Бағдарлама аясында 57 кооператив құрылды

Бағдарлама аясында 57 кооператив құрылды
ашық дереккөз
Бағдарлама аясында 57 кооператив құрылды
Ауыл шаруашылығы аса жауаптылықты талап етеді. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, ел ризығын арттыруда да бұл саланың рөлі зор. Сондықтан, Президент тапсырмасына сәйкес, егіс алқаптарын әртараптандыру, басым бағыттағы рентабельді дақылдардың себу көлемдерін арттыру, бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу, озық үлгідегі жаңа технологиялар мен ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып, саланың дамуын өз биігінен түсірмеу – басты міндет. Осы мақсатта «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбында «Егінжай-2023» облыстық дала семинары ұйымдастырылды. Егін шаруашылығының өнімділігін арттыруда жасалып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген семинар «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы техникаларын тапсыру рәсімімен басталды. Байзақ ауданындағы «БНК GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алаңында өткен салтанатты жиында «Ауыл аманаты» жобасының ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу бағыты бойынша жаңадан құрылған кооперативтерге 803 миллион теңгені құрайтын «ЛОВОЛ», «ЗУМЛИОН», «ЮТО», «МТЗ» маркалы тракторлары табысталды. – «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылдан басталғалы бері жеңілдетілген түрде ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсеткенінің арқасында қазір республикамыздың бүкіл аймақтарына облысымыздың осы тәжірибесін таратуда. Бағдарлама басталғалы бері облыста 57 осындай ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Олардың әрқайсысы орта есеппен шамамен 100 миллион теңге көлемінде ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Олардың бір бөлігі бюджет есебінен субсидияланды. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек. Биыл да облысымыз осы жоба бойынша республикалық бюджеттен 24 миллиард теңге алып, сол қаражатқа 33 ауылдан 33 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазір өз иелеріне тапсырылғалы тұрған техникалар шетелден келгендіктен, оларға қызмет ететін «БНК GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі керекті қосалқы бөлшектерін жеткізіп беретін болады. Білесіздер, шетелдік техникаларда ақаулықтар шықса, қосалқы бөлшектерді басқа жерлерден іздеп, шаруалар әуреге түсетін. Енді бұйыртса, өз облысымыздан қызмет алатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту көрсеткішін жыл сайын 10 пайызға дейін жүргізу жөніндегі тапсырмасын асыра орындауға мүмкіндігіміз бар. Жаңа айтқанымдай, 33 кооперативке биылдың өзінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2,3 миллиард теңге қарастырылатын болады. Мұндай істер жалғаса береді, соған ауыл шаруаларын белсене қатысуға шақырамыз, – деген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жаңа техникаға ие болғандарды құттықтады. Айта кетейік, «БНК GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып суаруға арналған құрылғыларды шығарып, биыл облыс шаруашылықтарына 65 заманауи технологияны пайдалануға берген. Келесі жылдан бастап тамшылатып суару технологияларын шығармақшы. Сонымен қатар, елімізде қытайлық ҮТО маркалы тракторларын құрастыруға лицензиялық келісім жасаса, түрік өндірушілерімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы техникаларын, оның ішінде соқалар, бүріккіштер құрастыруды жоспарлап отыр. Биыл облыста 1885 ауыл шаруашылығы техникасын алу арқылы техника паркін 15 пайызға жаңарту көзделсе, бүгінгі күні барлығы 1283 техника алынып, 10,2 пайызға жаңартылды. Биылғы алынғандардың ішінде 8-і комбайн, 306-сы трактор, 969-ы басқа техникалар. Кооперативтерге берілген техникалардың жалпы құнының 50 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан субсидияланады. Дала семинары Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің қант қызылшасы алқабында жалғасты. Семинарға қатысушылардың назарына ауыл шаруашылығы техникаларының және өндіруші компаниялардың көрмесі де ұсынылды. – Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың оң іске асуына баса назар аударуда. Бұл асыраушы сала үлкен еңбекті қажет етеді. Биыл оңтүстік аймақтардың шаруаларына оңай соқпады, су жетіспеушілігінің зардабын тартты. Ағын су мәселесі өзекті болуда. Одан шығудың бірден бір жолы – егін шаруашылығына су үнемдеу технологияларын барынша кеңінен қолдану. Су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэффициентін арттыру, жерасты суларын ұңғыма қазумен мейлінше пайдалану қажет. Бүгінгі семинар қант қызылшасы алқабында ұйымдастырылып, мұнда су үнемдеу технологияларының нәтижесін көрсету көзделді. Жерасты суын үнемдеп пайдалануға ұңғыма қазғаны үшін мемлекет тарапынан субсидия нормативін 50 пайыздан 80 пайызға дейін көтеру қарастырылып жатыр. Инфрақұрылым жүргізсе 50 пайызға дейін қолдау көрсетіледі. Заманауи жабдықтарды енгізуге барынша жағдай жасалып жатыр, үкімет тарапынан да қолдау аз емес. Осы семинар аясында жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервис орталығы құрылды. Сондай-ақ, Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта су үнемдеу технологияларына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарланып отыр. Жылдың аяғына дейін жаңбырлатып суару технологияларын Жамбыл өңірінде өзіміз шығаратын боламыз. Әрине, ол басқа шет мемлекеттерден алып келгенге қарағанда арзанға түсіп, тиімді болатынын білесіздер. Келесі жылдан бастап, біраз инвестиция құйылып, 14 су қоймасында да реконструкция жасалып, жаңа су қоймасы салынады. Облыста 257 канал жөндеуден өтеді, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Биыл аймақта қант қызылшасы 10,8 мың гектарға орналастырылса, қуаңшылықтың салдарынан оның 6,2 мың гектары жарамсыздыққа ұшыраған. Қазіргі уақытта жиналатын 4,6 мың гектар алқаптың 1,3 мың гектарынан 58356,9 тонна тәтті түбір алынып, әр гектардағы орташа өнім 424,6 центнерді құрауда. Ал, қант зауытына 46997,9 тонна қызылша өткізілген. Сонымен қатар, биыл 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы қойылған. Семинарда шаруаларға егіншіліктегі ұтымды жол ұсынған ғалымдардың бірі «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының білімді тарату және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейткәрім Қалтаев будандастырылып шығарылған сорттардың тиімділігі турасында баяндама жасады. Одан соң сөз алған «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев көкөніс, бақша өнімдерін күтіп-баптаудағы тың тәсілдерін мәлімдеді. «Аспан-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Саха Манатов биылғы қуаңшылықтың салдарынан 300 гектар қызылшасы мен 150 гектар жүгерісі күйіп кеткен соң байқап көру үшін 250 гектарға қызылша егіп, жерасты суын алуға ұңғыма қазып, жаңбырлатып суару қондырғысымен нәрлендірген жұмыстарының нәтижесін көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Маусымның 25-інен бастап 5 шілдеге дейін еккен қызылшаларын енді 15 қарашадан бастап 3-4 күнде жинап алуды жоспарлап отыр. Кооператив басшысы Саха Ұзақұлы қазір жайқалып өсіп тұрған мұндағы қызылшаның тез бой көтеріп кетуіне жерасты суын үнемдеп пайдаланумен қатар, «ANS-AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қой жүнінен алған жаңа тыңайтқышының да оң әсері тигенін айтты. Бұл жаңа тыңайтқышты аталған қызылша алқабына алғаш рет қолданып, пилоттық жоба ретінде нәтижесін байқап көру көзделіпті. Жақсы нәтиже бергенін осы семинарда барлық дихандарға көрсетіп, келесі жылдан бастап қой жүнінен алынған амин қышқылын облыстың барлық қызылшаларына пайдаланып, мол өнім алу жоспарланыпты. Егер осылай су үнемдеу технологияларын, тиімді тыңайтқыштарды қолданып, қызылша алқабын жайқалтып, мол өнім алса, тұтас елімізді 50 пайыз қантпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екен. Қазір қызылшашылар елді тек 7 пайыз ғана қантпен қамтып отыр. Егіндікке өте пайдалы тыңайтқышты қой жүнінен алуды ойлап тапқан «ANS-AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Микайил Хабибов бұл амин қышқылы өсімдікті түрлі аурулардан да қорғайтынын айтты. – Егін шаруашылығына ұсынылып отырған қой жүнінен алынған амин қышқылы – екі жарым жыл бойы зерттелген еңбектің нәтижесі. Мен 2012 жылы Америкада университетті бітіргеннен соң Қазақстанға қайтқанмын, өзім биотехнология саласында магистратураны бітіргенмін. Қой жүнінен тыңайтқыштың сұйық түрін алуды шығардық, енді жақын уақытта тағы да егіндікке өте тиімді түйіршікті тыңайтқыш алуды жоспарлап отырмыз, – деп қой жүнінен тыңайтқыш алу тәсілін, оның құрамы туралы толығырақ таныстыру үшін шетелдік инженер Хусамед Дінташшыға сөз берді. Ол жер астынан алынып келген темір компоненттері қой жүнінде бар екенін, одан да басқа минералдар өсімдікті көптеген аурулардан сақтайтынын айтты. Пайдалы тыңайтқыш шығаруда өсімдіктің тамырын өсіру, бойын көтеру және салмақ қосу мақсаттары негізге алынады. Осындай жаңа тыңайтқыштар мен заманауи технологияларды қолдана отырып, «Аспан-Агро» кооперативі келер жылы мың гектарға, 2026 жылға дейін 3 мың гектарға қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Дала семинарында егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынып жатқанын және сол арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізілді. Бұл бағыттағы жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдаланып, рентабельді дақылдардың тиімділігін арттыру секілді жұмыстар жан-жақты дәлелдермен таныстырылды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар