Бүгінде Тараз қаласы жыл өткен сайын құлпырып келеді. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қатары артуда. Шаһарға іргелес аудандардан қосылған елді мекендерге де инфрақұрылым тарту ісі қызу қолға алынуда. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Бір сөзбен айтқанда, тарихи Тараздың сәні мен сәулетін арттыру басты назарға алынғаны байқалады. Десек те, қаланың қақ ортасында, Жамбыл–Төле би даңғылдарының қиылысында орналасқан темір торлы түрменің осындай оңды өзгерістерге көлеңкесін түсіріп тұрғаны өкінішті-ақ.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 158/1 түзеу мекемесінде негізінен белгілі бір қылмысқа қатысты нақты күдікпен ұсталып, сот санкциясымен қамауға жіберілген адамдар жатады. Ал енді облыс орталығынан ойып тұрып орын алған осы түрменің қаланың сәулетіне, мәдениеті мен эстетикалық талабына тигізер «үлесі» қандай? Бұл арада неге зәулім ғимараттар асқақтап, көз бен көңілді қуантып тұрмасқа?!. «Меніңше, қала орталығында түрме атымен болмауы керек. Мұндай орын тұрғындардың психологиясына кері әсерін тигізеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын төрт жігіт он екіде бір гүлі ашылмаған жас қызды айуандықпен зорлағаны үшін бастапқыда осында қамалды. Жақын қарындасым болғандықтан, абақтыға қорғаушымен бірнеше рет келдім. Бүгінде сол қылмыскерлердің бәрі де ұзақ жылға темір торға тоғытылды. Бірақ, қоғамдық көлікпен қаланың осы тұсынан өткен сайын тұла бойымды кек кернеп, ашу-ызаға булығамын. Сондықтан да мұндай орындарды қаладан тысқары жерге көшіру керек» дейді бізбен пікірлескен Жеңіс Нұрлыбек есімді азамат. Бұл – мәселенің бір жағы. Айтайын дегеніміз жасыл желекті қаланың төрінде түрме емес, заман талабына сай сәні келіскен мәдени-рухани қажетімізге қатысты ғимараттар тұрса деген тілек. Білетіндердің айтуынша, 158/1 түзеу мекемесі сонау елуінші жылдары бой көтерсе керек. Ол кезде бұл аймақ қала орталығынан едәуір жырақта жатқан. Кейін келе шаһар аумағы ұлғайып, шағын аудандар салына бастады. Соның салдарынан бұрындары шеткері жатқан түрме қаланың қақ ортасында қалып кеткен. Оның жан-жағында бүгінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының ғимараты, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, орталық мешіт пен шіркеу орналасқан. Қос даңғылдың қиылысында №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназия мен Жамбыл политехникалық колледжі және бар. Міне, осындай жерде түрме үйінің тұруы қалай? Түзеу мекемесінің ғимараты көзге қораш көрініп, қаланың көркін қашырып тұр. Түрмелердің тозып бара жатқанын Парламент қабырғасында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың өзі айтқан еді. Министр қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің көбі 40 жылдан 80 жылға дейін пайдаланылғанын, алдағы жылдарда Қарағанды мен Оралда жаңа түрмелер бой көтеретінін жеткізген. Міне, осы тізімге Тараз қаласының төрінде тұрған түрмелерді неге қоспасқа? Қаланың бас жоспарын жасағандар мұндай мәселені мүлде қарастырмаған. Мәңгілік ештеңе жоқ. Кезінде саудасы қыз-қыз қайнаған орталық базар да көшірілді. Қазір бұрынғы көк базар аумағында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Аумақтың «өкпесі» ашылып, кең тыныстауда. Алдағы уақытта бұл жерден туристер тоқтайтын аспанасты мұражайы, этноауылдар мен өзге де көптеген нысандар шоғырланады. Міне, сол сияқты қаланың қақ төріндегі түрмені де тысқары аумаққа көшіруді қолға алатын уақыт жетті. Атшаптырым аумақты алып жатқан орында жаңа үлгідегі Неке сарайы, Цирк немесе Мұз айдыны сияқты көрнекті ғимараттар бой түзесе, шырайлы шаһардың сәні мен сәулеті одан бетер арта түспей ме?
Тұрсынбек Сұлтанбеков, "Ақ жол". Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді