Әуелеген әсем ән

Әуелеген әсем ән
ашық дереккөз
Әуелеген әсем ән
Топырағында талай тұлғалар түлеген мерейлі Меркі жері былтыр 95 жылдық мерейтойын атап өткені белгілі. Бұл өлкенің ашылмаған сырлары көп. Тарих қойнауында құпия күйде қалып кеткен рухани құндылықтар да жетіп жатыр. Кезінде елді ауызына қаратқан айтыскер ақындар, білекті палуандар мұнда да өмір сүрген. Бірақ, олардың атағы ауыл ішінде ғана шығып, қарапайым ғұмыр кешкен екен. Тойтомалақтарда ғана топ жарып, өнер көрсеткен сол таланттылар бүгінде жастарға беймәлім. Сол елеусіз қалған таланттылардың есімін, олардың өнерін елге жария ету – осы салада жүргендерге парыз. Мыңқазан атты аядай ғана ауыл бар. Кеңестік кезеңде «Ворошилов» деп аталған. Қызылша, картоп, бидай, арпа тағы басқа өнімдерді өндіруден алдына жан салмаған халықтың еңбегін сол кездегі билік жоғары бағалаған. Аудандағы мал шаруашылығының өркендеуінде де мыңқазандықтардың қосқан үлесі зор. Сол кезеңдердегі еңбекші халықтың арасынан небір өнерпаздар шықты. Қара жұмысшыларға мәдени демалыс ұйымдастыру бағытында ел ішінен халық театрлары мен халықтық ансамбльдер құрылып, көпшілік көңілін көтерді. Жайлауда, егін даласында, қырманда еңбекшілердің назарын әзіл мен әнге бұрып, оларға рухани демалыс сыйлады. Бүгінде солардың ізін жалғап, ауылымыздан «Асыл әжелер» әуесқой әжелер үйірмесі құрылды. Құрамында 9 адам бар. Олар бүгінде баянның сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтады. Ауылдағы, аудандағы мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жүр. Жетекшісі – Айсұлу Қосақбаева, сүйемелдеушісі – Жемісхан Қадірсізов. Бұрын ауылдың кино орталығы болған ескі клубтың қабырғасы сөгіліп, жарамсыз күйге түскені елге аян. Қазіргі таңда сол клубтың орнынан су жаңа мәдениет ошағы бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Өткен жылдың соңында осы ғимарат ашылғаннан бастап ауылдағы мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып жүрген «Асыл әжелер» үйірмесінің құрамындағы әжелерімізге тұрғындардың алғысы шексіз. Талай жылдан бері осы мәдени нысанның жетіспеушілігіне қынжылып жүрген мыңқазандықтар қатты қуануда. Мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен жастары да концерттік бағдарламаларға белсене қатысып жүр. Кейбір ауыл жастарының біз білмейтін жалынды өнерін енді байқап жүрміз. Олардың бойындағы жасырын жатқан дарындарының ашылуына да осы «Асыл әжелер» үйірмесі себепші болды деп ойлаймын. Үйірме құрамындағы әжелеріміз зейнет жасындағы кісілер. Ісшараға киетін кимешектерін өз қаражаттарымен тіктіреді. Осы әжелерімізге қарап өскелең ұрпақ үлгі алса екен. Бұл кісілердің барлығы өмір көрген, бүгінгі буынға ақыл айта білетін аналар. Үйірме жетекшісі, 8 перзентті өмірге әкелген алтын құрсақты батыр ана Айсұлу Аязқұлқызы: – Мәдениет ошағы – өнердің оты сөнбейтін ошаққа айналу керек. Қариялар жастарға үлгі болуы шарт. Сондай-ақ, ауылдағы өскелең ұрпақтың мәдени, рухани дамуы қоршаған ортамен тығыз байланысты. Күнделікті смартфоннан көз алмайтын жеткіншектер ертең кім болмақ? Таңнан кешке дейін телефонға үңілетіндердің бос уақыттарын тиімді өткізуге алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет. Жаңа ғимарат бой көтеріп, клуб ашылады дегеннен бастап біз де қимылдадық. Құдай берген бойымыздағы өнерді көрсетейік деп ауылдағы замандастарымды үгіттедім. Олар да тартынып қалмады. Әйтеуір барымызды салып ән айтып жүрміз. Ауыл мен аудан жұртшылығы да жылы қабылдап жатыр. Жемісхан есімді қайным да баянымен сүйемелдеп, жанды дауыста ән шырқауымызға үлкен көмегін тигізуде. Репертуарымызда бүгінде ұмыт болып бара жатқан халық әндері бар, – дейді. Ал, сүйемелдеуші Жемісхан Қадірсізовтің сөзінше, ауыл халқы мәдени жағынан жаңғырып жатыр. Бала кезден дос болған баян аспабын қайтадан қолына алған ағамыз әжелердің ән айтуына сүйемелдеушілік жасап, бір марқайып қалғанын жасырмады. Ауыл халқына өнерін паш етіп жүрген әжелеріміз мың жасасын. Адам жасымен емес, артында қалған хатымен мың жасайтыны ақиқат. Мыңқазандықтар мерейін өсірген әжелеріміздің әні әлемді әлдилесін.  

Нұржан ӘЛІШ

Меркі ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар