Жәмиғаттың жүрегіне жақын Жошыбаев

Жәмиғаттың жүрегіне жақын Жошыбаев
ашық дереккөз
Жәмиғаттың жүрегіне жақын Жошыбаев

Жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор, жүрек-қан тамырлары хирургтары қауымдас­тығының президенті Сейітхан Жошыбаев туралы мөлтек сыр

Шынында ол – «елім, жұртым» деген азамат. Өзімен тілдесе қалсаңыз да, «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздің бірқатар өңірлерінен кардиохирургиялық орталықтар ашылса деген арман көкірегіме ұялаған-ды. Сол арманымды Елбасы жүзеге асырды. Көрші елде елу екі жыл еңбек етіп, жинаған білімім мен тәжірибемді туған елімнің игілігіне жұмсауыма мүмкіндік туды» деп ағынан жарылады. – Отандық медицинаға деген көзқарасыңыз қандай? – Жалпы, жүрек-қантамыр жүйесі аурулары елімізде бірінші орында тұрғаны баршаға мәлім. Осымен байланысты елге келіп, жеке кардиохирургиялық клиника ашпақ ниетімді Елбасы бірден қолдады. Қазіргі таңда елімізде медицина саласы өте жоғары сатыға көтерілді десек те болады. Жүрек, бауыр, бүйректері алмастырылғандар қатары көбеюде. – Соңғы кездері бұл сырқат түрі көбейіп, тіпті «жасара» да бастағандай. Мысалы, кішкене сәбилердің дені «жүрек ақауымен» туылуда. Бұл неге байланысты? – Жүрек ауруы, бір жағынан көбейіп кеткен секілді көрінеді. Олай емес. Экологиялық жағдайлардың зардаптары болуы мүмкін. Ал шынтуайтында бүгінде диагностикалау, ауруды дер кезінде анықтау жақсара түсті. Заманауи медициналық аппараттар алынды, соның көмегі арқылы сәбидің сырқаты бар-жоқтығын құрсақта жатқанында-ақ дәлме-дәл анықтауға болады. Ал емдеу ісі бала қаншалықты кішкентай болса, дәрігердің білім-білігі де соншалықты жоғары болуға тиіс. Ота барысында құйттай ғана ағзаның әрбір қылт еткен өзгерісін бақылау қиынның қиыны. Мұндайда анестезиолог-рениматолог маманның әмбебаптығы да өте-мөте қажет. Бұл орайда ауылдардағыларынан бастап медициналық қызметкерлері біліктіліктерін жоғарылатуды діттейтін алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі бағдарлама қабылданып, бекітілді. Бүгінде емдеу мекемелерінің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуын қамтамасыз ететін бағдарлама да жұмыс істейді. Отаға жеткізбей дәрімен емдеп жазып, жүрек дертінің алдын алудың мүмкіндігі бар. Мұның барлығы да дер кезінде қолға алынды деген ойдамын.Тек оны тиімді іске асыра білуіміз керек. – Клиникаңыз жаңа ғимаратқа көшіп, ғылым мен медицинаны қатар үйлестіретін кардиохирургия және трасплантология орталығы ретінде қайта құрылуы мен өзіңіздің екінші дәрежелі «Барыс» орденін Елбасының өз қолынан алу секілді қос қуаныш қатар келді... – Бұл енді менің ғана емес, ұжымның да жетістігі. Бұрынғы мекенімізде он бес қана төсек-орын болды, жаңа ғимаратта оның саны төрт есеге көбейді. Клиникалық қана емес, үлгілік-тәжірибелік, ғылыми-әдістемелік орталыққа да айналдық. Еліміздегі жиырма төрт кардиохирургиялық орталықтар шоғырындағы алдыңғы «үштіктің» қатарындамыз. Шыққан биігімізді алдағы уақытта да аласартпақ емеспіз. – Әлі күнге дейін өзіңіз ота жасайсыз... – Жетпіс бес жасымда мұнымды тоқтатармын дегенмін. Бірақ, жастар ісі әлі бір қалыпқа түспей жатқан сияқты. Олардың негізінде бірдеңе бар, іштері таза, қабілеттілері де көп-ақ. Білім-біліктіліктерін жетілдіру арқылы бұл істі алып кетеді деп сенемін. Біздің де міндетіміз осы - ісімізді, өнеге-тәлімімізді одан әрі абыроймен жалғастырар лайықты ізбасарлар даярлау. Оларға тиісінше қолайлы жағдайлар жасаудамыз. Бірқатары шет мемлекеттерде біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтті. Медбикелердің де еліміздегі үздік кардиохирургиялық орталықтарда оқып, шеберлік-сыныптарына, семинарларға қатысуын ұйымдастырамыз. – Жәмиғатқа айтар жаңажылдық тілегіңіз? – Жаңа қой жылы өзі секілді момақан, табысты да берекелі, жайлы жыл болады деген ойдамын. Жалпы жұртқа айтарым: жоқтан өзгеге жүректеріңізді ауыртып, орынсыз күйзеліске, күйгелектікке жол бермеңіздер. Бір-бірімізден жан жылуын аямайықшы, ағайын! Жаңа жыл құтты болсын!

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар