Бес инвестордың мәселесі оң шешімін тапты

Бес инвестордың мәселесі оң шешімін тапты
ашық дереккөз
Бес инвестордың мәселесі оң шешімін тапты
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Кеңеске облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаттары және өңірдің ірі инвесторлары қатысты. Облыстық прокуратура жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында өңірлік бақылаушы, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы таныстырылды. Өз сөзінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров прокурорлық сүзгі инвесторларға қысымды төмендететінін айтты. Жобаға сәйкес алдағы уақытта бақылаушы және уәкілетті органдар инвесторларға қатысты шектеу, тыйым салу шараларын қабылдау туралы барлық шешімдермен келісуге тиіс. Осы мақсатта облыс прокуратурасы инвесторларға тәулік бойы және демалыс күндері барлық проблемалық сұрақтар бойынша прокуратура органдарына жүгінуге мүмкіндік беретін сараптамалық кеңестің құрамы мен прокурорлардың жұмыс тәртібін қайта қарады. Прокурорлардың араласуымен өңірде 5 ірі инвестордың мәселелері шешімін тапқан. Облыс прокуратурасы өткен жылы 9 мың кәсіпкердің құқығын қорғаған, оның ішінде жобалары 230 миллиард теңгеге инвестиция салуды және 720 жұмыс орнын құруды көздейтін 5 инвестордың проблемалары шешіліпті. Атап айтқанда, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі прокурорлардың үйлестіруімен «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қорында несие желісін ашуға мүмкіндік алған. Одан бөлек, прокуратураның бастамасы бойынша қалдықтарды энергияға қайта өңдеудің отандық нарығындағы бәсекелестікті шектейтін Экология министрлігі ережелерінің күші жойылды. Бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, облыс әкімдігі мен прокуратурасы жүйелі негізде қолдау жүзеге асырылатын инвесторлардың өңірлік тізбесін құру туралы шешім қабылдады. Облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы «Біз прокуратура органдары инвесторлар мен бизнес қауымдастықтар арасындағы өзара байланысты, қарымқатынасты қамтамасыз етеміз. Аумақтық прокурорларға Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті жерлерде «прокурорлық сүзгі» жобасы бойынша тиісті түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл жұмыс инвесторлар мен кәсіпкерлердің өзекті шешілмеген мәселелерін ашуға бағытталатын болады», – деді.

Ұқсас жаңалықтар