«Қонаевпен 28 жасымда алғаш кездестім»

«Қонаевпен 28 жасымда алғаш кездестім»
ашық дереккөз
«Қонаевпен 28 жасымда алғаш кездестім»
Дінмұхамед Қонаевтың қайраткерлік һәм кісілік келбеті туралы естеліктер көп. Тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі. Осы орайда облыстық Билер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Оңласын Есіркеповпен сұхбаттасқан едік. –  Оңласын Қарабайұлы, сіз Əулиеата өңірінде ұзақ жыл басшылық қызметте жүрдіңіз. Көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз көп. Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевпен кездескен сəтіңіз туралы айтып берсеңіз... –  Мұндай сəтте шындыққа сүйену бəрінен қымбат. Аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының өзі «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп кітап жазғанын көпшілік біледі. 1972 жылы Қазақстан комсомолының 50 жылдық мерекесіне орай Алматыда үлкен жиын өтті. Сол жиынға жамбылдық делегацияны сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ташболат Байталиев бастап барды. Мен ол кезде Жамбыл қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. 28 жаста болатынмын. Əлгі, мерейтойлық жиынға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қатысып, сөз сөйледі. Комсомол ұйымына жүктелетін міндеттерді саралап, түсіндіріп өтті. Қазақстанның жалауына Ленин орденін тақты. Сол маңызды жиынның бір сағаттық үзілісінде Дінмұхамед Қонаевпен кездесудің сəті түсті. Жамбылдық делегациямен де жарқын амандасып, қолымызды алды. Бəрімізге байыппен, асықпай көз тастап, атқаратын қызметімізді сұрады. Маған назар аудара отырып: «Осындай жас азаматтардың комсомол  жұмысында басшылық жасап жүргені жақсы. Партия мен комсомол ұйымына осындай жігерлі азаматтар қажет», – дегені көңілімізге нұр құйған болатын. – Одан кейін ол кісімен кездестіңіз бе? Дінмұхамед Ахметұлының қандай қасиетін ерекше атап өтер едіңіз? – Қонаев барлық облыстарды жиі аралайтын. Жамбыл облысына да жылына кем дегенде бір рет келіп тұратын. Ол кезде мен Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы едім. Дінмұхамед Ахметұлы Жамбыл қаласындағы өндіріс орындарына, еңбек ұжымдарына соғып тұратын. Сондай сəттерде Тараз қалалық партия комитетінің бірінші хатшысымен бірге ол кісінің қатарында жүрген кездеріміз бар. Жалпы, сол кездегі Жамбыл қаласын дамыту бойынша берген тапсырмаларын да құп алып, орындауға кіріскенбіз. Бірақ, тікелей кездесіп, жеке əңгімелескен емеспін. –  Жалпы, Қонаевтың кісілікті тұлға болғаны көп айтылады. Осы туралы айтып өтсеңіз... – Ол кісіні тарих оң бағалап, асыл қасиеттері мен атқарған орасан жұмысы қазіргі таңда да бағаланып келеді. Ширек ғасыр Қазақстанды басқарған Қонаевтың туған Отаны үшін атқарып кеткен қызметі өлшеусіз. Еліміздің экономикасын ерекше көтеріп, ауыл шаруашылығында да ерекше өрлеуге қол жеткізді. Ел азаматтарын сол табыс жолына жұмылдыра білді. Елімізде өндірісті дамыта отырып, бірнеше қалалардың жаңадан бой көтеруіне тікелей ықпал етті. Қонаевтың қолдауымен салынған қырықтан астам қаланың талай жыл қазақ еліне қызмет еткенін білеміз. Оның ішінде біздің өңірдегі Қаратау мен Жаңатас қалалары да бар. Бұл шаһарлар əлі де болашағы жарқын қалалардың қатарында.  Қонаев сол кездегі ел астанасы Алматы қаласының өркендеп, дамуына да ерекше үлесін қосты. Ол кісі ел басқарып тұрған кезде Алматыда Мұхтар Əуезов атындағы академиялық театры, цирк орталығы, «Республика сарайы» салынды. 25 қабатты зəулім де еңселі қонақ үй бой көтерді. Дінмұхамед Қонаев ұзақ жыл СОКП Орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі болды. Үлкен мемлекеттің саяси бюросының мүшесі ретінде Жапонияға, Үндістанға, Монғолияға КСРОның делегациясын талай рет бастап барды. Міне, бұл – қазақстандықтардың үлкен мақтан ететін мəліметі. Он бес одақтас республика басшыларының ішінен КСРО делегациясын Қонаевтың бастап баруы – Отанымыздың абыройы болатын. Ол кісі терең білімді, қарапайым, адалдық пен адамгершілікті қатар ұстай білген, болашақты болжай білетін дана басшы болды. Əлемдік аренада өзін танытып, сол абыройын елінің дамуына жұмсады. Өз елін ықпалды күштерден қызғыштай қорғай білді. Сондықтан, қазақ елі Дінмұхамед Қонаевты өте жақсы көреді. Зейнетке шыққаннан кейін де елге сыйлы, жұртына абыройлы болды. Халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалы біздің облыста белсенді жұмыс істеп келеді. Сол облыстық филиалдан тұрғындар Қонаевқа қатысты көп деректерді іздеп таба алады. – Əңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар