Денсаулық – зор байлық

Денсаулық – зор байлық
ашық дереккөз
Денсаулық – зор байлық
Денсаулық – зор байлық. Таразда Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы кезең-кезеңімен 2,5 есеге дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында 11896 медицина қызметкерінің, оның ішінде 3248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8648 орта медицина қызметкерінің жалақысы орта есеппен 20 пайызға, дәрігердің жалақысы орта есеппен 453427 теңгеден 589455 теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 204000 теңгеден 244800 теңгеге дейін өсті. Облыста 389 денсаулық сақтау нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Баспасөз туры барысында журналистер облыс орталығының бірқатар денсаулық сақтау нысандарында болып, жұмыс барысымен егжей-тегжейлі танысып қайтты. Іс-шараның мақсаты – облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдарды аралап, саладағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бақылау. Турдың алғашқы кезеңі облыстық көпсалалы ауруханасының жұмысынан бастау алды. Бас дәрігер Марат Жұманқұлов емдеу мекемесіне экскурсия жүргізіп, әр бөлімнің қыр-сырымен таныстырды. Мұнда денінің саулығына сауға сұрап келген емделушілер облыс бойынша қайырылып, емделіп жүр. – Клиниканың құрамында тәулік бойы жұмыс істейтін 12 клиникалық бөлімше бар. Аурухана 385 төсекке арналған, оның 10-ы ақылы және 35 күндік. Барлығы да өз деңгейінде, тиісті дәрежеде халыққа емдік, хирургиялық-медициналық қызметтер көрсетуде. Жақында құрылғанына 150 жыл толатын ауруханада бүгінде заманауи құрылғылар мен инновациялық технология жетістіктері мен көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлық деңгейге жоғарылаған. Облыстағы ірі емдеу мекемесі жүрек ауруларын емдеу мен хирургиялық оталар жасау, сапа биіктігі мен жетістігі жағынан алдыңғы орында. Мамандарымыз түрлі шет мемлекеттің тәжірибесінен өтіп келген, біліктілігі мен білімі сай мықты дәрігерлер, – деді бас дәрігер. Ауруханаға саяхат жасау барысында орталықтың тарихы туралы сала ардагері Сағындық Ордабеков әңгімелеп берді. Келесі кезекте делегация облыстық перинаталдық орталыққа барды. Ондағы бас дәрігер Асхат Сейтжанов тілшілер қауымын жүкті әйелдерге, босанатын әйелдер мен босанған әйелдерге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерімен таныстырды. Заманауи жабдықтармен жабдықталған мекеме өңірдегі ең үлкен перинаталдық орталық. 2015 жылы ашылған ғимараттағы ақ халаттылар әйелдің ана атанар бақытты кезеңі үшін жан аямай еңбек етіп, бала мен ананың қауышар сәтінің қиындықсыз өтуіне атсалысады. – Жобалық қуаты 275 орынға есептелген бұл орталықта жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге, ауыр патологиясы бар босанған әйелдерге, жаңа туған балаларға, оның ішінде туа біткен ақаулар кезінде хирургиялық көмекке мұқтаж балаларға және гинекологиялық науқастарға мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Орталық мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсету кезінде облыстағы жалғыз 3 деңгейлі болып табылады. Бүгінде 500 грамм болатын нәрестеге де күтім жасалып, орталықтан аман-есен үйлеріне шығарылуда, – деді Асхат Сламбекұлы. Нәрестелер күтімі бөліміндегі құрылғылардың іске асқанын бақылаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мұндағы дүние есігін ерте ашып, 500 келі болып туылған бөпенің аппарат ішінде салмақ қосып, толысқан сәтін күтіп жатқанының куәсі болды. Бұл емханада одан бөлек қандай да бір ақаумен дүниеге келген бөпелер мен әлдебір дертке дауа іздеген нәрестелі аналардың сыр берген денсаулығына ем-шара жүргізіледі. Баспасөз туры өз саяхатын облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығында жалғастырды. Заманауи орталықтың бас дәрігері Айваз Әлиханов онкологиялық ауруларды диагностикалауға көмектесетін хирургиялық, реанимациялық, химиотерапиялық, радиотерапиялық, емханалық, диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ, клиникалық, биохимиялық, цитологиялық, гистологиялық зертханалар туралы ақпарат берді. Мұнда сызықтық үдеткіш, МРТ, КТ, рентген аппараты, цифрлық маммограф, бейнегастроскоп, бейнеколоноскоп, бейнебронхоскоп және сарапшы-класс УДЗ аппараттары жұмыс істеп тұр. – Аймақтағы заманауи сызықтық үдеткіш, яғни нүктелік сәулелік емдеу бірінші рет қолданылды. Болашақта аталған аппараты жоқ көрші Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларынан науқастарды қабылдаймыз. Орталықта ең жаңа жабдықтармен және Карл Сторц лапароскопиялық тірекпен жабдықталған төрт операциялық зал бар. Бұл бір уақытта 4 операцияны жүргізуге мүмкіндік береді. Онкогематологиялық, гинекологиялық бөлімшелерді, паллиативтік көмек бөлімшесін және кеуде хирургиясы бөлімшесін қосымша ашу жоспарлануда, – деді бас дәрігер. Жиын соңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова саланың өңір халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы баяндама жасады. – Кадр тапшылығын жабу бойынша шаралар қабылданды. Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін Санжар Асфендияров атындағы жергілікті атқарушы органның гранты бойынша 42 жалпы медицина маманы оқиды. Аталған университетте жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 2022 жылы 16 дәрігер, ағымдағы жылы 19 дәрігер жұмысқа келді. Республикалық бюджеттен біздің өңірге 90 маман дайындалуда. Бүгінгі таңда облысқа 60 жас маман келді, – деді Жанар Мықтыбекқызы.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар