Санитарлық орын саусақпен санарлық

Санитарлық орын саусақпен санарлық
ашық дереккөз
Санитарлық орын саусақпен санарлық
Тарих тереңінен тамыр алатын, шайырлар тамсана жырлаған Тараз қаласы сәт санап түрленіп келеді. Көне шаһардың жаңа шырайын қалыптастырған, тұрғындар үшін саялы саябақтар мен демалыс орындары баршылық. Қаланың сәнін келтіріп тұрған тарихи-мәдени жауһарлар туристердің келуіне де себепші. Дегенмен, саябақта демалушылардың бір мәселесі – әжетхананың болмауы. Туристерге ең бастысы жайлылық, сервистің мықтылығы керек. Алайда, басқасын былай қойғанда, Әулиеата төріндегі қоғамдық орындарда әлі күнге жібі түзу әжетхана жоқтың қасы. Бұл мәселе жыл сайын айтылып, «тізесі» шықса да, шешімін таппағандықтан күні бүгінге дейін сын тезіне ілініп келеді. Қалай дегенмен, жылда жоқтың жоқтығы ойсырап білініп келеді. Мереке күндері ғана көпшілік орындарға жылжымалы әжетханаларды арқалап жүретін көне шаһар басшылығы бұл мәселені қашан түбегейлі шешіп береді? Әлде қыдырып келген туристердің қысылғаннан қыр жағалап, сай аралап кеткенін күтіп жүр ме? Бұл мәселе бойынша қала тұрғындарын сөзге тартқан едік. Тараздық Дәулет Рахимұлы: – Қалада серуендеуге ыңғайлы демалыс орындары бар болғаны қуантады. Мәселен, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ауданы – 3 километр. Бірақ, сол 3 километр аумақта бірде-бір әжетхана жоқ. Мен өзім осы кешеннің маңында тұрамын. Мерекелік іс-шара өткен кезде қыдырып жүрген тұрғындар да, қонақтар да қиналып кетеді. Биодәретхана да жоқ. Қазір кешенге көптеп келетін туристерден ұяламыз. «Көне Тараздың» жан-жағында санитарлық орын болмаған соң, елдің бәрі «Mart» сауда орталығына баруға мәжбүр, – деп базынасын жеткізді. Қала тұрғыны Әлихан Қалиев та: «Көне Тараз» тарихи кешенінде мереке күндері концерт, мәдени іс-шара өткен кезде биодәретханалар қойылады. Басқа уакыттарда отбасымызбен демалуға келсек, әжетхана таппаймыз. Тек бұл ғана емес, Әулиеатаның әуелгі тарихынан бергі рухани құндылығы асқақ Тектұрмас жаққа жолың түссе, тіпті қаланың орталығындағы Шахристан маңында әжетхана таппай шарасыздықтан шырылдайсыз. Бұл сырттан келген туристерге ғана емес, өзіміздің тұрғындар үшін де ет үйренген жағдай», – деп бұл мәселенің бар екенін айтты. Жалпы, шаһарда бүгінде 90-ға жуық саябақ пен шағын бақ бар. Соның ішінде, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен басқа «Атшабар» скверінде, Аққозиев көшесіндегі «Арбатта», «Тұңғыш Президент саябағында» және облыстық әкімдік жанындағы «Отырар» шағын бағында да дәретхана қойылмаған. Қаламыздағы сәні мен сәулеті келіскен орынның бірі – қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы. Шаһар тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған саябақтың 15 гектарлық аумағында бір ғана әжетхана бар. Тұрғындардың санитарлық орынға қатысты тағы бір мәселесі, аумағы үлкен саябақтың бір жағында жүрсе, әжетхана үшін екінші шетіне баруы керек. Мәселен, «Жеңіс» саябағында Үшбұлақ каналының жағалауында демалып жүрсеңіз, Жансүгіров көшесі жақта орналасқан дәретханаға баруға тура келеді. Осындай аумағы үлкен саябақтарға екіден көп әжетхана қойылу керек. Себебі, демалыс орындарына ата-аналар балаларымен көптеп келеді. Сөзімізді Жамбыл ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Набира Амандос та қостады. – «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне отбасымызбен жиі барып тұрамыз. Таза ауада қаланың әсем көрінісін тамашалауға ауданнан бала-шағамызбен келіп, серуендегенді ұнатамыз. Балаларым кішкентай болғандықтан, жиі дәретхана іздеп кетеміз. Кешеннің арка жағында дәретхана бар. Бірақ, саябақта қыдырып жүрсек, оған дейін жүгіріп баруға бүлдіршіндерім шыдамайды. Аумағы үлкен демалыс орындарына бірнеше әжетхана қойылса екен. Сонда өзіміз де, баламыз да еркін демалып жүреміз, – деп өтінішін жеткізді. Осы мәселеге қатысты қала әкімі Бақытжан Орынбеков №7 аумақтық округ тұрғындарымен кездесуде: – Әжетхана бойынша қаламызда мұндай мәселе бар. Демалыс орындарында, кейбір қала орталықтарында әжетхана жоқ. Қазір біз Алматы қаласына арнайы эскиздер жасатып, стационар зауытқа тапсырма бердік. Екі әжетхана жыл соңына дейін келеді деп күтілуде. Оның біреуі «Көне Таразға» қойылады, екіншісі облыстық әкімшіліктің қасында жаңа балалар алаңшасын салғанбыз. Сол жерде осы мәселе туындап отыр. Екеуі жақсы жұмыс істеп жатса, ары қарай бұл жұмысты жалғастырамыз, – деп, аталған мәселе жуық арада шешімін табатынын жеткізді. Ал, қаладағы саябақтардың хал-ахуалына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсековтың айтуынша, «Көне Тараз» тарихи кешеніне, «Атшабар» скверінде, Аққозиев көшесіндегі «Арбатта», «Тұңғыш Президент саябағында» және облыстық әкімдік жанындағы «Отырар» шағын бағына 5 дәретхана қойылмақ. Ал, «Қайрат Рысқұлбеков», «Жеңіс» саябағында, «Тектұрмас», «Шахристан» демалыс орындарында бір ғана әжетхана бар. Қалған демалыс орындары шағын скверлер, ол жерлерге санитарлық орын қойылмайды екен. Тағы бір жағдай, қоғамдық орындардағы әжетханалардың ақылы болғаны қаншалықты заңды? «Ол ортақ, халықтың салығынан, бюджеттен жасалса, неге тұрғындар оған қосымша ақы төлеуі тиіс?» деген сұрағымызға «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы «Әжетханаға төленетін 50 теңге – хлор, щетка, сабын, қағазға және күтіп-баптау жұмыстарына жұмсалады. Ал, енді қойылатын дәретханалар тегін болады», деп сендірді. Бұл ретте «тегін дүние» деп өзінікі емес, өзгенің затындай қарап, қажетін өтеген орынды ластап кететіндерді де айтпай кетуге болмас. Сондықтан, әрбір адам үкіметтің дүниесіне өзінікіндей қарап, келесі жан жиіркенбей кіретіндей жауапкершілікті алып, таза қоғамды өзінен бастағаны абзал. Жалпы, былтыр «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне 7975 турист келсе, биыл 10 айдың ішінде 9 мыңнан аса адам саябақтың саясында демалған. Жыл сайын демалушылардың қарасы көбейсе, бұл мәселе жуық арада шешілмесе, санитарлық орынның болмағаны туристердің алдында әжептәуір сын болғалы тұр.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар