы 1500-ге жуық тұлға ем алған. Ал, «Меркі Родон» шипажайында артрит, полиартрит, омыртқа аурулары, әйелдер ауруы (гинекология), жүрек, тері аурулары, қант диабеті (2-топ), жүйке ауруы бойынша ем жүргізіледі. Былтыр 9 айда жалпы 6000-ға жуық тұлға ем қабылдаған. Сонымен қатар, бүгінгі таңда оңалту орталықтарынан 60 жастан асқан 400-ге жуық тұлға ем қабылдапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы соңғы жаңалықтың бірі – Ақылмандар кеңесінің құрылуы. Ақылмандар кеңесі – қоғамдық- әлеуметтік өмірдегі маңызы жоғары саяси қоғамдық институалдық мазмұндағы, басында ел ағалары тұратын халықтық кеңес. Ол алқалы кеңесші орган болып табылады. Құрамына денсаулық сақтау саласында қызмет еткен ардагерлер кіре алады. Төрайымы денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері Жұмакүл Абылғазина. Келесі кезекте сөз алған Жұмакүл Абылғазина жаңадан құрылған кеңестің ерекшеліктері мен тиімділігі, «Емдеу мекемелерінің халыққа көрсетіп жатқан қолжетімді қызметтері» жайлы деректер мен мәліметтерді алға тартты. Айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс- пікірлерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары назарға алынып, шешім шығарылып, қаулы қабылданған пленумды ардагерлер жағымды жаңалықтармен тәмамдады. Жыл қорытындысы бойынша қала, аудан ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері бағалы сыйлықтарға ие болып, дипломдармен, төсбелгілермен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев ауыспалы «Аялы әже» символикалық белгісін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ильяс Сүгіровке тапсырды. Өз кезегінде сөз алған И.Сүгіров облыстық Ардагерлер кеңесінің жұмысына көңілі толғандығын, жамбылдық ардагерлер ісін алматылық аға буын өкілдеріне үлгі ете баратынын жеткізіп, алғысын білдірді. Ауыл, аудандардан келген ардагерлер облыс орталығында жақында ғана ашылып, іске қосылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығына барып, жұмыстарымен танысты.  

Ұқсас жаңалықтар