Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

ХАМАС тұтқындарды айырбастауды ұсынды

ХАМАС кепілге алынған израильдық азаматтарды Израиль түрмелерінде қамалып отырған палестиналық тұтқындарға айырбастауды ұсынды, деп хабарлайды Euronews. Ұйымның Газа секторындағы көшбасшысы Яхья Синвардың айтуынша, мұны біртіндеп жүзеге асыруға болады. Беньямин Нетаньяхудің хабарлауынша, әскерилер кабинеті бұл мүмкіндікті талқылады, бірақ шешім қабылдаған жоқ. Сенбі күні Израиль премьер-министрі кепілге алынған адамдардың отбасыларымен кездесіп, мемлекеттері олардың қайтарылуы үшін бар мүмкіндікті пайдаланып отырғанына сендірді. Көптеген израильдік қазіргі жағдай үшін үкімет басшысы жауапты деп санайды. Тель-Авивте кепілге алынғандардың отбасылары наразылық шарасын өткізіп, Нетаньяхудың отставкаға кетуін және жақындарын құтқарудың нақты жоспарын талап етті. ЦАХАЛ мәліметінше, радикалдар қолына 230 адам түсті, ХАМАС жүздеген адамның кепілге алынғанын мәлімдеді.

Пенс АҚШ президенттігі үшін күресті тоқтатты

Американың бұрынғы вице-президенті Майкл Пенс ел президенттігіне үміткер ретінде сайлауалды науқанға қатысуын тоқтатты. Бұл туралы ол Лас-Вегаста (Невада штаты) сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Тікелей трансляцияны C-SPAN телеарнасы жүргізді. «Ел бойынша соңғы алты айдағы сапарларымнан кейін осында келесіні айтуға атбасын тіреп тұрмын: әзірге менің уақытым келмегенін түсіндім. Бүгіннен бастап президент сайлауындағы компаниямды тоқтату шешімін қабылдадым», – деді Пенс. Ол 2024 жылы өтетін АҚШ президентін сайлауға Республика партиясынан түсуге талпынған болатын. Аталған лауазым үшін күреске маусым айында кіріскен еді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Майкл Пенс дауыс берушілердің басым дауысына ие бола алмады. Республика партиясынан Америка президенттігіне үміткерлер арасындағы фаворит – экс-президент Дональд Трамп. Оның қарсыластары қатарында Флорида штатының губернаторы Рон Десантис, БҰҰ жанындағы АҚШ-тың экс-тұрақты өкілі Никки Хейли, Оңтүстік Каролина штатынан сенатор Тим Скотт, кәсіпкер Вивек Рамасвами бар.

Мыңдаған ауғандық Пәкістаннан кетіп жатыр

Он мыңдаған ауғандық Пәкістаннан депортациялау мерзімі аяқталмай тұрып кетіп жатыр. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі Пәкістанда тұратын ауғандықтар тобы ел үкіметі 31 қазанға дейін кету мерзімін белгілегеннен кейін отандарына оралуға мәжбүр болғандықтан, адам құқықтарының тапталуы мүмкін екенін ескертті. БҰҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымы 3-15 қазан аралығында ондаған мың ауған Пәкістаннан қашып кеткенін хабарлады. «Біз Пәкістан билігін Ауғанстан азаматтарын мәжбүрлеп қайтаруды тоқтатуға шақырамыз. Ауғанстанға қайтарылған жағдайда депортацияға ұшырағандардың көпшілігі адам құқықтарының бұзылуына, негізсіз тұтқындау мен қамауға алу, азаптау, қатыгездік және басқа да адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге ұшырауы мүмкін екенін және Ауғанстанға үлкен қауіп төнуі мүмкін деп есептейміз», – деді қос ведомство өкілдері. Ауғандықтар соғыс пен тәліптерден құтылу үшін жылдар бойы көрші Пәкістанды паналаған. Пәкістан үкіметінің мәліметінше, елде 4,4 миллионға жуық ауған босқыны болса, олардың 1,7 миллионы жарамды құжатсыз.

Құранды өртеген иммигрант депортацияланбақ

Құранды өртеуді ұйымдастырған ирактық иммигрант Салван Момика Швециядан шығарылады. Бұл туралы Iraqi News сайты хабарлады. Порталдың хабарлауынша, иммиграциялық қызмет оның Швецияға кіруіне 5 жылға тыйым салды. «Швецияның иммиграциялық қызметі Момиканы елден депортациялау туралы шешім қабылдады. Жылдам депортациялауда біраз кедергілер туындағандықтан оған 2023 жылдың 25 қазаны мен 2024 жылдың 16 сәуірі аралығында уақытша тұруға рұқсат берілді», – делінген хабарламада. 37 жастағы Момика Швецияның әртүрлі жерлерінде Құран көшірмелерін өртеп, қорлаған бірнеше шерулер ұйымдастырғаннан кейін көптеген елдер мен ислам ұйымдарының наразылығын тудырды. Бұл шерулердің алғашқысы 28 маусымда Стокгольмнің орталық мешітінде өтіп, онда ирактық иммигрант қасиетті кітаптың бірнеше бетін жыртып, өртеп жіберген. Ирак халықаралық қылмыстық полиция ұйымы Швецияда Құран жағушыны тұтқындап, Бағдадқа экстрадициялауға шақырды.

Испанияда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін

Испания парламенті TikTok әлеуметтік желісін шектеуі мүмкін. Әсіресе, оқушылар мен мемлекеттік қызметкерлерге оны жүктеуге тыйым салынбақ. Ел парламенті «Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет» дейді. TikTok – кейінгі жылдары жастар арасында кеңінен танымал болған платформалардың бірі. 150 елде, 75 тілде қызмет көрсететін қосымшаны 2020 жылдың өзінде бір миллиардтан астам қолданушы жүктеген. Соңғы жылдары Еуропадағы Белгия, Дания, Франция, Германия және Чехия мемлекеттік қызметкерлер, парламент қызметкерлері мен әскерилерге TikTok-ты жүктеуге ресми түрде тыйым сала бастады. Жаңа жылдан кейін бұл елдердің қатарына Испания қосылуы мүмкін. Испан оқушыларына TikTok қосымшасын жүктеуге тыйым салуды психолог мамандар талап етіп отыр. Мұны ел парламенті де құптайды. Шынымен, бұл әлеуметтік желінің зияны басым. Өйткені, онда ақпарат еш сұрыпталмай, таратыла береді. Испанияда 11 мен 15 жас аралығындағы әрбір төртінші жеткіншек кибербуллингтен зардап шеккен. Желі арқылы қорлау оқиғалары соңғы 7 жылда 4 есе, ал былтыр бірден 75 пайызға артты. Жергілікті БАҚ өкілдері «TikTok-қа тыйым салып қана қоймай, сервисті толығымен бұғаттау туралы заң қабылдау керек» деп жазады.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар