Ақтөбеде қос қуаныш

Ақтөбеде қос қуаныш
ашық дереккөз
Ақтөбеде қос қуаныш
Республика күні қарсаңында Жуалы ауданының Ақтөбе ауылдық округінде екі нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірі Бәйтерек ауылындағы ауыз су жүйесі болса, екіншісі Жаңаталап ауылындағы «Bakesh arena» еркін күрес залы. Бәйтерек ауылындағы ауыз су құбырын жүргізуге бюджеттен 472 миллион теңге бөлінген. Ауыз су құбырының ұзындығы 14,35 километрді құрайды. Оның құрылысын «Forte Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жалпы, бұл елді мекенде 324 аулада 1326 тұрғын тұрады. Ауыз су жүйесі құрылысының жүргізілуі тұрғындардың көптен күткен арманы болатын. Нысанның ашылу салтанаты Республика күнімен тұспа-тұс келді. Оның ашылу салтанатын аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ашып, ауыл тұрғындарын республика күнімен құттықтады. – Су – өмірдің нәрі. Биыл бес елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал, 2025 жылға дейін аудандағы 49 елді мекенді толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Оның 11-інің тұрғындары 50 ауладан аспайды. Бұл ауылдар модульдік блок арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады, – деді Асхат Базарбайұлы. Нысанның лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен ауыл ақсақалдары кесіп, құтты болсын айтты. Осы күні есігі айқара ашылған Жаңаталап ауылындағы «Bakesh arena» еркін күрес залының да ашылуы өтті. Оның құрылыс жұмыстарына 22 миллион теңге жұмсалған. Ауыл азаматы Талғат Тойшыбеков демеушілік жасап бастамашы болған спорт зал ауыл тұрғындарының асарлатуымен салынды. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына, салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл тұрғындарының тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуына, бұқаралық, спорттық іс-шараларды ұйымдастырып өткізуіне жағдай жасау мақсатында ауданда бір стадион, бір спорт кешені, 45 спорт зал, 12 үлкен футбол алаңы, 95 кіші футбол, баскетбол, волейбол, стритворкаут, әмбебап алаңшалар жұмыс істеуде. Еркін күрес залының ашылуына ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Бүгінде ауданымыздың, облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған ауылдан шыққан спортшылар да арнайы шақырылған. Нысанның ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Базарбайұлы, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов сөйлеп, тұрғындарды Республика күнімен және нысанның ашылуымен құттықтап, спорт залдың ашылуына себепші болған ауыл азаматтарына алғысын білдірді. Академик Медетхан Заппаров, ауыл ақсақалы Расылхан Тойшыбеков және ауылдың жанашыр азаматы Талғат Тойшыбеков те сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Талғат Тойшыбеков спортзалға есімін берген Бакеш ата туралы қысқаша айтып өтті. Ол кісі өзіміздің ауданға ғана емес, облысқа, көрші Түлкібас ауданы, тіпті қырғыз еліне танымал мықты көкпаршы болған екен. Сонымен бірге ол бүгінде халықаралық жарыстардың чемпионы атанған спортшыларды ортаға шақырды. Яғни, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2021 жылы Бразилияда өткен олимпиаданың күміс жүлдегері Ғасыр Тұрғынбай, 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия чемпионатына күрестен қатысқан Қалжан Рахат, Санжар Мұхтар, сондай-ақ, ауыл жастарына үлгі болып жүрген азаматтың бірі әлем чемпионы Әбдінұр Нұрланбекті ауыл ақсақалдары, қонақтармен бірге лента қию рәсіміне қатыстырды. Мұнан соң жиналған жұрт ауыл балаларының еркін күрестен ойынын тамашалады. Салтанатты шара әрі қарай ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.  

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар