Айлакерлердің құрығы ұзын

Айлакерлердің құрығы ұзын
ашық дереккөз
Айлакерлердің құрығы ұзын
Тұрақты табыс көзін тапқысы келетін алаяқтар қаржы пирамидаларын құру жолында «елеулі» еңбек ете ме, дерсіз. Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы бір жыл бұрын ғана күмәнді ұйымдардың 200- ден астам сайтына тосқауыл қойған. Мәселен, алаяқтық схемасына айналар кез келген сайтты құру үшін алдымен оны жасау керек. Кейін оны беттеп, серверге орналастыру қажет. Сондай- ақ, хостинг үшін ақы төлеу тағы бар. Ең бастысы, ол сайтты тіркеу маңызды. Жалпы, әлеуметтік желіде парақша құру үшін ең құрығанда телефон нөмірі немесе электрондық пошта аккаунты қажет. Ал, анонимділік пен орталықсыздандыру алаяқтарға салыстырмалы түрде қауіпсіз болуға және олардың схемаларын жазасыз қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл күнде қарапайым азаматтардан заңсыз ақша иемденудің ең белгілі әдісі – қаржы пирамидалары. Өйткені, ақпараттық технологияның дамуымен бірге нақ осы қылмыстың да саны күн өткен сайын артуда. Мәселен, жыл басынан бері құқық қорғау органдары Қазақстанда қаржы пирамидаларын ұйымдастырғаны үшін 330-дан астам қылмыстық іс қозғаған. Ал, алаяқтық ұйымдар туралы ақпарат қысқа мерзімде бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланды. Бұдан бөлек, 177 іс сотқа жолданса, 62 адам тергелуде. Осылайша, бұл шаралар қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларды өз қызметтерін барынша жасыруға мәжбүр етті. Десе де, түрлі әлеуметтік желілер олардың жаңа «баспанасына» айналды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде бизнесте үлкен тәжірибесі бар табысты адамның бейнесін жасау және бірнеше мың жазылушыны алдай білген жан қаржы пирамидасының «данышпаны» десе де болады. Өкініштісі сол, жастардың басым бөлігі тез және ауыртпалықсыз байып кетуге болады дегенге сенеді. Бұған сәттілік тарихы және яхталар, кабриолеттер, құмды жағажайлар мен қымбат аққайнар сынды әдемі өмірдің көрінісі ықпал етеді. Міне, алаяқтар дәл осындай «өте сәтті және қарқынды дамып келе жатқан жобаға» инвестиция салуға асық. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, салымшылар көбінесе уәде етілген кіріс түгілі, осындай жобаларға салынған қаражатынан айырылады. Алаяқтар бастапқыда шағын сыйақы төлейтін жағдайларды туғызып, болашақта неғұрлым көп пайыз ұсынсаңыз, соғұрлым көп қаражат аласыз деп сендіреді. Мұндай «ынталандыру төлемдері» пайдаланушыларды қолда бар барлық қаражатты қосып қана қоймай, кейде мүліктерін сатуға және тіпті несие алуға мәжбүр етуде. Есіңізде болсын, егер ұйымның с айты неме с е тіпті жеке с ауда алаңы болса, онда ол Қазақстанда тіркелмегенін білдіреді. Керісінше, көптеген алаяқтық схемалар өздерінің шетелдерге тегін шығуды артықшылығы ретінде көрсетеді. «Біз әлемге әйгілі кипрлік компаниямыз! Инвестициялау көкжиегін кеңейтеміз және қазіргі сәтте ТМД нарығына шығып отырмыз»,–делінген алаяқтардың жарнамаларында. Әдетте, әлеуметтік желілердегі посттарда: «Біздің ерекше ұсынысымыз, айдың соңына дейін (аптаның соңына дейін) 24 сағатқа дейін жарамды» деген сөздер қоса беріледі. Айта кету керек, бұл танымал әрі өте тиімді психологиялық әдіс. Экономистерінің тобы жүргізген «Лиги плюща» зерттеуінің шеңберінде инвесторларға таңдауға салымдардың екі нұсқасы ұсынылды. Оның кірістілігі – 30, ал тәуекелі – 50 пайыз. Зерттеуге қатысушылар екі топқа бөлінген. Алғашқы топтың мүшелеріне өз бетінше және тыныш жағдайда таңдау жасауға мүмкіндік берді. Ал, екінші топқа тәуекелді инвестициялардың сәттілігі туралы айтып, таңдауға уақыттық шектеу қою сынды психологиялық қысым жүргізілді. Нәтижесінде бірінші топ өкілдерінің 90 пайызы аз тәуекелдің пайдасына саналы таңдау жасады. Ал, екінші топта инвесторлардың 82 пайызы тәуекелге баруға дайын болды. Бұл зерттеуді мысалға келтіргенде айтпағымыз, алаяқтар сізге әдемі бейне мен сәттілік тарихын ұсынып, тіпті қысым жасау арқылы да өз ойларын жүзеге асырады. Мұнда жағымсыз фактор – «жеңіске жету» ниеті. Яғни, сіз алдыңғы керемет тиімді ұсынысты жіберіп алсаңыз да, алаяқтар одан да тиімдісін ұсынады. Бар болғаны алдыңғыдан көптеу ақша салып, сәл күте тұру керек. Сондықтан, азаматтардың басым бөлігі қалтасын қағып қана қоймай, қарыз-құрызға белшесінен батады. Өз қаражатыңызды аудармас бұрын компанияның беделін және ол ұсынатын ақпараттың шынайылығын зерттеңіз. Қаржы ұйымдарының барлығы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан қаржы реттеушісі берген лицензияға ие болуы тиіс. Қаржы пирамидасымен байланысқаныңыз туралы күдік туындаған жағдайда, шұғыл түрде тұрғылықты мекенжай бойынша құқық қорғау органдарына, полиция департаментіне, сондай- ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жүгінуіңіз қажет. Қаржы реттеушісіне «Fingramota Online» мобильдік қосымшасындағы «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімі арқылы немесе +7 727 237 1000 сall-орталығының нөмірі бойынша жүгінуге болады. Компания иелері және басшылығы туралы ақпаратты зерттеп, оның қайда тіркелгенін анықтаңыз. Егер басшылық туралы деректер құпия әрі компанияның өзі қандай да бір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда бұл ұйымның қызметтеріне жүгінудің, әсіресе оған өз ақшаңызды сеніп тапсырудың қажеті жоқ. Компанияларды оффшорлық аймақтарда тіркеу процедурасы барынша жеңілдетілген. Ал, олардың шынайы иесінің есімін немесе бұл құрылымның басшылығында кімнің тұрғанын анықтау өте қиын. Сондықтан міндетті түрде ұйымның лицензиясын агенттіктің сайтынан тексерсеңіз болады. Инвестициялардың жоғары кепілдендірілген кірістілігін уәде ететін болса, сақ болыңыз! Атап өткеніміздей, алаяқтар психологияны өте жақсы біледі және адамның жылдам әрі еңбексіз байып кету секілді армандарын өздеріне қарсы қолданады. Сондықтан пирамидаларға оларды орындамайтын болғандықтан, 50, 100, және 200 пайыз кірістілікті уәде ету оңай. Шақыру жарнамасы – бұл жоғары пайыздарға салым салудың емес, уәдені орындай алуға күмән келтірудің себебі саналатынын есте сақтаңыз. Ал, егер компанияның тіпті жеке сайты болмаса және ол тек қана әлеуметтік желілерде ғана әрекет ететін болса, бұл оларға қаражат салмаудың ғана емес, олардың күдікті қызметі туралы құқық қорғау органдарына хабарлаудың а лғашқы қадамы. Компания корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделердің, сыйлықтардың, жолдамалардың ұтыс ойындарына қатысуға шақыра ма? Бас тартыңыз! Бұл пирамидаларға жаңа салымшыларды тартудың ең танымал әдістерінің бірі. Осылайша, бір жағынан, «табысты және пайдалы компанияның» бейнесі қалыптасады. Компания ақшаны қалай қабылдайтынына назар аударыңыз. Көптеген күмәнді компаниялар қолма- қол ақшаны қабылдайды немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын және өз қызметінің сенімді бухгалтерлік есептілігін қолданбай, интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін пайдаланады. Ел-жұртты тақырға отырғызып жүрген қаржы саласындағы үлкен тажалдың бірі – қаржы пирамидалары. Қанша аузы күйсе де, пирамиданың қақпанына түсіп қалып жатқан қазақстандықтардың қарасы өте көп. Оның екі себебі бар. Біріншісі – тез баюдың жолын іздеу. Екіншісі – қаржылық сауаттың жоқтығы. Екіншісінен біріншісінің әсері басым. Себебі, сауаты бар кісілердің өзі тез баюдың жолын іздеп, алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалып жатқанын білмей әлек болып жүр. Өкінішке қарай, қатардағы көп адамның бойында бұл айтқанның екеуі де бар. Осы екі мәселенің түйіні шешілмейінше, «баяғы жартас, сол жартас» болмақ қаупі бар. Десе де, пессимизмге жол жоқ! Бәрі сіз бен біздің қолымызда. Мұқият ойлансақ, екеуін де шешуге болады. Қаржы саласының маманы әрі макроталдаушы Аякөз Ханетованың пікірінше, біздің қоғамда пирамида екенін біле тұра өз ақшасын қатерге тігетін адамдар көп. – Қазіргі таңда пайда болып жатқан қаржы пирамидаларын шынайы компаниялардан ажырату өте қиын. Ол үшін міндетті түрде белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылық керек. Алайда, кей жағдайда сауатты болу да жеткіліксіз. Себебі, өте сауатты адамдардың да ақшаларын өз қолымен алаяқтарға бергенін естіп, көріп жүрміз. Өйткені, қазір адамдарға: «Бұл жаңадан ашылған компания, сіз міндетті түрде басында кіргеніңіз үшін ұтасыз» деп ақылға қонымсыз пайда сомаларын айтып қызықтырады. Кез келген адам қолындағы капиталының пайда әкелгенін қалайды. Осы тұста эмоциядан аулақ болған жөн. Тез пайда табам деп барыңыздан айырылып қалғанша, ойланып, қисынмен шешім қабылдаған дұрыс, – дейді маман. Ал, инвестициялауды үйрететін сарапшылардың айтуынша, жылына 5-10 пайыз жобасында пайда көру – қалыпты әрі қауіпсіз табыс көзі саналады. Алайда, «бір айда екі есе табыс табасың, үш есе пайда көресің» деп қызықтыру пирамиданың қауіпті белгісі. Жалпы, инвестициялаудың неғұрлым пайдасы көп болса, соғұрлым тәуекелі де жоғары деген алтын заңы бар. Осыны естен шығармау керек. Шын мәнінде, пирамидалардан қарапайым халық қана емес, экономика да зардап шегеді. Себебі, халықтың ақшасын қалтасына басқандар көбінесе шетелге қашып кетеді. Яғни, капитал сыртқа шығады. Сондықтан, пирамидаларға қатысты заң қатаңдатылуы керек-ақ. Бұл – мемлекет тарапынан жасалатын қадам. Сондай-ақ, қарапайым адамдар қаржылық сауатын арттырғаны ләзім. Ел тұрғындары ең болмағанда қаржылай сауатты адамның кеңесін алғаны дұрыс. Есіңізде болсын!
  • Көрсететін қызметіне ресми лицензиясы болмаса;
  • Тез әрі тым жоғары табыс табуды ұсынса;
  • Ұйым туралы қаржылық ақпаратты жасырса;
  • Ұйымды агрессивті түрде, әсіресе, чаттар арқылы жарнамаласа;
  • Пайданы жаңа кірген адамдардың салымынан беруді жоспарласа – ол пирамида!
 

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар