Дұрыс амандасу – әдептіліктің белгісі

Дұрыс амандасу – әдептіліктің белгісі
ашық дереккөз
Дұрыс амандасу – әдептіліктің белгісі
«Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» деп дана халқымыз өсиет етіп қалдырғандай, сәлемдесу – сөздің басы, ұлттық мәдени дәстүріміздің ажырамас бір бөлшегі іспетті. Шындығына келгенде әдеп пен мәдениет осы дұрыс сәлемдесуден басталады. Оның мәні – ең әуелі адамның кейіп- кескінін тану, болмысын байқау, өзінің қалауын ұқтыру, өздерінің аман-есен дидарласып тұрғанына қуанып, шүкіршілігін жасау, ниетінің адал, таза екенін ұғындыру. Сырттан үйге кірген кісі қай жастағы адам болса да, үйде отырған адамдарға сәлем беруі керек. Көріспегелі көп жыл болған замандас, құрдас, ағайын-туыс адамдар әуелі қос қолдап амандасып, сонан соң құшақтарын қайта жайып, бір-бірімен оңға бір, солға бір кеуде қағысады. Қауышып амандасу ер азаматтар үшін ұлттық амандасудың ең құрметті түріне жатады. Жастар қол алысып, арқа, иық қағысып та амандасады. Ал, қыз балалар бір-бірімен құшақтасып, беттерінен сүйіп, жай қол алысып немесе «Сәлем!», «Есенсің бе?» деп амандасады. Бірақ, кейінгі кезде осы сәлемдесудің де қисыны кетіп бара жатқандай көрінеді. Мәселен, сырттан жұмыс орнына кірген кезде «Сәлеметсіздер ме?» деудің орнына, кірген бетте «Қалайсыздар?» деп бірден хал сұрай жөнелетіндер бар. Ал, қарсы тарап бұған «Қалайсың?» деп сұраққа сұрақпен жауап береді. Сонда амандасудың да мәні кеткен дейміз бе, әлде қалай? Оны былай қойғанда, жиындарда, іс- шараларда көп жүреміз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине, дегенмен жоғары жақта отырған кейбір адамдарға сәлем бере қалсаң, мұрнын көкке шүйіріп, үнсіз жаныңнан өте шыққанын көргенде түрлі ойға қаласың. Жарайды, бір ұжымды басқарып отырса да, байлыққа белшесінен батып жатса да қарапайымдылық қасиетті жоғалтып, сәлемдесуге ерінгені ме сонда? Мұндай адамның қандай қадір-қасиеті бар деген мазасыз ойға берілесің. Осындайда мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Біреулерді мерт қылып аламын деп, Ашуыма ауыздық саламын кеп. Тентек іні бетіме тік қараса, Жасқанамын жандай-ақ залалым көп... Сәлемімді біреулер алмай кетсе, Екі иығым салбырап, пәс қаламын. Досым өтсе алдымнан қырын қарап, Бозторғайым кеудемде шырылдамақ. Естігісі келмейді бәтшағарың, Қорғасынмен құлағын тығындап ап. Қайсыбіреу қарайды айдаһарша, Тұрпайы әзіл,түрпі сөз – қайда барсам...», деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қалай десек те, сыпайы жүзбен, сәл ғана жымиып амандық, саулық сұрасқанға ештеңе жетпейді ғой! Ал енді, әр халықтың амандасу рәсімі, салты туралы ой қозғап көрелікші. Мәселен, Орта Азиядағы туысқан түркі халықтары барлық мұсылман елдеріндегідей «Ассалаумағалейкум» деп амандасады, ол «Сізге Алланың нұры жаусын» дегенді білдіреді. Оған жауап, яғни сәлемді алу ретінде айтылатын «Уағалейкумассалам» сөзі «Алланың рақым нұры маған бір есе жауса, сізге екі есе жаусын» дегенді ұқтырады. Сәлемдесуден кейін хал-ахуал сұрасу да әдепке, көрегенділік пен естілікке жатады. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, амандасуда әр халықта әр басқа қалыптасқан жоралғы-салттары бар. Орыстар «Денсаулығың қалай?» дейтін болса, ертедегі мысырлықтар «Қалай, сіз терлейсіз бе?» дейді екен. Ал, гректер «қуаныңыз» сөзін айтса, қытайлықтар «Бүгін тамақтандыңыз ба, қарныңыз тоқ па?» деп сұрайтын көрінеді. Азия халықтарында сол жақ кеудесін оң қолымен басып, кеудесін иіп сәлемдесу қалыптасқан, одан кейін қал-жағдай сұрасатын болған. Моңғолдардың алдымен айтатыны: «Қалай көшіп жатырсың? Қалай қыстап отырсың? Малыңыз қалай?». Бұл жөн сұрасу – баршаға ортақ. Ал, біздің халқымызда ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып «Жол болсын» деп тілек айту дәстүрі болған. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген мақал соның айғағы.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар