Ұрпағына жол көрсеткен қария

Ұрпағына жол көрсеткен қария
ашық дереккөз
Ұрпағына жол көрсеткен қария
Жаңажол ауылына Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков жол бастап барды. Ол жол-жөнекей аталған округте «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын айтты. Ең алдымен, «Ауыл аманаты» жобасын ілгерілету бағытында құрылған «СПК-Шу-2021» өндірістік кооператив төрағасы, ауданның сыйлы ақсақалы Жапарқұл Тәжиевтің шаңырағына атбасын тіредік. Бұл өндірістік кооперативтің қадамы шын мәнісінде өрге басып тұр екен. «Бірлік түбі – береке» дегендей, төрт шаруа қожалық егістік жерлерін біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отыр. Биыл аталған қожалықтардың ортақ мақсат жолына жұмылуының нәтижесінде 800 гектарға егін егу мүмкіндігіне қол жеткізді. Оның үстіне техникалары да талапқа сай. Осы кезге дейін төраға Тәжиевтің меншігінде екі трактор, бір комбайн болса, енді жақында құны 28 миллион теңге тұратын «Zoomlion» жаңа тракторына қол жеткізіпті. Жыл соңына дейін мұнда алып трактордың тағы екі данасы келеді деп күтілуде. Ал, Жапарқұл Тәңірбергенұлы зейнет жасына жеткеніне қарамастан «Ауыл аманаты» жобасына өз үлесін белсене қосуда. Ол аталған жоба аясында 23 миллион 300 мың теңге несиеге қол жеткізіпті. Ол қаражатқа 2,5 тонна жүгері, 5,5 тонна арпаның жаңа сұрыпты сапалы тұқымдарын сатып алып, оның игілігін көруге күш салуда. 11 миллион 681 мың теңгеге бидай мен арпаның алқабын құнарландыруға қажетті түрлі минералдық тыңайтқыштар сатып алыпты. 450 мың теңге қаражатқа алма бағын отырғызып отыр. Келешекте жаңажолдықтар аталған алма бақтың жемісін көре беретініне сенім мол. Одан бөлек, ауыл іргесіне 600 тал көшетін отырғызуда да аталған өндірістік кооператив мүшелері белсенділік танытыпты. Енді ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың хал-ахуалының жақсаруына бұл өндірістік кооперативтің қандай көмегі мен пайдасы бар? Осы жағына келейік. Өндірістік кооперативте техникалар майланып, сайланып, сақадай-сай болып тұрады. Барлық ауыл шаруашылық техникасы тіркелген тракторлар жеке шаруалардың да жерін жыртып, алқабын дайындап береді. Ақысына нарықтағыдан бірнеше есе төмен, аз ғана қаражат алады. Бұл да көмек. Әр үйге жоңышқаны және басқа да мал азығын 10-15 пайыз жеңілдікпен түсіріп береді. Ол да жәрдем. Одан бөлек те кооперативтің қарапайым елге берер жәрдемі де көп. Өндірістік кооперативті басқарудан бөлек Жапарқұл ақсақалдың өзінің де шаруа қожалығы бар. Биыл 120 гектар алқапқа арпа, 60 гектарға пияз егіпті. Он отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әр малшы, тракторшы, жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден кем емес. Мәселен, ерлі-зайыпты кісілер бір отар мал бақса, тұтынатын ұн мен етінен бөлек айына 400 мың теңге жалақы алып тұрады деген сөз. Жапарқұл Тәжиев 13 жылға жуық Ескі Шу және Жаңажол ауылдық округінің әкімі болған кісі. Ал, қазіргі таңда өндірістік кооперативтің өрге басуына бар тәжірибесін жұмсап отыр. Өзінің жекеменшік бірнеше гектар алқабын қазір немересі Абылайхан Тәжиев ала жаздай күтіп, баптап, суарып жүр. Келешекте бүгінгі еңбексүйгіш жас Абылайханнан Отанын сүйетін, еңбектің көзін табатын мықты азамат шығатынына сенімдіміз. Ақсақалдың ұл-қыздары да қоғамда аса белсенді. Бір ұлы полковник шенінде болса, бір ұлы – кәсіпкер. Қызы – журналист. Олар да қоғамның әр саласында еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолында тер төгіп келеді. – Өзім осы ауылдың азаматымын. Осы ауылда туып-өстім. Жасымыз ұлғайған сайын өз ауылыңның жағдайын ойлап, мәртебесі биік болуын қалайды екенсің. Кезінде осы ауылдық округке ұзақ жыл өзім әкім болдым. Сол кезде ауылдан «Айшот» сүт цехының ашылуына күш салдық. Белбасарда спорт кешенінің ашылуына ықпал еттік. Ауылымның дамуы үшін аянбай тер төктім деп ойлаймын. Қазіргі ауылдық округ әкімі Дархан Әліпбаев өзінің жұмысын білетін білікті маман. Хамит Исмайлов бастаған бас мамандары да сайдың тасындай іріктелген. Соңғы уақытта ауылымыздан наубайхана, тағы да кірпіш зауыты ашылып жатыр. Ол – елге жұмыс көзі. Ауылда бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Осынша ұлт өкілдерінің арасында ынтымақ пен татулықты сақтап, жақсы бастамаларға бағыттап отыру жеңіл емес. Оны қазіргі ел басқару ісінде жүрген інілеріміз де жақсы түсінеді деп ойлаймын. Себебі, тыныштық пен ынтымақ басты орында болуы тиіс. Ауылдың берекелі тірлігіне ақсақалдардың қосатын үлесі қомақты. Сондықтан, ауылдағы белсенді ақсақалдармен үнемі ақылдасып, олардың ой-пікірлерін тыңдап отырамыз. Олардың ойларымен санасамыз. Сондықтан, ауылымыздың экономикалық дамуы жақсы. Болашаққа нық қадам басып отыр деп айта аламын. Бұрындары Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров: «Шіркін, еліміздегі бес мың ауылды көркейтуге әр ауылдан бір белсенді азамат шықса, бүкіл ауыл көркейетін еді», деп айтып кетіп еді. Ал, мен осы Жаңажолды көркейту жолында қолымнан келгенше тер төгіп келемін. Алдағы уақытта да белсенді азаматтармен бірлесіп, ауылдың абыройының артуына үлес қоса беремін, – дейді Жапарқұл Тәжиев.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар