Жалған ақпарат таратқан жазасыз қалмайды

Жалған ақпарат таратқан жазасыз қалмайды
ашық дереккөз
Жалған ақпарат таратқан жазасыз қалмайды
Бүгінде ел ішінде қандайда бір қайшылық тудыратын не соңы үлкен дүрбелеңге алып келетін рас-өтірігі айқындалмаған ақпараттар тым көп. Бұл ‒ жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан, қазіргі таңда халық арасындағы негізсіз ақпараттың тарауынан туындауы мүмкін қателіктің алдын алу үшін «fact checking» қабілетін меңгеру аса маңызды. Өйткені, әлеуметтік желі мониторингінен байқап отырғанымыздай, кейінгі кезде көрінеу жалған ақпарат таратушылар жиілеп барады. Олар шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді. Өкінішке қарай, осындай әрекетке барып, өтірікті шындай қылып, мәселенің «бояуын қалыңдатып» көрсететіндер бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін түсіне бермейді. Бүгінгі мақаламызда жалған ақпарат таратып, ел ішінде орынсыз дүрбелең туғызған бірнеше оқиғаларды жіпке тіздік.

КОЛМЫКОВ НЕНІ ДӘЛЕЛДЕГІСІ КЕЛДІ?

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар «тіршілік иелерінің ауқымында» жұмыс істейтіндіктен 5G технологиясы адам үшін өте қауіпті деген сарапшының қорытындысын таратуда. Бұл нені білдіреді және мұндай мәлімдемелерге сенуге бола ма? Зерделеп көрейік. Ең алдымен, әңгімені аталған зерттеуді жүргізген сарапшыдан бастайық. Құжатта ол Самара қаласының «Автомобиль көлігіндегі тәуелсіз сараптама орталығының» (АКТСО) қызметкері Антон Николаевич Колмыков деп жазылған. Мұндай есімі мен лауазымы бар адам туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын жазылған. Бірақ, даулы мәселеге қатысты. Колмыков 24 миллион рубль көлемінде грант бөлуді талап еткен. Ол осы ақшаға қажетті сараптамалар жүргізіп, Мәскеуде мавзолейде Владимир Лениннің денесі емес, еврей, АҚШ азаматы Даниэль де Леон жатқанын дәлелдемек болған. Колмыков бұл теориясына жанама болсын, растаған жоқ. Бұл Колмыковтың қастандық теорияларына сенетінін және оларды көпшілік алдында жақтайтынын көрсетеді. Яғни, оның 5G әсері тақырыбындағы зерттеулері күмән тудырады. 5G технологиясы қолданатын жиіліктерге келетін болсақ, олар құпия емес. 5G желілері 4G, Wi-Fi және полиция радарларының диапазондарында жұмыс істейді. Технология жаңа, қолданылмаған немесе бұрын болмаған жиіліктерді пайдаланбайды. Зерттеу авторы «тіршілік иелерінің ауқымы» деп нені тұспалдап тұрғаны белгісіз. Физикада мұндай ұғым жоқ. 5G желілерін пайдалану қауіпті емес екенін тәуелсіз ғалымдардың ғылыми-зерттеулері растайды. Сондай-ақ, иондамайтын сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның (ICNIRP) және Еуропалық Парламенттің 5G-дің адам денсаулығына әсері туралы баяндамалары бар. Екеуінде де осы форматтағы байланыс адамның немесе жануарлардың денсаулығына зиянды әсер етпейтіні туралы жазылған. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 5G желілері әлемнің көптеген елдерінде орнатылған. Ал, кейбіреулерінде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл елдерде көшеде жаппай қайтыс болу немесе естен танып қалу жағдайлары туралы хабарланған жоқ. Демек, желіде таралған зерттеуге сенбеген жөн. Оны қастандық теорияларына сенетін біліктілігі күмәнді сарапшы жазған. Ал, шығарылған қорытынды объективті шындыққа қайшы келеді.

ҚАТЕРЛІ ІСІК ПЕН ВАКЦИНАЦИЯ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС БАР МА?

Бірер ай бұрын Telegram чаттарында әртүрлі қатерлі ісіктер мен вакциналар арасындағы байланыс туралы ақпарат тарады. Оған вакцинация болмағанда, әлемде онкологиялық науқастар әлдеқайда аз болар еді деген профессор Александр Полетаевтың видеосы тіркелген. Сонымен, бұл рас па? Айта кетейік, Александр Полетаев – жалпы вакцинацияға, оның ішінде COVID-19 қарсы вакцинацияға наразылық білдірген ресейлік профессор. Назар аударарлық жайт, Қазнетте таралған видеода Полетаев онкология мен вакциналар арасындағы байланыс туралы айтқаннан кейін екі күн өткен соң қайтыс болды деген жазу бар. Бұл профессордың өлімі табиғи емес, оның көзқарасына байланысты болғанын пайымдайды. Шындығында, бұл олай емес. Бұл видео 2021 жылдың 2 ақпанында вакцинацияға қарсы танымал тұлға Мария Шукшина ұйымдастырған дөңгелек үстел кезінде түсірілген. Ал, Александр Полетаев 2021 жылдың 6 наурызында қайтыс болды. Бұл туралы Шукшинаның өзі хабарлады және ол өз хабарламасында пікірлес адамның неден өлгені және оның өлімінің бұрын айтылған сөздермен байланысы бары туралы ештеңе айтпаған. Сол шақта вакцинацияға қарсылық білдірген адамдарды әдейі өлтіреді деген сөз тарады. Біріншіден, Ресейде және ТМД елдерінде COVID-19 пандемиясына қарсы вакцинацияға қарсы қозғалыстың символына айналған Мария Шукшинаның өзі әлі тірі. Екіншіден, вакциналар аутизмді тудырады деген көп таралған фейктің авторы Эндрю Уэйкфилд те аман-сау. Вакциналар мен онкологиялық аурулар арасындағы теория мен байланысқа келетін болсақ, бұған ғылыми негіз жоқ. Бұл ақпаратты украин фактчекерлері жоққа шығарған болатын. Олар В гепатитіне қарсы вакциналар мен лейкоздың дамуы арасындағы ықтимал байланыс зерттелген ғылыми-зерттеулерді дәлел ретінде келтірді. Бақылаулардың ешқайсысы мұндай байланыстың барын көрсеткен жоқ. Сондай-ақ, фактчекерлер 1999 жылы нәрестелер екпесінің жедел лимфобластикалық лейкоздың даму қаупіне әсерін зерттеген зерттеуге сүйенді. Ғылыми жұмыстың авторлары балалық шақта алынған вакцина қорқынышты аурудың даму ықтималдығын арттырмайды деген қорытындыға келді. Ғалымдардың пікірінше, қатерлі ісік ауруының әлемдік статистиканың өсуіне вакцинация немесе адамзатқа қарсы әлемдік қастандықтың нәтижелері ықпал етіп отырған жоқ. Мұның себебі – өмір сүру ұзақтығының артуы. Адам есейген сайын оның қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы жоғары болады. 50 жасқа толмаған адамдар арасында қатерлі ісік ауруына шалдығу статистикасының артуына келетін болсақ, бұған экология мен өмір салты, соның ішінде аз ұйықтау, стресс, алкогольді шамадан тыс тұтыну және темекі шегу себеп. Бұл ғалымдардың пайымы. Атап өтерлігі, қазіргі заманғы медицина мен диагностикалық әдістер қатерлі ісіктердің көп мөлшерін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл ауру статистикасының өсуіне әкеледі, екінші жағынан, өмір сүру сапасын жоғалтпай қатерлі ісіктен толық айыққандар санын айтарлықтай арттырады. Демек, қатерлі ісік ауруы мен балаларды вакцинациялау арасында ешқандай байланыс болмаған. Профессор Полетаевтың көзқарасы мен оның өлімін бір-бірімен байланыстырудың қажеті жоқ.

ЖАҢА ДЕРТ ҚАШАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Instagram-да әртүрлі елдердің билігі жаңа індетке дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бәрі алдын ала жоспарланып, ауру Жердің миллиард тұрғынына жұқтырылады екен. Бұл фейк. Бейнежазба авторы Ақ үй мен Джонс Хопкинс университетінің және Дүниежүзілік банк порталдарына сүйенеді. Сайттардың скриншоттарын көрсете отырып, ол билік алдағы пандемия туралы біліп қана қоймай, оған дайындалып та жатыр дейді. Ақ үйдің сайтында АҚШ-та пандемияға дайындық және оған ден қою саясаты басқармасы (OPPR) құрылып жатқандығы туралы ақпарат бар. Бірақ, бұл тек COVID-19 ғана қатысты емес. Ол полиомиелит, RSV респираторлық вирусы, құс және адам тұмауы, сондай-ақ пандемия тудыруы ықтимал басқа ауруларына қатысты әрекет етеді. OPPR медициналық құралдарды әзірлеуге, өндіруге және сатып алуға жауапты болады. Видеода көрсетілген парақшада осы басқармада тағылымдамадан өтуге қабылдау жүргізіліп жатыр. Жаңа пандемияға немесе даталарға сілтемелер жоқ. Джонс Хопкинс денсаулықты қорғау орталығының сайтында да жаңа пандемия туралы жазылмаған. Бейнероликте 2017 жылғы жарияланымға сілтеме берілген. Егер тақырыбын аударатын болсақ, оның 2025-2028 жылдарға арналған ойдан шығарылған сценарий екені белгілі болады. SPARS вирусы да ойдан шығарылған. Бұл нақты пандемия пайда болған кезде медициналық қызметкерлердің дағдыларын пысықтау үшін қажет. 89-бетте нақты оқиғаларға барынша ұқсас жағдайлар модельденеді. Мамандар аурудың кенеттен өршуіне байланысты болуы ықтимал барлық қауіптер туралы ескертеді. Одан әрі роликте автор Дүниежүзілік банк сайтында жарияланған құжатты көрсетеді. Оны тез парақтай отырып, ол пайдаланушыға мән-мағынасын түсінуге мүмкіндік бермейді. Бірақ манипуляция жасау үшін қажет күнді табады. Ол – 2025 жылғы 31 наурыз. Халықаралық қаржы ұйымының сайтындағы құжаттардың ешқайсысында жаңа пандемияға сілтемелер жоқ. Бұл – фейк дәлелдердің барлығы, сондай-ақ ролик авторының мәлімдемелері шындыққа жанаспайды.

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ӨРШІМЕСІН ДЕСЕК...

Әлеуметтік желілерде қызылша қауіпті ауру емес деп жазылуда. Бұл –өтірік. Шын мәнінде, қызылша – бұл өте жұқпалы, ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі ықтимал вирус тудыратын ауа тамшылары арқылы таралатын ауыр ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина енгізіліп, барлық жерде вакцинация басталмайынша ірі эпидемиялар шамамен екі-үш жылда бір рет болып тұрған. Ал, жыл сайын шамамен 2,6 миллион адам көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, әлемде 9 миллион адам ауру жұқтырған. Сондай-ақ, 136 мың адам қайтыс болса, олардың көбі балалар. Қызылшадан болатын өлім-жітімнің басым бөлігі осы аурумен байланысты асқынулардың салдарынан болады. Асқынулар соқырлық, энцефалит (мидың ісінуін және мидың ықтимал зақымдануын тудыратын инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты ағзаның сусыздануы, құлақ инфекциясы, тыныс алудың ауыр проблемалары, соның ішінде пневмония түрінде болуы мүмкін. Пневмония – ерте жастағы балалар арасында қызылшадан болатын өлімнің ең көп тараған себебі. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, қызылшамен ауыратын әрбір 1000 баланың шамамен біреуінде энцефалит (мидың ісінуі) дамиды. Бұл құрысуларға, кереңдікке немесе ақыл-ой кемістігіне әкелуі мүмкін. Қызылшаны жұқтырған әрбір 1000 баланың 1-3-і тыныс алу және неврологиялық асқынулардан қайтыс болады. Егер жүкті әйел қызылша жұқтырса, бұл ол үшін қауіпті және нәресте салмағы аз болып мерзімінен бұрын тууы ықтимал. Асқынулар көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда және 30-дан асқан ересектерде кездеседі. Қызылша иммундық жүйені төмендетіп, ағзаның инфекциялардан қорғану қабілетін азайтады, салдарынан балалар әлсіз болады. Қызылша жұқтырған бір адам байланыста болған егілмеген 10 адамның тоғызына жұқтыруы мүмкін. Науқас адам вирусты бөртпе пайда болғанға дейін төрт күннен бөртпе шыққаннан кейін төрт күн аралығында ауру таратады. Демек, ресми статистика қызылша қауіпті ауру емес деген пікірді жоққа шығарады. Таралған ақпарат ақиқат емес.

ФАКТЧЕКЕРЛЕРДЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ АМАЛЫ ҚАЙСЫ?

Facebook-тың орыс тіліндегі сегментінде бірнеше кеңес жазылған нұсқау тарады. Оны орындаған адамның жазбасын фактчекерлер тексере алмайды және жазбасы «күмәнді ақпарат» деген белгі алып, бұғатталмайды-мыс. Ол үшін қолданушы атауында «фактчек» деген сөз бар барлық парақшаны бұғаттауы керек екен. Осыны жиі істесе, Facebook шағымдануды қояды деседі. «Проверено» басылымы нұсқаудағы кеңестің қаншалық тиімді екенін тексеріп көрді. Ең әуелі басылым Facebook-тың фактчекерлері қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Іnstagram, WhatsApp және Facebook сияқты желілерге иелік ететін «Metа» компаниясы жалған ақпарат таратпас үшін дүниежүзіндегі 90-нан астам ақпарат тексеретін фактчекинг ұйымымен серіктес (мысалы, «Associated Press», «Reuters» және тағы басқа). Мұндай агенттіктер ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, талдап, қорытынды шығарады және өз деректеріне сілтеме береді. Олар ең әуелі өзекті тақырыптарды тексереді. Фактчекерлер ешкімді бұғаттамайды, ештеңені өшірмейді. Жалған ақпарат бар жазбаға тек белгі қойылады. Қолданушы жиі фейк ақпарат жарияласа, платформа оның жазбаларын ұсыныс ретінде басқаларға көрсетуді шектеп, монетизация мүмкіндігін өшіре алады немесе мұндай контентті таратпас үшін басқа да шара қолдана алады. Жалған ақпарат бар жазба контентті өшіруге, оны таратқан автордың парақшасын жиі немесе уақытша бұғаттауға негіз болатын себептің бірі емес (COVID-19 және вакцинация сияқты адам өміріне тікелей қатысты ақпардан басқасы). Мұндай қатаң шаралар зорлық-зомбылық, алаяқтық, қорқыту, сексуал әрекеттің суреттерін жариялағанда қолданылады. Бұл жазбаларды Facebook алгоритм арқылы немесе модераторлары қолданушылардың шағымынан соң автоматты түрде анықтайды. Сол себепті нұсқаудағы «болмашы сөз немесе тіркес үшін әдеп нормасын бұзды» (нақты не айтып тұрғаны түсініксіз. Біздіңше, өшпенділік тілін пайдаланғаны үшін контентін өшіру жазасы болса керек) деп айыптайтын фактчекерлердің парақшаларын бұғаттаудың қажеті шамалы. Мұның еш пайдасы жоқ. Олардың бір-бірімен еш байланысы жоқ. Facebook ережесінде шындыққа сай келмейтін контенттің өшірілетіні, жазбада дезинформация және белгілі бір қауымдастықтың стандартын бұзатын ақпарат болса, қолданушыға қарсы шара қолданылатыны жазылған. Нұсқаудағы кеңестер «фактчекерлердің контентті тексермеуіне» көмектеспейтіні анық. Себебі, фактчекерлер – тірі адамдар. Олардың көбінде Facebook-те жеке және бизнес парақшасы бар. Олар белгілі бағдарламалар арқылы ақпаратты тексеруі мүмкін. Вирустық видеода «фактчек» деген сөзді түрлі нұсқада жазған парақша авторын бұғаттау керегі айтылған. Дегенмен, фактчекерлердің барлығы парақшасына, профиліне фактчекке қатысты сөз жазбауы мүмкін. Оған қарағанда фактчекерлердің жеке парақшасын бұғаттаған тиімдірек. Алайда, желіде олардың есімдері ашық айтылмауы ықтимал, сол себепті оны анықтау да оңай емес.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар