Өндірісті өрге сүйрейтін өміршең жобалар

Өндірісті өрге сүйрейтін өміршең жобалар
ашық дереккөз
Өндірісті өрге сүйрейтін өміршең жобалар
Мемлекет тарапынан отандық ғылымның дамуына әрдайым қолдау көрсетіліп, ғалымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар іске асырылып келеді. Отандық ғылым өз кезегінде еліміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін өндірістің жаңа технологияларына бағытталуға тиіс. Бұл дегеніміз – отандық жобалардың экономиканың нақты секторларында қолданылуы және ұлттық ғылыми жүйенің түбегейлі трансформациялануы. Қазіргі таңда бұл игі іс Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүргізіліп келеді. Ең әуелі осы бағытта ел алдында тұрған міндет – ғылымды басқарудың жаңа моделін енгізу. Академик Қаныш Сәтбаев «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді- кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», десе, көрнекті Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлы «Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ», деген екен. Бұл екі ұғым – ғылым мен білім ұштасып, үйлеспейінше нәтиже болмайтыны хақ. Осы тұста өңірдегі жоғары оқу орындарындағы ғылыми атмосфераның ахуалына назар аударуды жөн көрдік.   НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресі аясында «Климаттың өзгеруі және экологиялық дағдарыс» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунг қатысты. Айта кетсек, Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша шешімдермен жұмыс істейтін құрметті профессоры. Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі, «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бастамасымен ұйымдастырылған жиында су шарушылығы мәселелері, экологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты мәселелер талқыланды. Университет ректоры Мұхтар Байжұманов және «Қазфосфат» ЖШС-ның бас экологы Гүлжанат Ибадуллақызы баяндама жасады. – Дулати университеті су саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі базалық жоғару оқу орны ретінде анықталды. Дулати университеті су шаруашылығы, су ресурстары, қайта өңдеу, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, химия саласындағы зерттеулер бойынша Орталық Азиядағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы болып табылады және өңір үшін кадрлардың «жеткізушісі» екені мәлім. Бүгінгі таңда Дулати университеті Су бағытындағы ұйымдармен консорциалдық келісімге қол қойды. Оның құрамына елімізден 6 жоғары оқу орны және 5 ғылыми ұйым кіреді, – деді университет ректоры. Кездесуде жан-жақты пікірлер айтылып, түйткілді мәселелер бойынша ғалымдар арасында сұрақтар қойылып, шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг жиынның еркін форматта өтіп, экологияға қатысты жан-жақты әңгіме өрбігенін айтып, мұндай шаралар алдағы уақытта да жемісті жалғасын тапса деген ұсынысын жеткізді. ТАҒЫЛЫМ ОШАҒЫ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫНА АЙНАЛМАҚ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті халықаралық деңгейде имиджін көтеру мақсатында шетелдік оқу орындарымен екіжақты байланысты арттыруда. Озық университеттермен тығыз ғылыми қарым- қатынас орнатып, студенттер тартуда. Бұл ретте шетелдік әріптестікті нығайту іс-шаралары халықаралық ынтымақтастық басқармасы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Жаңа оқу жылында университет тарихында алғаш рет Ресей Федерациясының, Санкт-Петербург қаласындағы ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетінен 3 студент күзгі семестрге оқуға қабылданды. Бұл – өңірлік университеттің беделін көрші елдер арасында көтеру және ғылыми тәжірибе алмасу үшін жасалған сәтті қадамның бірі. Өз кезегіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде университеттің «Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Құрманжан Жақыпбек, «Жарнама дизайны» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Екатерина Крамынина және Диана Темірхан осы университетте өз білімдерін шыңдайды. Дулати университеті осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта сәтті жалғастырып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропа елдерінен ғылымға құштар студенттер тартуды жоспарлап отыр. ЖЕЛІЛІК КАМПУС ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ Айта кету керек, бұл – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Қазфосфат» ЖШС және Д.И.Менделеев атындағы Ре сей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампус. Бұған дейін ашылу рәсімі мен таныстырылымы Алматы қаласында және Дулати университетінде өткен болатын. Жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылатын, алғаш рет жұмыс беруші тарапты да бірге қамтыған жоба аясында биылғы оқу жылында күтілетін нәтижелер көп. – Дулати университеті QS әлемдік рейтингісі бойынша ең үздік жоғары оқу орнының қатарына енді. Жақсы көрсеткішке жету – университет үшін үлкен мәртебе. Ғылымға негізделген білікті кадр даярлау бағытында оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар жастар үшін, өңір үшін оң өзгеріс береді деп сенеміз. Өздеріңізге белгілі, жаңа оқу жылында біз химия өнеркәсібін дамыту аясында біршама бастамаларды қолға алып отырмыз. Соның бірі – «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы негізінде Д.И.Менделеев атындағы Ре сей химия технологиялық университеті және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, химик- технолог мамандарды даярлаудың желілік жүйесі. Бүгінге дейін үш тарапта келіссөздер жүргізіліп, сәтті аяқталды. Міне енді, осы жаңа оқу жылын 7 студент Мәскеуде бастап отыр. Бітіруші түлектер алдағы уақытта кедергісіз жұмысқа орналасады. Бұл кадрларды жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» кәсіпорны, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Шолпан Есімова. Сонымен қат ар, «Қазфо с фат» ЖШС персоналдарды басқару департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматов бұл жобаның студенттерге берілген үлкен мүмкіндік екенін айтуда. Кәсіпорын қызметкерлеріне көрсетілетін жағдайлар мен артықшылықтар да жыл санап артып келеді екен. ДАЛА КЕНІН ИГЕРУДІ ДАМЫТПАҚ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті кәсіби білім берудің практикалық және теориялық компоненттері біріктірілген маман даярлаудың дуалды оқыту жүйесі бойынша кәсіпорындармен әріпте стік байланысты нығайтуға баса көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде студенттерге ғылым- білім мен тәжірибені ұштастырып, өндірістік практикадан өтіп, жұмыс табу жеңілдей түсті. Енді Дулати университетінің «Мұнай газ және тау-кен ісі» бойынша биылдан бастап бітіруші түлектеріне «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде практикадан өтуге мүмкіндік туады. Дулати университетіне атбасын бұрған «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС-ның басшылығы университет ректоры М.Байжұмановпен кездесті. Кездесу барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, студенттердің жасаған ғылыми жобалары таныстырылды. – Бәрімізге белгілі, 1990 жылдары еліміздің оңтүстік облыстарын табиғи газбен қамтуда қиыншылықтар болды. Қазіргі уақытта 1970 жылдары ашылып зерттелген «Амангелді» газконденсатты кен орны игеріліп жатыр. Дегенмен, бастапқы кезде осы кен орынды игеріп, халыққа газ жеткізу мәселелерінде кадрлар жетіспеді. 1997 жылы газ саласы мекемелерінің ұсыныстарымен мұнай-газ саласының мамандықтары Дулати университетінде ашылған болатын. Қазіргі күнге дейін басшылықта отырған біраз тұлғалар осы қара шаңырақтан шыққан. Сондықтан, бұл бастама жастардың оқу ордасынан алған білім, жиған ғылым, түйген тағылымын ел игілігі жолында жұмсауға мол мүмкіндік, – деді Мұхтар Байжұманов. Алғаш рет жүзеге асырылып отырған бұл жоба нәтижесіз қалмайды деген сенім көп. Биыл университеттен 2 студент өндіріс орнына барып тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Ал, 4-курс студенттері 15 күн негізгі сабақтарын оқыса, 15 күн кезекшілікте болады. Студенттер тек білім алумен шектелмейді. Еңбек өтілі есептеледі. Айлық төленеді. Киім және тамақпен қамтамасыз етіледі. Бастысы үш тілде білім алған бұл студенттер диплом алған күннен бастап, өндіріс орындарында жүз пайыз жұмыспен қамтылады. КОРЕЙ ҒАЛЫМДАРЫ ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУҒА ДАЙЫН Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірлескен ғылыми жобаларды талқылау мақсатында Кореяның Кемпук Ұлттық университетінен арнайы делегация келді. Бағдарлама бойынша күннің бірінші жартысында делегация институт басшылығымен кездесіп, мұрағат, кітапхана, студенттер үйі мен әкімшілік ғимаратқа экскурсия ұйымдастырылып, корейлік ғалымдар оқу ордасының материалдық мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, институт ректоры Марат Баяндиннің басшылығымен жаратылыстану факультетінің профессор- оқытушылар құрамымен жобаны талқылау бойынша жиналыс өтті. Кемпук ұлттық университетінен келген делегацияның мақсаты – жаратылыстану ғылымдары пәндері оқытушылары мен мұғалімдерінің ғылым саласындағы әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жасайтын білім беру орталығын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының құрамынан ашу, сонымен қатар, оқу ордасының базасында студенттердің ғылыми жобалары болса қолдау көрсету. Тіпті, олар кездесу барысында жарқын жобаларды осында жүзеге асыруды қаржыландыруға да дайын екендерін жеткізді. Болашақта аталған орталық институт профессор-оқытушылар құрамы мен мектеп мұғалімдерінің жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми жобаларына қолдау көрсетіп, әлемдік тәжірибеде бағыт-бағдар беретін, жемісті орталық болуына кәміл сенеміз. ИННОВАЦИЯ ИГІЛІГІН КӨРІП КЕЛЕДІ Қазақстанда инновациялық экожүйені құру, атап айтқанда бизнес, ғылыми сала және мемлекет арасындағы тұрақты байланыстары бар технологиялық кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ, өндіріске инновацияларды енгізу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл бағытта Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты Тараз қаласы мен Жамбыл облысының технологиялық дамуына үлес қосуды көздеп отыр. 2023 жылы институттың Кәсіпкерлік орталығы «Qazinnovations» АҚ тарапынан бизнес- инкубация қызметін көрсету бойынша бизнес инкубаторларды қолдау грантының иегері атанды. Жобаны жүзеге асыру аясында тамыз бен қазан айлары аралығында стартаптарды бизнес-инкубациялау бағдарламасы жүзеге асуда. Инкубация бағдарламасы мастер-кластар, топтық және жеке кеңестер қарастырылған үш апта мерзімге созылады. Оқу соңында сертификат табысталып, ол ИДҰА «Qazinnovations» АҚ-ның гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Бірінші лектің қорытындысы бойынша 20 қыркүйекте өткен Demo Day-да ұлттық ежелгі әдіспен шөптерден дайындалатын энергетикалық сусын өндіруден бастап, балаларға арналған виртуалды ақиқат жасауға дейінгі жобалар таныстырылды. Институтта кәсіпкерліктің экожүйесін құру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Аквамәдениет мен биоресурстар орталығы, Агробиологиялық станция, мал шаруашылығы мен ветеринария орталығы, «Cinema Hall» кинозалы, видеостудиялар, студенттік сұлулық салоны, Студенттік творчестволық орталық, IT академияда студенттер мен оқытушылар кәсіпкерлік таланттарын дамыта алады. Сондай-ақ, биылғы жылы алғашқы «Әрекет» республикалық Startup жобалар конкурсы, IT хакатондар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда, бизнес-инкубация бағдарламасын 40-тан аса резиденттер өтуде. Ал, кезекті Demo Day қазанның аяғында жоспарланған. Кез келген өңірдің кешенді дамуында командалық жұмыстың алатын орны ерекше маңызды екені хақ және институттың барлық бастамалары мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпкерлердің және қаржы саласы мамандарының қолдауымен, ынтымақтастықпен жүзеге асырылатыны қуантады.  

Бетті дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар