Көгілдір отынмен қамтылған ауыл

Көгілдір отынмен қамтылған ауыл
ашық дереккөз
Көгілдір отынмен қамтылған ауыл
Байзақ ауданына қарасты Ынтымақ ауылдық округінің құрамында Мәдімар ауылы бар. Оның аумағы – 17902 гектар, жалпы аула саны – 335, халық саны 2020 адамды құрайды. Округ аумағында 84 шаруа қожалығы тіркелген. Елді мекенде бір орта мектеп, ауылдық клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, балабақша, тірек пункті, ауылдық пошта, ауылдық мешіт және алты азық-түлік дүкені ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының спортпен айналысуы үшін 9 спорттық нысан, бір «Стрит воркоут», жаңа үлгіде салынған кіші футбол алаңшасы орнатылған. Қазіргі таңда елді мекен тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен және 85 пайыз табиғи газбен қамтылған. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 17127,9 гектарды құрайды. Округте тіркелген шаруа қожалықтарының негізгі айналысып отырған кәсіптері – егін және мал шаруашылығы. Осы жылдың жоспарына сәйкес, күздік бидай 910 гектар, жаздық арпа 1350 гектар, майлы дақыл 500 гектар егіліп, гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім алынған. Мал шаруашылығы да айтарлықтай дамып келеді. Округте жыл басынан үш отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беріп, бүгінгі күні табысы кедейшілік шегінен төмен екі отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша өткен жылы қайтарымсыз грант қаражатына 5 адам ие болып, бизнес жобасы бойынша кәсіптерін жүргізуде. Ал, биыл бір адам 1 380 000 теңге алған. «Асарлатып үй салу» жобасымен бір үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында ауылдық округ әкімі Мейірбек Ноғаев мәлімдеді. Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында құрылған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық округте 105 азамат, жалпы 751 миллион 690 мың теңге несие алу жоспарланған. – Жобаның бірінші бағыты – «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бойынша округтегі 248 аула қамтылады. Аталған бағытта жалпы 499 мың теңге қаражат кооперативтің атына түсіп, 570 дана алма көшетін игеру жоспарланып отыр. Айналым қаражатына кепілдікке жеке тұрғын үй қойылады. Ал, жобаның екінші бағыты – «Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» бойынша 90 азамат 3077 бас әртүрлі мал сатып алу жоспарланған. Бүгінде облыс және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, несие алушылар Түркістан облысына барып, мал сатып алу үшін келісім жүргізуде, – деген Мейірбек Олжабайұлы жобаның басқа да бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына дейін 56 кәсіпкер болса, бүгінгі күні 124-і тіркеліп, жалпы саны 177 кәсіпкер болып отырғанын жеткізді. Одан бөлек, осы жылы ауылдағы «Даңқ» кешені аумағына асфальт жамылғысы төселіп, Түйтебаева көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Брифинг соңында жоғарыда аталған ауылдық округтің әкімі Мейірбек Ноғаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына нақты жауаптар берді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар