Балалар қылмысы белең алмасын десек...

Балалар қылмысы белең алмасын десек...
ашық дереккөз
Балалар қылмысы белең алмасын десек...
Кәмелет жасына тола қоймағандардың әлдекімді жылатып, әлімжеттік жасап, ұрлыққа қатысы бар екенін естудің өзі ауыр. Бірақ, бұл өмір. Ал, өмірде балалар да кейде үлкендер сияқты зиянды әрекет жасап, бұзақылық танытып, қылмысқа барып жатады. Ащы да болса өмірде кездесетін шындық. Ойын баласының ойнақтап жүріп әлдебір ортаға қосылып от басып қалуы, аракідік кездесіп жатса, кейбір жастың бар болмысы табиғатынан бұзықтыққа бейім екенін байқауға болады. Зор ілтипат пен сыпайыгершіліктің, әке-шеше махаббатының гармониясын көріп, ізгі тәлім-тәрбиесін алған балалар да кейде сотқарлыққа, теріс қылыққа жақын өседі. Сонда бір баланы орта, екінші баланы отбасындағы немқұрайдылық пен жоқшылық бұзады. Сондықтан да балалар қылмысының алдын алу, оларды бұзақы мінезден арылту барысында түрлі айла-тәсіл қолдануға тура келеді. Себебі, бүгін болмашы затты рұқсатсыз алған бала, ертең біреуді тонауы мүмкін. Үйде бауырларына әлімжеттік жасап үйреніп қалғандар, сыртта да соны қайталайды. Балалардың мінез көрсетіп, бой көтергенін кейде ержетті əдетке балаймыз. Түн қатып жүруін «досымен сырласып жүр» деп көңіл бөлмейміз. Көзіндегі жұмбақтың жауабын шешіп, көңіліндегі сырын оқуға үңілмейміз. Өйткені, үлкендер үшін олар қашан да ойнап жүрген бала болып қала береді. Алайда, олар қалай ойнап жүр? Ойыншығы не? Досы кім? Ортасы қандай? Үйдегі мен түздегі бейнесінің айырмасы бар ма? Кейде осы мəселеге келгенде үлкендер осалдық танытып қояды. Ал, оңы мен солын тани қоймаған бала кейде еркіндіктен ессіздікке ауысып, өзінің қалай қылмыс жасап қойғанын білмей де қалады. Облыс аумағында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша кəмелетке толмағандар 83  қылмыс жасаған. Орын алған жалпы қылмыстың 39-ы мал ұрлығы. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі көбіне əлеуметтік теңсіздікке келіп тіреледі екен. Балалар қылмысының алдын алу мақсатында жауапты мамандар жыл басынан білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары прокуратура мобильдік қызметкерлерімен бірлесіп «Жасөспірім, «Түнгі қаладағы балалар», «ЖасөспірімЗаң-Қауіпсіздік», «Қауіпсіз мектеп» атты жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. – Күнделікті өткізген рейдтік жəне профилактикалық шаралардың нəтижесінде, түрлі қылмыстық жəне əкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін облыстық полиция департаментінің  полиция бөліміне 7329 кəмелетке толмағандар жеткізілді. Сонымен қатар, 519 кəмелетке толмаған, 253 жайсыз отбасы анықталып есепке қойылды. Ал, 61 тұлға ата-ана құқығынан айырылды, арнайы мектепке 19  жасөспірім оқшауланды, 334 кəмелетке толмағандар бейімдеу орталығына орналастырылды. Кəмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан 283 іс қаралды. Кəмелеттік жасқа толмағандардың аумақтық инспекторлар, облыс аумағында орналасқан барлық білім беру орындарында, мамандармен бірлесе отырып, ата-аналармен, жасөспірімдермен кəмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы тақырыбында профилактикалық түсіндірме жиналыстары жүйелі түрде өткізілуде, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызмет басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Алдибеков. Өзін «Марат» деп таныстырған баланың жасы 15-те. Ол ұрлық жасап тəртіп сақшыларына ұсталған. Ол өз ісінің дұрыс еместігін білсе де, ұрлыққа отбасы жағдайының  төмендігінен барғанын айтады. – Сыныптағы балалардың бəрінде ұялы телефон бар. Əдемі əрі жаңа киінеді. Менің əке-шешем ажырасып кетті. Бес бауырыммен анамның қолында тұрамыз. Бірде аш, бірде тоқпыз. Анамның тапқан-таянғаны аздық етеді. Маған «ананы алып бер, мынаны алып бер» деп айтқан емеспін. Бірақ, іштей қызығатыным рас. Сөйтіп жүріп алғашында дүкеннен ұсақ-түйек зат ұрлап жүрдім. Ешкім байқамады. Кейін сотканы қалтама салып алып шықтым. Алайда, қарауылға ұсталып қалдым. Өз ұялы телефоным ескі, жаңасына осылай оңай жолмен қол жеткіземін деп ойлаған едім, – дейді ол. Жасөспірімдерді түзету мекемесіне желім иіскеп жүрген жерінен жеткізіліп, біршама уақыт сол орталықты мекен еткен 14 жасар Нинамен тілдескен едім. Ол ата-анасы жұмысқа кеткенде, үйіне достарын жинап алып, желім иіскеуді əдетке айналдырғанын айтады. – Желім иіскеудің зиян екенін, темекі шегудің  дұрыс еместігін білдім. Бірақ, олардан бас тарту қиын болды. Желім иіскеп болған соң масайып, үйдегі бұйымдарды сындырып, көшеде адамдармен төбелесе беретінмін. Ендігі арманым, барлық зиянды əдеттерді тастап, жаңа өмір бастағым келеді, – дейді Нина. Ал, Айым болса бірнеше жыл бойы көшеде кісі тонаған. Ол өзінен кішілердің киім-кешек, заттарын тартып алып, бермесе соққыға жығып кетуді əдетке айналдырған. Ол өз кінəсін тұрмыс жағдайының төмендігінен көреді. Осы  тұрғыда психолог Мира Өскенбаеваға «Балалар неге немесе қандай жағдайда  қылмысқа барады?» деген сауал қойып, тілдесіп көрген едік. – Ең алдымен бұл сұраққа əлеуметтік тұрғыдан жауап іздейтін болсақ, отбасындағы тəрбие, балаға үлкендердің қарым-қатынасы, ортасы əсер етеді. Одан бөлек, əлеуметтік желіде бала қажетсіз дүниені көп көріп жүр. Балалардың психологиясының, нақтырақ айтсақ, рухани дамуындағы əлсіздік, жауапкершіліктің жоқтығы, сенімсіздік, жұмысты соңына дейін апармау – осындай осалдықтың барлығы баланың мінез-құлқына тікелей қатысы бар. Егер ата-ана баласының қажеттілігін қамтамасыз ете алмаса, қажеттіліктің салдары да балаға қатты соққы алып келеді. Сондай кезде өзге бағытта қалыптасу жолын іздеген бала міндетті түрде ұрлыққа жəне басқа да қылмысқа барады. Бұрынғы бала мен бүгінгі баланы салыстыруға келмейді. Қазіргі балалардың қолында барлығы болғанымен, бəрін басқаша қабылдайды.Бұрынғының адамдары əлдене жасағанда «ұят» деп шешім шығарса, қазіргінің балалары бұл түсінікті жоққа шығарады. Олардың «мендері» шектен тыс эгоизмге құрылған, – дейді психолог. Осы орайда «ата-əженің құндылыққа құрылған тəлім-тəрбиесінен немересін алыстатқан бала мен келін заманауи ұрпаққа не айтады дерсіз? Қазіргі ата-ананың ақылы да өзі іспетті ұялы телефонның төңірегінде қалып бара жатқан жоқ па осы?» деген ойға қалдық.  Бұрынғының сарқыншағы ретінде қабылданған қасиет, түсінік, ұят пен обал-сауап тəрбиенің төрінен түспеуі керек-ау деген тұжырымға келдік...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар