Жемісті жобалар өз нәтижесін беруде
Облыс әкімдігіндегі кезекті аппараттық кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы мен өңірдің геоақпараттық жүйесінің жұмысы қаралды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашев аталған жобаның халыққа тигізген пайдасы мен қандай мәселелердің көрініс бергенін баяндады. Оның айтуынша, жоба жүзеге асқан 2019 жылдан бері талай жұмыс атқарылыпты.– Алғашқыда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы ретінде басталып, бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылған. Бұл мақсатта 9,2 миллиард теңге игерілді.
Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ қанатқақты жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды. Ал, өткен жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1210 кәсіпкерге несие берілді. Өткен жылы жаңадан құрылған кооперативтерге 131 техника сатып алынды. Берілген несиенің қайтарылуы 95,5 пайызды құрап, биыл бұл жобаға 24 миллиард теңге бөлінді.
Жалпы жоба шеңберінде алдағы уақытта 153 ауылдық округтегі 109 мың аула қамтылады. Нәтижесінде 25 мыңнан астам жаңа кәсіпкер тіркеліп, жылына бюджетке 3,7 миллиард теңге түседі, 7500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 8 мыңға дейін қысқарады. Соның есебінен бюджеттік үнем жылына 1 миллиард теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар, 352 мың мал сатып алынады, 220 мың тонна ет және сүт, 112 мың тонна көкөніс өндіріледі, – деді Нұржан Нұрланұлы.
Айтылған мәліметтерді тыңдағаннан соң облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы «Ауыл аманаты» жобасы енгізілгеннен кейін елді мекендерде көбейген мал басының санына қарай жайылым жерлерді анықтау мен құрылатын кооперативтердің өтініштері негізінде техникасын қоятын орынға жер телімін қарастыру жөнінде арнайы тапсырма берілгенін айтып, оның орындалу нәтижесін облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаевтан сұрады.
Ермек Амангелдіұлы жайылым үшін 2026 жылға дейін өңірдегі мал санының өсу динамикасы жасалғанын, сол жылға қарай 3,3 миллион гектар жер қажет болатынын жеткізді. Облыста 4,4 гектар жайылым жер бар екенін айтты. Оның 3,6 миллион гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жер болса, 743 мың гектары ауылдық елді мекендердің жері. Одан бөлек, орман қорында 1,6 миллион, босалқы жерде 942 мың гектар жайылым жер бар. Яғни, төрт түлікті жайылымдық жермен қамтамасыз етуге облыстың қауқары жеткілікті. Ал, кооперативтер үшін техника қоятын жер телімі аудан көлемінде шешімін тауып жатыр, бұл бойынша мәселе туындамаған.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осы жобамен кәсібін өркендеткен азаматтарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихаттап, еңбекқор жандардың іскерлік тәжірибесін өзгелерге өнеге ету керек деді.
Жобаны жүзеге асыруда салғырттық танытқан аудан әкімдерінен жағдайдың жөні сұралды. Тиімділігін көрсеткен жоба аясындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.Өңірдің геоақпараттық жүйесінің жұмысы турасында облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков хабардар етті.
– Облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін дамыту бойынша іс-қимыл тәртібі бекітілді. Соған сәйкес облыстық басқармалар, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» Жамбыл облысы бойынша филиалы, табиғи монополиялар субъектілері, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері арасындағы Геопорталдағы іс-қимыл тәртібі үйлестірілді. Бірыңғай талапқа сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160-тан астам және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер енгізіліп, 14 басқарма үшін 24 автоматтандырылған жұмыс орны әзірленді. Облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік геоақпараттық жүйесі жұмысын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, орындалды. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша 7 мемлекеттік қызмет, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді. Облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан өткен жылы Геопорталға деректерді еңгізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізіліп, тізімі бекітілген. Ауылдық окургтерде және Тараз қаласында орналасқан цифрлық ақпараттық орталықтарына Геопортал енгізу бойынша орталық қызметкерлеріне оқыту семинары ұйымдастырылып жүргізілді. Жер учаскелерін электронды түрде беру кезінде өңірлік геоақпараттық жүйе Электронды үкімет порталы және Бірыңғай Мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйелерімен интеграцияланды. Өңірлік геоақпараттық жүйені дамытуға бағытталған 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарланды. Қызметтерді одан ары қарай автоматтандыруға барынша көңіл бөлінбек, – деді Руслан Москауұлы.
Айтылған мәлімдемеге қарай облыс әкімі өңірлік геоақпараттық жүйені дамыту барысында туындайтын мәселелерді жауаптылармен бірге талқылап, облыстық цифрлық технологиялар, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармаларының басшыларына жұмысты Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесе атқаруды тапсырды. Әсіресе, жыл аяқталғанша Жаңатас қаласының бас жоспарына қатысты жұмыстар тиянақты орындалу керегін ескертті.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдықтар жаппай сенбілікке шықты
- 6 сәуір, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді