Жыл шежіресі

Жыл  шежіресі
ашық дереккөз
Жыл шежіресі
Қаңтар Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жамбылдықтар өрлеу жағдайында қарсы алды. Амангелді газ кенішінің бойында жатқан Талас ауданының Талапты, Бостандық, Аққұм, Тамабек, Сейілбек ауылдарына газ жеткізіліп, оның алауын жағу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Жамбыл ауданының Өрнек ауылында «Гүлдер» балабақшасы есігін айқара ашты. Ақпан Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Баласағұн» орталық концерт залында өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы тұрғындар алдында есеп берді. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаттары облысымызда болып, іргелі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Тараз қаласында «сақалды құрылысқа» айналған бұрынғы тері шикізатын өңдеу және аяқ киім тігу саласы жұмысшыларының мәдениет үйі болған ғимарат қайта қалпына келтіріліп, онда «Дос-Нар» сауда орталығы ашылды. Наурыз «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстағы филиалына бөлінген су жаңа 24 автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков салтанатты түрде тапсырды. «Жасыл бақты Жамбылым» атты жастар сенбілігі ұйымдастырылып, облыс бойынша 15 мыңға жуық тал-терек көшеттері отырғызылды. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында өткізілген республикалық «Жыр алыбы-Жамбыл» атты оқушылар айтысында Тараз қаласындағы №12 мектеп гимназияның оқушысы Дидар Апбасов бас жүлдені қанжығаға байлады. Сәуір Жерлесіміз, дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаевтың Алматы қаласында шығармашылық кеші өтті. Жамбыл ауданының Түркісіб ауылында 280 орындық балабақша ашылды. Жуалы ауданындағы «Көксай» каналының орнына жаңа арна салуға Үкіметтен үлкен қолдау көрсетіліп, мердігерлер «Сұңқар», «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Мамыр Қордай ауданындағы Кенен ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Байзақ ауданындағы 3 мыңнан аса тұрғыны бар Көктал ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне ұсынылды. Ресей Федерациясы Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко бастаған жерлестер өздерінің туып-өскен жері – қасиетті Әулиеата өңіріне арнайы атбасын бұрып келді. Маусым Бокстан әскерилер арасында өткен әлем біріншілігінде алтыннан алқа таққан Олжас Сәттібаевты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, автокөліктің кілтін табыс етті. Тараз қаласында II халықаралық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестивалі өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында «Отаным- жүрегім, отбасым- тірегім» тақырыбында республикалық ақындар айтысы өтті.

Шілде

Қаратау қаласында натрий цианидін өндіретін зауыт іске қосылды. Астана күні мерекесіне орай Тараз қаласында 140 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Қордай ауданының Сарыбұлақ және Степной ауылдары газдандырылып, 109 үйге көгілдір отын кіргізілді.

Тамыз

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есебін халық қалаулылары жоғары бағалады. Қытайдың Сиань қаласынан шыққан «Жібек жолы бойымен мың ли» халықаралық экспедициясы Тараз тарихымен танысты. Жуалы ауданының Дихан ауылында жаңа медпункт салынып, пайдалануға берілді.

Қыркүйек

Қаратау қаласында 120 отбасына жаңа пәтердің кілті тапсырылды. Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында 300 орындық жаңа мектеп бой көтерді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының Қордай асуындағы 80 шақырым айналма жолы пайдалануға берілді.

Қазан

Тараз инновациялық-гуманитар­лық университетінің агробиологиялық ғылыми зерттеу институты ашылды. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Меркі ауданының Жамбыл ауылдық аймағына қарасты Талдыбұлақ елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды. Мойынқұм ауданындағы Құралай сұлу кесенесі қайта жаңғырды.

Қараша

Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жергілікті жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық керуен өңірлерге жол тартты. Облыстық «Знамя труда» газеті өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтті. «Тараз-Арена» спорт кешенінде халықаралық «Еуразия барысы» екінші рет жалауын көтерді.

Желтоқсан

«ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жарқұм» кен орны іске қосылып, ел игілігіне берілді. Тараз қаласында 140 орындық «Балауса» балабақшасы ашылды. «Еурохим-Тыңайтқыш» компания­сының демеушілігімен Қаратау қаласында зәулім спорт сарайы бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Ұқсас жаңалықтар